“Үздік жас мемлекеттік қызметші” облыстық кәсіби шеберлік конкурсында облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкері Мақпал Шібитова үшінші орынды олжалады. Үздіктер қатарынан көріне білген әріптесіміз дипломмен және планшетпен марапатталды.
Мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеру және осы салада еңбек етіп жүргендерді ынталандыруды көздеген сайысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі мен облыстық әкімдік бірлесіп ұйымдастырған болатын. Аталмыш сайысқа қатысуға жасы отыздан аспаған 22 жас маманнан өтініш түсіп, оның 16-сы берілген тақырып бойынша эссе жазған. Жас мамандардың қатарында әріптесіміз – ұйымдастыру-кадрлық жұмыс бөлімінің бас маманы Мақпал да болған.
Сайыс екі турдан тұрды. Қатысушылар шығармашылық, пікірталас, зияткерлік сияқты сынақтарда бақтарын сынады. Ең алдымен жас мемлекеттік қызметшілер шығармашылық дарындарын ортаға салды. Жарыс талабы бойынша үміткерлер арнайы таңдап алынған тақырып бойынша эссе жазды. Өз шығармасында жаңа қазақстандық патриотизм жайында қалам тербеген Мақпал келесі кезеңге еш қиналмастан өтті.
Бірінші кезеңнен сүрінбей өткен он қатысушы үш кезеңнен тұрған екінші турда да үздік атануға тырысып бақты. “Шығармашылық сайыста өзім жайында орыс тілінде таныстырдым, поэтикалық таныстырылым карточкаларымды қазақ және ағылшын тілдерінде дайындадым, – дейді Мақпал. – Шығармашылық конкурстың соңын Жұбан Молдағалиевтің әйгілі “Мен қазақпын” поэмасымен қорытындыладым”.
Екінші кезең – дебат турнирі. Бұл кезеңде әріптесіміз “Интернет кітапқа қызығушылықты жояды” деген тұжырымға “оң” және “қарсы” уәждер келтіріп, дәйекті де нақты ұсыныстар берді. Ал соңғы зияткерлік турында ұйымдастырушылар ережеге сай қатысушыларға қазақ және орыс тілдерінде сұрақтар қойса, үміткерлер оған тез әрі дұрыс жауап беру керек болды. Қойылған сұрақтар негізінен “Қазақстан – 2050” Стратегиясы, Қазақстан тарихы тақырыбында болды.
Аталмыш сайыста жеңімпаз атанбаса да, Мақпал біраз тәжірибе жинақтағанын, алдағы уақытта осындай сайыстарда барын салып, топ жаратындығына сенімді.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.