«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ АСХАНАСЫ БАР АРУ ҮШ АСХАНАСЫ БАР АРУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақсы аспаз болу да өнер. Біріншіден, ол асқан дәлдікті қажет етеді, екіншіден, өз ісіне беріле істейтін аспаздың кез келген тағамды тіл үйіретіндей дәмді ететін ерекше бір сыры және тамақты әдемі етіп безендіре алатын шығармашылық қабілеті болу керек. Осындай ерекшеліктердің барлығын бір бойына жинай білген іскер әйелдердің бірі – облыс орталығындағы қалалық классикалық гимназия асханасының иесі Нұрсұлу Тюгумбаева. Осы салада табан аудармай он жеті жыл еңбек етіп келе жатқан онымен сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

– Нұрсұлу Жасланқызы, алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз?

– Мен – Жамбыл ауданының тумасымын. Балалық шағым Пресновка ауылында өтті. Кейін отбасылық жағдайға байланысты Ресейге көшіп кеттік. Сол жақта орта білім алдым, қатарластарымнан қалмай еңбек еттім. Сөйтіп жасым келгенде тұрмыс құрдым. Жұбайым Қанат Қаскенұлы осы жердің тумасы болған соң екеуміз бірге қол ұстасып, облыс орталығына көшіп келдік. Бұл тоқсаныншы жылдар болатын. Жұмыс жоқ, жарықтың өзін сағатпен беретін бір қиын кездер болды ғой, есіңізде ме? Сол кезде біз сияқты жас отбасыларға да оңай болған жоқ. Қолымызда кішкентай баламыз бар, оны бағып-қағу керек. Киім, тамақ қайда? Бәрі ақшаға келіп тірелмей ме? Осындай қиын уақытта жұбайыма бір көмегім тисін деп дүкенге сатушы болып орналастым. Осыдан менің еңбек жолым басталды десе де болады.

– Сатушы болудан бастадым дейсіз, бірақ бүгінде біз Сізді басқа қырыңыздан танып отырмыз ғой.  

– Сатушы болып көп жұмыс істеген жоқпын. Өзімнің жұмысымды бастағым келді. Мен табиғатымнан тамақ дайындауға өте жақынмын. Асүйде жүріп, қандай тағамның болсын дәмін татып көрсем болды, жетпей тұрған, я болмаса көп салынған нәрсесін бірден сезіп қаламын. Тамақ дайындауға табиғатымнан жақын болған соң бәрінен де осы мамандықты таңдадым. Ол кезде қазақ мектептерінің жаңа ашылып жатқан кезі ғой. Үлкен дүние бастауды қалтам көтермеген соң Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ мектебіндегі оқушыларға күнде жылы бүйрек нан пісіріп апарып сататын болдым. Мектепте ол кезде асхана әлі жоқ болатын. Және оған жағдай да болмады ғой. Балаларға апарған бүйрегім дәмді, жұмсақ болу үшін түн ортасында тұрып, нан ашытып қоямын. Ертемен тұрып, оны істеп, кішкентай табаға толғанша майын құйып, сапсары етіп домалатып аламын. Өзіңіз ойлаңызшы, бір мектептің оқушыларына қанша бүйрек дайындау керек? Аз емес, иә?! Оны сөмкеге толғанынша салып, автобуспен мектепке апарамын. Осылай ерінбей күнде істейтінмін. Қазір қарап отырсам, бүгінгі қол жеткізген жетістігімді үш литр май, бір шелек ұнмен бастаған екенмін. Себебі, бүйрек нан дайындау үшін күніне осынша зат кететіні әлі есімде.

– Қателеспесем, сол аталмыш мектепте кейін Сіз асхана аштыңыз?

– Иә, біраз еңбектеніп, жағдайымыз жақсарған соң алтыншы мектепте асхана аштым. Содан бүйрек қана емес жылы тамақ дауындаумен де айналысатын болдым. Осылай ақырындап, қиын күндер артта қалып, еңбегім өніп, жұмысым алға баса бастады. Енді ойлап қарасам, сол алтыншы мектепте тура он жеті жыл жұмыс істеген екенмін.

– Сонда қазір ол мектептен кетіп, классикалық гимназия асханасының жұмысын қолыңызға алдыңыз ба?

– Осынша жылдан кейін өзім бастаған жұмысты қалайша тастап кетемін? Керісінше, осы салада қанатымды кеңінен жая бастадым. Яғни, енді бір ғана алтыншы мектеппен шектеліп қалмай, басқа оқу орындарында да өз жұмысымның тамырын жайсам деген ой келді. Сөйтіп, СҚМУ-дің ішінен асхана аштым. Оған да қазір бес жылдың жүзі болыпты. Бұл менің екінші баспалдағым еді. Ал бір жылдан бері осы қалалық классикалық гимназияның асхана жұмысына басшылық етіп отырмын.

– Бүгінгі таңда Сіздің басшылығыңызбен үш асханаңыз жұмыс істеп тұр, оның барлығының жұмысын қадағалау қиын емес пе?

