Солтүстікқазақстандық әмбебап полицейлер “Қауіпсіз қала” жедел-алдын алу шарасын қорытындылады.
11-13 ақпан аралығында әмбебап полицейлер күшейтілген түрде қызмет етті, аталмыш шараға сыртқы қызметтердің 650 маманы, сондай-ақ полицияның ерікті көмекшілері қатысты. Олар қоғамдық тәртіпке қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу, жедел жағдайды жақсарту, қылмыстық әрекетке бейім тұлғаларды анықтаумен айналысты. “Қауіпсіз қала” аясында жол-патруль инспекторлары жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды бақылауды күшейтті. Нәтижесінде операцияның үш күні ішінде рульге мас болып отырған 29 адам ұсталды. Қоғамдық тәртіпті бұзған тұрғындарды анықтау бойынша да белсенді жұмыс жүргізілді. Петропавл қалалық ІІБ бөлімі бастығының орынбасары Сайран Сәркеновтің айтуынша, үш күн ішінде 44 азамат алдын алу есебіне алынып, 278 адам түрлі баптар бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Тұрғылықты мекенжайы жоқ 217 азамат ІІБ-нің қабылдау-тарату бөліміне жеткізілді.
Мұндай жұмыс облыстың барлық аудандарында өткізілді. Әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Серік Шәйінов атап өткендей, облыста 1259 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, солардың ішінде 69-ы – отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас бойынша. Қоғамдық орындарда мас күйде жүрген – 520, шағын бұзақылық жасаған 87 кісінің үстінен хаттама толтырылды. Тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатынсыз жүрген 280 адам анықталған. Бұдан басқа полицияның учаскелік инспекторлары қаруды алу, сақтау және пайдалану тәртібін бұзғаны үшін – 9, ал оның ережесін бұзғаны үшін 34 тұрғынды жауапкершілікке тартты.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.