Чингиз КУРБАНОВ,
әзірбайжан мәдениеті этнобірлестігі төрағасының орынбасары.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында да қазақ жерінде өмір сүріп жатқан этностардың теңдігіне тағы бір мәрте тоқталды. Біз мұны күнделікті өмірде сезініп те жүрміз. Біздің өңірде 100-ден астам этностың өкілі тұрады. Олардың арасында келісім мен бірлік орнаған.
Біз, әзірбайжандықтар, ана тілімізде оқу, салт-дәстүрімізді өзге этнос өкілдеріне көрсету және бірлесіп қызықты да танымды шаралар өткізу мүмкіндігіне иеміз. Біз өзгелермен бірлесіп жас буынды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу үшін олардың мемлекеттік тілді меңгеруіне зор мән берудеміз. Елбасы “Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы үш жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн”, – деген болатын. Осы орайда қазақ тілін меңгеруге талпынған әр баланы қолдауға ынталымыз. Мәселен, өткен жылы біздің этнобірлестіктің мүшесінің қызы Гюллу Гасанова Тараз қаласында өткен республикалық пәндер олимпиадасында орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 2-орын алды. Бұл – зор жетістік. Осындай жетістіктерімізді өзгелерге үлгі етіп, өзімізге артылған міндеттерді орындауға талпынудамыз. Этнобірлестіктің аға буынының елге, жергілікті ұлтқа, оның ерекшеліктері мен салт-дәстүріне, тіліне, тарихы на деген құрметін, сыйластығын көріп өскен жас буын тек осы ізгі жолды таңдары сөзсіз. Біз ең алдымен соңымыздан еріп келе жатқан жастарға үлгі болуымыз керек қой деп ойлаймын. Кейін олар біз бастаған жолды жалғастырып, келер ұрпақты осы рухта тәрбиелейді деген сенімдемін.