– Оңай шаруа емес, әрине. Бірақ мен өз жұмысымды жақсы көремін. Сондықтан шығар, шаршап-шалдығу дегенді білмеймін, әсте. Керісінше, заман ағымына сай болғанды қалаймын. Менің жұмыс күнім асхана жұмыстарын аралап көруден басталады. Ертемен келіп, мектептегі медицина қызметкерімен бірге дайындалып жатқан тағамдардың дәмтұзын тексеріп көреміз. Бәрі талапқа сай болу керектігін қатаң қадағалаймыз. Себебі, бұл – балалар үшін жасалып отырған тамақ. Ол дәмді, құнарлы болу керек. Менің асхана қызметкерлеріне қояр талабым да осы.

– Асхана жұмысы нешеде басталады?

– Жұмыс күні таңертеңгі сағат алтыдан басталады. Бірқатар қызметкерлер осы уақытта келіп, өз жұмыстарына кірісіп кетеді. Нан, ет өнімдерінен жасалған тағам уақытында дайын болу үшін ерте қамданамыз. Кейін сағат жетіде, сегізде қалған қызметкерлер келе бастайды. Өзім жұмысқа ерте келемін, кеш кетемін.

– Жалпы үш асхананы қосқанда қаншама адамды еңбекпен қамтамасыз етіп отырсыз?

– Қарамағымда барлығы жиырма сегіз адам жұмыс істейді. Олардың тиісті мамандықтары бар. Орташа еңбекақы 60-70 мың теңгені құрайды. Ыдыс жуатындар 45-50 мың теңге алады. Оқушылар жаз айынан басқа каникулға шыққан кездерде де асхана жұмысшыларының еңбекақылары төленіп тұрады. Жалпы еңбек еткен адамға тиісті ақшасын төлеу керек қой. Мен өзім солай ойлаймын.

– Ал жазғы каникул кезінде мектеп жұмыс істемейді, сол кезде немен айналысасыздар?

– Ол жағы да ойластырылып, бір жүйеге келтірілген. Қызметкерлерім үш ай жұмыссыз қалмас үшін жеті жылдан бері “Достық” сауықтыру лагерінде жұмыс жүргізіп келеміз. Асхана жұмысшыларының бірқатары сол жерге орналасса, қалғандары СҚМУ-дегі асханада уақытша еңбек етеді. Кейін өздеріне тиісті еңбек демалыстарына шығады. Оның да ақшасы төленеді.

– Жастар жағын жұмыспен қамтамасыз ету қолға алынған ба?

– Жақсы кадрлар қандай жұмыста болсын бірінші кезекке қойылады. Сондықтан да бұл жағынан алғанда менің талабым күшті. Жастарды, әрине, аламыз жұмысқа. Бірақ олар өз жұмысына ұқыпты болу керек. Мәселен, Лиана Смағұлова, Зәйни Ғабдуллина есімді жас қыздарымыз бар. Олар екі-үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Асхана ісін бір адамдай меңгеріп алды деуге болады. Өз міндеттерін адал атқарады. Он екі-он үш жыл бойы еңбек етіп келе жатқан білікті мамандарымыз да бар. Мәселен, Раушан Қалмұрзина, Сәуле Ысқақова, Бақыт Жәулетбаева, Айжан Байменова деген қызметкерлеріміз бар. Тіпті, Бескөл ауылынан келіп жұмыс істейтін мамандар да бар. Жасап отырған жағдайымыз жаман болса, күнде келіп- кетіп, еңбек етпес еді деп ойлаймын.

– Қызметкерлерді жұмысқа қабылдаған кезде маман ретінде “емтихан” аласыз ба?

– Қандай да бір тамақты істемес бұрын осы іске икемің болу керек. Сонда ғана қолыңнан шыққан тағам дәмді болады. Ал Сіз айтып отырғандай, сынақты мен жылына бір рет, қыркүйек айында өткізіп тұрамын. Әрбір жұмысшыны жекежеке шақырып, өз міндетін қалай орындайтынын көзбен көремін. Білмегені болса айтып, үйретіп отырамыз. Ол жағына келгенде ұжым ұйымшыл. Жалпы асхана жұмысы өте күрделі. Мұнда ұсақ-түйек деген нәрсе болмайды. Адам азық ететін тағаммен жұмыс істеген соң үлкен жауапкершілік қажет. Мәселен, оқушыларға дәрумен ретінде алма береміз. Ал оны қалай дұрыс жуу керектігін көпшілік біле бермейді. Үйреніп қалғандай суға бір жуып алып, жей беретіндер бар. Бұл – қате. Алманы кір сабынмен щеткамен ысқылап жуу керек. Сонда ғана ондағы микробтар кетеді. Содан кейін ғана суға шайып жеуге болады. Мұны білетіндер де, білмейтіндер де бар. Дұрыс жуылмаған жеміс-жидектен іш ауырады. Түрлі аурулар асқынады. Сондықтан да оның алдын алу үшін осындай қарапайым, бірақ өте маңызды нәрселерді білу керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp