«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХЫН БІЛГЕННІҢ ТАНЫМЫ ТЕРЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бүгінде елімізде қазақ жерін мекендеген өзге этнос өкілдерінің салт-дәстүрін, тілін, тарихын, әдебиетін сақтауға себін тигізетін мектеп, театр, газет, телерадиобағдарламалар жұмыс істейтіні белгілі. Этникалық топтардың мәдениетін біріктіруге бағытталған бұл саясаттың өміршеңдігін уақыт өзі дәлелдеп берді. “Қажет”, “қажет емес” деп дауласудың өзі артық. Біздің өңірде қоныстанған өзге этнос өкілдері мәдениеттерін жаңғыртуда еш қысастық көріп отырмаса да, тарихи әдебиетке зәру. Осы орайда еңселерін тіктеген, жұмыс аяларын кеңейтуге талпынған этнобірлестіктер өздері жайлы деректерді жинастырып, кітап шығаруды қолға алды.

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы құрамындағы еврей мәдениеті және “Дуслык” татар-башқұрт этнобірлестіктері Солтүстік Қазақстан облысындағы тыныс-тіршіліктері жайлы баяндаған кітаптарды шығарды. 2001 жылы еврей мәдениеті қоғамдық бірлестігінің бір жылдары төрағасы, кейін оның орынбасары қызметін атқарған Марк Виткиннің “Солтүстік Қазақстан облысының еврейлері”, 2004 жылы “Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінің төрайымы болған Раиса Бикмухаметованың “Қазақстанның солтүстігіндегі татарлар” атты кітаптары жарық көрді. Аталмыш кітаптарды қарап отырсаңыз, олардың өз тарихына шөлдегендіктері анық сезіледі. Ел алдында да, ұрпақ алдында да этностық келбетін танытудың өмірлік маңызы зор ғой.  

Мәселен, “Солтүстік Қазақстан облысының еврейлері” атты кітапты жазған Марк Виткин марқұм энергетик еді. Мамандығы бойынша қолына қалам ұстап, солтүстікқазақстандық еврейлер туралы дерек жинар адамға ұқсамаса да, өз этносының жергілікті жердегі тұрмыс-тіршілігін жазуды өзіне міндет санаған. Оны өзі де аталмыш кітаптың алғысөзінде былай баяндайды: “Оқырманда автордың, кәсіби энергетиктің мамандығынан тыс, өзге іспен айналысуына не түрткі болды деген сұрақ туындары сөзсіз. Біріншіден, бұл – “Мицва” Қазақстанның еврейлер қоғамдастығының облыстық қоғамдастықтарға берген Қазақстан Республикасындағы еврейлердің тарихын құруға бағытталған тапсырмасы. Екіншіден, біздің қоғамдастықта кәсіби тарихшы, филолог жоқ, ал өзге мамандық иелері ішінен бұл тыңды көтеруге ықылас танытқандар болмады. Ұсынылған тақырыптың қиындығы – аумақтық-өңірлік әдебиетте белгілі бір ұлтқа арналған этнографиялық мәндегі кітаптың жоқтығы. Мұрағат құжаттарын іздестіруде де осындай жағдай. Себебі, кейбір еврейлер белгілі жағдайға байланысты өз ұлтын жасыратын (Кеңес Одағы кезінде)” деп жазады.

Осы бір абзацтан кешегі мен бүгінгі жағдайдың айырмашылығы жер мен көктей екенді гі тайға таңба басқандай. Бір кездері құжатына өз ұлтын көрсетуге қорыққан этнос бүгін өз тарихын жазып, кімнің кім екенін көрсетіп, кейінгі ұрпағына бағыт-бағдар қалдыруда.

Осы өңірде туған, саналы ғұмырының 70 жылдайын Петропавл қаласында өткізген Марк Павлович өз этносына қатысты естігенін, оқығанын, көргенін, соңғы жылдары көкейіне түйгенін баяндайды. Әсіресе, кімдерді “еврей” санатына жатқызатындығы жөнінде “Еврей. Христианство. Россия” кітабының авторы А.С.Кацаға сілтеме жасай отырып: “Адамның ұлтын анықтау жолы әртүрлі екенін көріп отырмыз. Мысалы, белгілі және бәрінің сүйіктісі болған Андрей Миронов (РСФСР халық әртісі, еврей А.С.Менакер мен орыс М.В.Миронованың ұлы) Інжіл заңы бойынша еврей ретінде есептелмесе, өз еркі бойынша – орыс, ал ұлтшылдық көзқараспен аралас некеден туған деп есептеледі” деген. Осы орайда өз еңбегіндегі кейіпкерлер таза еврейлер мен орыстілді, тәрбиесі орыс мәдениеті бойынша қалыптасқан аралас некеден туғандар екенін ашық атап өткен Марк Виткин олардың шыққан тектерін ұмытпауларын өтінгендей. Ал өзге этностарға олар жайлы өзгелер ғана емес, өздерінің де жетік білгені дұрыс екендігін айтып, өз тарихтары жайлы кітап шығаратынына сенім білдірген.

Артынша 2004 жылы жарық көрген “Қазақстанның солтүстігіндегі татарлар” кітабында автор Раиса Бикмухаметова: “90-шы жылдардың басында қоғамның демократиялануы, Президент Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы тұрақтылық пен этносаралық келісімді сақтауға мүмкіндік беріп, ұлттың дамуы мен мәдени жаңғыруына септігін тигізді” деп атап өтті. Бұл – бұлтартпас шындық. Осының арқасында Қазақстан Тәуелсіздігін алып, зайырлы, құқықтық-демократиялық қоғам құру жолына түскеннен кейін тынысы ашылған этностар өзін-өзі тануға мүмкіндік алды. Осы күнге дейін талай мәрте айтылғандай, Ассамблея құрылғаннан бері әр ұлт өзін-өзі тануға күш салса, бүгін олар өздерінің жұмыс аясын да, таным-түсінігін де кеңейтулері қажет. Бұл – елдің мүддесі үшін жұмыс істеу қажет деген сөз. Уақыт талабы сол. Осы орайда бәрінің басын қосатын біріктіруші ұлт ретінде бұл міндетті де өз мойнымызға алдық. 2011 жылы облыс орталығындағы “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығы мемлекеттік тапсырыс негізінде “Солтүстік Қазақстан облысында өмір сүріп жатқан этностардың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары” кітабын шығарды. Көпэтносты Қазақстанның ендігі саясаты – осы күнге дейін орнаған және сақталған келісім мен бірлікті сақтап тұру ғана емес, азаматтарын рухани тұрғыдан байыту. Бұл қалай жүзеге аспақ? Бір-бірімізді тереңірек тану арқылы. Осы мақсатпен жарық көрген аталмыш кітапта Солтүстік Қазақстан облысында өмір сүретін 18 этностың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары баяндалған.

– Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы құрамындағы этнобірлестіктердің жетекшілерінің барлығы бірдей тарихшы, әдебиетші емес. Олардың көбі – кәсіпкерлер немесе басқа саланың мамандары. Олар өз салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын білгенімен, оны зерттеп, жинақтап жазуға шығармашылық мүмкіндіктері жоқ. Осы орайда ел мен жердің иесі ретінде ассамблея құрамындағы этностардың мәдениетімен таныстыратын кітапты шығаруға бел будық. 200 данамен жарық көрген кітапты барлық этнобірлестіктерге, аудандарға тараттық. Көптеген этнобірлестіктердің жетекшілері алғыстарын айтуда. Бұл біздің өзгелерді тануымызға да мүмкіндік берді. Сондай-ақ әр этнобірлестік өкілдері өздері жайлы ғана емес, өзгелер туралы да тереңірек біле алады. Біздің көздегеніміз де осы еді. Қазақстан, ең алдымен, қазақ ұлтының мемлекеті болғандықтан, мұндағы тыныштықтың баянды болуына да зор үлесті өзіміз қосуымыз керек, – дейді “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрағасы Сағындық Салмұрзин.

Бүгінгі тыныштық бізге мәңгіге, біржола берілген, үндеспей, шай деспей өмір сүреміз деу айтуға ғана оңай. Ол тыныштықты әрбір Қазақстан азаматы күн сайын емес, сәт сайын қорғауы тиіс. Ал өзге этнос өкілдерінің өздерінің қазақ жеріне келу, өмір сүру тарихын тереңнен білгені де дұрыс. Өткенін білгендер бүгіннің қадірін түсініп, Тәубелерінен таймайды ғой деген ой келеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp