«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮГЕДЕКТЕРГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ КҮШЕЙТІЛУ ҮСТІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы облыс әкімі Самат Ескендіров Елбасының “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және жұмысқа орналастыруға қатысты тапсырманың жүзеге асуына байланысты жиын өткізді. Оған мемлекеттік органдардың, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің және кәсіподақтардың облыстық кеңесінің өкілдері қатысты. 

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жиынды ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров:

– Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше қолдау көрсету керектігін баса айтқан болатын. Сол тапсырманы жүзеге асыру мақсатында “Кедергісіз болашақ” жобасы аясында төрт бағыт бойынша жұмыс жүргізу қолға алынды. Біріншіден, мүгедектерді тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда облыс бойынша жұмысқа жарамды жастағы мүгедек адамдардың саны 5 мыңнан астам болса, олардың 1986-сы (37,4 пайыз) жұмыс істейді. Екіншіден, партия тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз жағдай жасалатын болады. Сондай-ақ білім алуға байланысты мәселелер де өз шешімін табады. Өткізген тексерістердің қорытындысына сәйкес 2,5 мың нысанның 67-сі (3 пайыз) – мүгедектер үшін қолжетімді, 1581-і (61 пайыз) – ішінара қолжетімді, ал 937-сі (36 пайыз) қолжетімсіз екендігі мәлім болды. Үшіншіден, халықты ақпараттандыруды арттыру басты бағыт болып табылады. Бұл жұмыс қоғам мен бизнестің назарын мүгедектердің проблемасына аударуға, “ынтымақтастық рухты” қалыптастыруға бағытталған. Төртіншіден, мүгедектердің құқығын барынша тиімді жүзеге асыру үшін құқықтық өріс қалыптастыру керек, – деді.

Бүгінгі таңда облыста мүгедек адамдардың өздерін басқа азаматтармен тең сезінуі үшін белсенді шаралар қолданылуда.  

–Партия төрағасы – Елбасының тапсырмасына сәйкес әрбір апта сайын, сәрсенбі күні мүгедек жандар үшін Бірыңғай қабылдау күні өткізіледі. 22 қаңтар мен 18 ақпан аралығында 107 мүгедек қабылданды. Олардың 48-і жұмысқа орналасуға байланысты өтінішпен келсе, бүгінгі таңда олардың барлығы оң шешімін тауып, бәрі де жұмыспен қамтамасыз етілді. Бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастыру керек, – деді Самат Сапарбекұлы.

Жоғарыда атап өткен бағыттарға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереев хабарлама жасады. Оның сөзіне сүйенер болсақ, жыл басынан бері аталмыш мекемеге өтініш жазған 71 мүгедектің 69-ы жұмыспен қамтылыпты. Оның 18-і тұрақты жұмыс орнына орналастырылған. Қазірдің өзінде 38 мекеме мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бос орындар ұсынып отыр екен. Сонымен қатар жиын барысында биыл Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры мен қуыршақ театрына пандустар орнату үшін екі жобаның қолға алынғандығы, қоғамдық көліктерде жүріп-тұру үшін мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып жатқан қолайлы жағдай, ҰОС ардагерлері мен мүгедектерге арналған “ Әлеуметтік таксидің” жұмысы сияқты маңызды мәселелер де айтылды.

Сондай-ақ жиын барысында облыстық Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова мектеп жасындағы мүгедек балалардың жалпы жағдайы жайында мәлімет берді. Бүгінде облысымызда 2053 бала мүгедектер санатында екен. Оларға қызмет көрсететін логопед мамандар саны 59 болса, түзету мектеп-интернаты – жетеу.

Облыс әкімінің мүгедектер жұмысы жөніндегі кеңесшісі Владислав Демьянов кембағал адамдарды жұмысқа орналастыру кезінде кездесетін түрлі мәселелерге байланысты ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Оны мұқият тыңдаған өңір басшысы Владислав Геннадьевичтің аудандардағы әріптестерімен қарым-қатынасты күшейтіп, осы бағыттағы жұмыстардың жүзеге асуына барлығының бір адамдай атсалысуы қажеттігін айтты.

Жиынды қорытындылаған Самат Ескендіров төрт бағыт бойынша атқарылатын жұмыстардың сапалы түрде орындалуы үшін жұмыла жұмыс істеу қажеттігін атап көрсетті.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp