«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮЛКІ ҚАСҚЫРҒА ҚАЛАЙ ТОН ТІКТІ? (Орыс халқының ертегісі)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жас достар, газетіміздің “Балалар әлемі” қосымшасынан бұған дейін де әлем халықтарының тәлім-тәрбие берер талай ертегілерін оқып келдіңіздер. Біз сол дәстүрімізді жалғастыра отырып, енді “Әлем халықтарының ертегілері” деген жаңа айдар ашып, соның аясында еліміздегі ынтымағы жарасқан ұлт пен ұлыстардың ертегілері, ғибратты әңгімелерін жариялап отыруды жөн көрдік. Егерде, балалар, сондай ертегілердің бірін өздеріңіз де білсеңіздер, газетімізге жолдаңыздар. Бірлесе оқиық. Бұл жолы Сіздерге орыс халқының ертегісін ұсынып отырмыз. 

Қыс кезі екен. Бір қасқыр орманда келе жатып, ағашты тоқылдатып отырған тоқылдаққа: – Дамыл таппай, ағаштарды тоқылдатып ұра бересің, ұра бересің. Сонда да өмір бойы өзіңе бір үй сала алмай келесің, – дейді.  

Тоқылдақ қасқырға:

– Әуелі өзіңе қарасайшы. Малдарды ұстап алып жей бересің, жей бересің. Сонда да өміріңде сол малдардың терісінен әлі бір тон киген жоқсың, – дейді.

Қасқыр бұл сөзге ойланып қалады. Тоқылдақ дұрыс айтып тұр деп түсінеді.  

Содан кейін қасқыр түлкіге барады:

– Түлкіжан, мен саған бірнеше қой алып келіп берейін. Сен маған тон тігіп берші, – дейді.

Түлкі келіседі. Қасқыр түлкіге бір қой әкеліп береді. Бірақ түлкі тонды тігіп бере қоймайды. Екінші қойды әкеліп береді. Бірақ тон әлі жоқ. Қасқыр түлкіге үшінші қойды да алып барады. Одан кейін де азды-көпті уақыт өтеді. Ал түлкінің оған “Мінекей, тоның дайын болды”, – деп бере қоятын түрі жоқ. Түлкі қойлардың етін өзі жеп, жүнін базарға апарып сатып жүреді.

Бір күні қасқыр ашуланып оған:

– Ей, түлкі, менің тоным қашан дайын болады? – дейді.

Түлкі қолын қусырып:

– Қасеке, тоныңыз кешке қарай дайын болып қалады. Тонның жиектерінде шығып тұрған жүндерді көмкеру ғана қалды. Соған жылқының құйрық қылы керек. Адамдардың арасына барыңыз. Солардың біреуінің жылқысын алып ұрып, құйрығын алып келіңіз, – дейді.

Содан қасқыр бір үйдің ауласына жақындайды. Ауланың ішінде бір жылқы тұр екен. Жылқының артынан ептеп жақындайды. Әбден жақындаған соң жылқының артқы бір аяғынан бас салады. Сол кезде жылқы қасқырды теуіп-теуіп жібереді. Темірдей қатты тұяқ қасқырдың тура тұмсығынан тиеді. Қасқыр жараланып қалады…

Осылай боларын алдын ала білген қу түлкі қасқырды айласымен алдап соғыпты.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp