Галина РЫБИЦКАЯ,
“Полония Пулноцна” поляк мәдени-ағарту қоғамының төрайымы.
Келлеровка ауылындағы “Полония Пулноцна” поляк мәдени-ағарту қоғамы 1991 жылы құрылған еді. Ол кезде қоғамға Анатолий Сикорско жетекшілік етті. Ал 1993 жылы қоғамның төрайымы ретінде Розалина Зелевская сайланып, “Подолянки” поляк вокалдық тобы құрылған еді. 1991 жылдан 2012 жылға дейін “Полония Пулноцнаның” жұмысымен Галина Вержбицкая айналысса, қазір бұл міндет менің мойныма жүктелген.
Біз аймақтық, облыстық және аудандық мәдени шараларға қатысып, өз этносымыздың дәстүрін насихаттаудамыз. Осы орайда поляк ұлттық мерекелерін ұйымдастырып, оны тамашалауға ниет танытқандардың барлығын шақырамыз. Әр кісіге есігіміз ашық. 23 жылдан бері поляк мәдени-ағарту бірлестігі ересектерге де, балаларға да ана тілін үйрету жұмысын жалғастырып келеді. Мәселен, Келлеровка ауылында поляк тілін оқытатын сынып ашылып, онда тарихи Отанымыздан келген мұғалімдер сабақ берді. Ал 2001 жылдан бері бұл жұмысты Көкшетау мемлекеттік университетінің түлегі Татьяна Башиская атқаруда. Татьянаның өзі де поляк тілін жетілдіру үшін Польшадағы жоғары оқу орындарында ұйымдастырылатын курстарға барып тұрады. Жыл сайын балалардың оқу конкурстары, көркемөнерпаздардың қойылымдары ұйымдастырылады. Біздің балаларымызға жаз айларындағы демалыстарын Польша Республикасында тегін өткізуге мүмкіндік жасалған. Орта мектепті тамамдағаннан кейін жастарымыз Польшаның орта мамандандырылған және жоғары оқу орындарында білім алады. Олар жеңілдік негізінде оқуға түседі және стипендия алады.
Ал осыдан 11 жыл бұрын құрылған “Подолянки” вокалдық тобы ауыл, аудан, облыс көлемінде өткізілетін шараларда жиі өнер көрсетеді. Сондай-ақ Көкшетау қаласында өткізілетін “Поющия Полония” фестиваліне де қатысамыз. Үстіміздегі жылы аталмыш фестивальға қатысу үшін дайындықты бастап кеттік. Жалпы вокалдық топтың репертуарында поляк, қазақ, орыс, украин тілдеріндегі ұлттық әндер бар. 20 жылдан астам тарихы бар поляк мәдени-ағарту қоғамы 2011 жылы мерейтойын да атап өтті. Оған Польша Республикасының еліміздегі елшісі Яцек Ключковский қатысты. Мерейтойымызды атап өту үшін шығармашылық есеп беріп, поляк тағамдары қойылған дастарқан жайдық. Дастарқан басындағы кездесуде “Полония Пулноцна” қоғамының мүшелері өздері жайлы баяндады. Облыстың қоғамдық өміріне белсене араласатын қоғамның мүшелері әр жылдары грамоталармен, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл біздің атқарып жатқан жұмысымызға берілген баға деп білеміз. Осы орайда елдегі бірлік пен тыныштықты сақтауға және насихаттауға бар күш-жігерімізді салудамыз. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында да этносаралық бірлік пен келісімге тоқталып: “Жаңа қазақстандық патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр. Президент Әкімшілігіне, Үкіметке Қазақстан халқы Ассамблеясына “Қазақстан – 2050” жалпыұлттық қозғалысымен бірлесіп, “Мәңгілік Ел” патриоттық актісін әзірлеп, қабылдауды ұйымдастыруды тапсырамын. Біз өз халқымыздың игілігі жолында ұлы мақсаттарды алға қоямыз, сондықтан мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барша қазақстандықтарды 2050 Стратегиясының басты мақсатына жету жөніндегі жұмысқа белсене қатысуға шақырамын!” – дегенін әрқайсымыз өзімізге қарата айтылғандай қабылдадық. Бүгін де біз осы бағытта атқарар жұмыс жоспарымызды құрудамыз.
Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды.
Тайынша ауданы.