Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салған қылқалам шебері, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 110 жыл толып отыр. Суретшінің мол мұрасы келер ұрпаққа үлгі-өнеге. Туған жері мен өскен елін перзенттік сүйіспеншілігімен нақыштай білген біртуар суреткердің бірнеше туындысы облыстық бейнелеу өнері мұражайында сақтаулы.
Жібек ЖҮЗЕНОВА,
облыстық бейнелеу өнері
мұражайының қызметкері.
Бейнелеу өнері мұражайында Әбілхан Қастеевтің шығармашылығына арналған “Атамекен” атты ретроспективтік көрме жасалған. Бұл оның негізгі экспозициясы болып есептеледі. Сондай-ақ бұл топтаманы есімі елге танымал Н.Хлудов, Н.Крутильников, А.Черкасский, Ж.Шарденов, С.Мамбеев, А.Ысмайылов сияқты көптеген қылқалам шеберлерінің туындылары толықтырады. Ал негізгі орын Әбілхан Қастеевтің туындыларына бөлінген. Мұражай қорында суретшінің сегіз туындысы сақталған. Олар акварель және майлы бояулармен салынған. Бұл суреттер мұражай қорына 1985-89 жылдар аралығында Қазақ КСР Суретшілер одағынан және көркемөнер көрмелері басшылығынан түскен. Бүгінгі күні бұл туындылар мұражайдың ғана емес, жалпы өңіріміздің мақтанышы десек, қателеспейміз.
Әбілхан Қастеевтің суретші ретінде қалыптасуына оның бала кездегі өмірі тікелей әсер етті. Бала Әбілхан сезімтал, зерек болған. Жастайынан әкесінен айрылған ол өмірдің ащы-тұщысын бірдей көрген. Өрісте мал бағып жүріп, дала тастарынан түрлі, мүсіндер жасайтын. Сонысы үшін тіпті, ауыл ақсақалдары мен молдаларынан бірнеше рет қатты сөз естіген. Себебі, тірі жанның бейнесін жасау ол кезде үлкен күнә болып есептелген. Бір күні мүсін жасап отырып, іске қызыға кірісіп кеткені соншалық – бағып жүрген қойларынан айрылып қалып, қатты соққыға жығылған екен. Өнерге деген даңғыл жолы, міне, осылай басталған. Өмір жолында қандай қиындық кездестірсе де, өнер жолынан таймаған.
20-шы жылдары көрші балалармен бірге әріп танып жүрген кезі. Қолына Мәскеудегі Пушкин атындағы өнер мұражайының альбомы түсті. Онда сурет өнерінің түрлі жанрлары бейнеленген еді. Сурет салу, кескіндеме, мүсін өнерінің не екенін көріп, өнерге деген қызығушылығы одан бетер ояна түсті. Осыдан бастап арманы тек сурет салуды үйрену болды. Оның бейнелеу өнеріне алғаш қадамы 1929 жылы басталды. Ол кезде Әбілхан Қастеев Түрксіб құрылысында қызмет етеді. Қасындағы жолдастарының портреттерін салып, құрылыс көріністерін қағаз бетіне түсіреді. Өнеріне тәнті болған қызметтес жолдастарының ықпалымен ол оқуға түсті.
“Әуелі табиғат – суретші. Біз оған жан бітіріп, сөйлетеміз, – деген Әбілхан Қастеев мыңдаған суреттері мен полотноларында Қазақстан табиғатын тамаша бейнелеген. Сол үшін оны “Туған жер табиғатының жыршысы” деп атап кеткен. Әлемге әйгілі америкалық суретші Рокуэл Кент суретшінің туындыларын көргенде: “Қастеев шығармаларын көріп, кең-байтақ Қазақстанды аралағандай әсер алдым”, – деген екен. Егер де суретшінің суреткерлік қырын талдап қарайтын болсақ, Әбілхан Қастеев жанр жағына келгенде барлығын бірдей ұстанған. Бірақ жанрлық композицияларға көбірек көңіл бөлген. Ол үшін табиғат пен адам біртұтас.
Суретші өмірде өте адал, шындықты ту еткен, ұқыпты, турашыл адам болды. Көп сөзді жақтырмайтын, қалжыңдасуды ұнатқан. Әріптестеріне асқан ілтипат білдірсе, жастарға асыл аға, ұлағатты ұстаз бола білді. Ол суретші ғана емес, қоғам қайраткері де болды. Екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Қолынан келгенше халықтан көмегін аяған емес. Осы қасиеті үшін халық арасында ол зор құрметке ие болды. Бейнелеу өнеріндегі өлшеусіз еңбегі бағаланып, 1944 жылы Қазақстандағы суретшілер арасында тұңғыш болып Халық суретшісі атағына ие болды. Қазақ КСР Суретшілер одағына 10 жылдан астам уақыт бойы жетекшілік етті.
Көзі тірісінде Әбілхан Қастеев 200-ден астам көрмеге қатысқан екен. Сол көрмелердегі туындылары өз ұлтының ұғымына тән бояумен, талап-талғаммен бейнеленген. Қылқалам шеберінің шығармалары елімізде ғана емес, сондай-ақ АҚШ, Канада, Бразилия, Франция, Индонезия, Үндістан, Венгрия, Югославия, Польша, Болгария, Моңғолия секілді шетелдерді де аралап шықты. Көшелер Алматы қаласындағы Қазақстанның мемлекеттік өнер мұражайы, көркемсурет мектептері оның есімімен аталады.
Артына мол мұра қалдырған суретшінің шығармашылығымен танысам деушілерге бейнелеу өнері мұражайының есігі ашық.