«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТКЕНІН АРДАҚТАЙ БІЛГЕННІҢ бүгіні мен болашағы баянды болмақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Біз бүгінімізді танып, келешегімізге көз жіберу үшін өткенімізді білуіміз керек. Ұлттың ұйысуына, елдің кемелденуіне жандарын құрбан еткен хандар мен батырларды, ғақлия мен ғибратқа толы ұлағаттарын айтып кеткен данышпан билерімізді, ойшыл ақындарымыз бен жырауларымызды, әсіресе, олардың алдағы уақыттарымызды болжап айтқан дана нақылдарын қастерлемесек, болашағымызды баянды ете алмаймыз. Президентіміздің Жолдауында бұл пайымдар тайға басылған таңбадай айқын да айшықты баяндалады.

Осы орайда мен өркениеттің өзегі болып табылатын мұражайлардың, тарихи, мәдени, сәулет ескерткіштерінің руханиятты орнықтырудағы өлшеусіз маңызына ой жүгіртемін. Бұл үшін көреген де кемел ойлы Елбасымыз үлкен игілікті істі жүзеге асырды. Ол 2004 жылғы 14 қаңтарда “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы туралы Жарлыққа қол қойды. Осының арқасында тарихты тану, ол үшін қолымызда бар мұраларды түгендеп, игілікке асыру мүмкін болды.

Бұл бағытта бүкіл елімізде бағдарлама қолға алынған осы он жылдың ішінде қыруар істер тындырылды. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі жасалды. Оған Астана мен Алматы қалаларын қоса отырып, он төрт өңірдің аумағындағы 218 ескерткіш, тарихи қоныс кірді. Мұның жетеуі – біздің облысымызда.

Бұлардың басы – халық аузында “Абылайдың ақ үйі” атанып кеткен, атақты ақын Үкілі Ыбырай жырлаған, әмсе қазақ ұлтының, соның ішінде біздің өңірдің мақтанышына айналып отырған тарихи-мәдени ескерткіш. Қазір бұл кешен “Абылай хан резиденциясы” деп аталып, қайтадан қалпына келтірілгеннен кейін 2008 жылдың 21 тамызында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты жағдайда ашылды. Ұлтымыздың ұлы ханының ат үстіндегі тұлғасы Петропавлдың батысынан келіп кірген адамға Дөң-қалада алдымен көзге шалынады. Содан бері облыстың кәрі-жас тұрғындары да, сырт жерлерден келген меймандар да бұл резиденцияға соқпай кетпейді. Заманауи талаптарға сай қайта жарақтандырылған тарихи әрі қасиетті орын ұлтымыздың ұрпағына өткеніміздің сырын шертіп келеді.

Өңіріміздегі ең бір елеулі тарихи ескерткіш – Айыртау ауданындағы Айғаным қонысы. ХІХ ғасырда салынған бұл қоныс – Абылайдың ұлы Уәлиханның тұрған мекенжайы. Уәлиханның жесірі Айғаным Сарғалдаққызы, Шоқанның әжесі бұл қонысты “Қара шаңырақ” деп қастерлеп, осында оның ұлы немересі әлдиіне бөленіп, балалық шағын өткізген. Қазақтың тұңғыш ағартушысы, шығыстанушы, ориенталист Шоқан Уәлихановтың өмірі мен еңбектерін зерттеген ғалымдардың бұл қоныста болмағаны жоқ. Олар әлі де келеді. Өйткені, Шоқан есімі мәңгілік!

Осы ауданда бүкіл әлем археологтарының зор ынта-ықыласына бөленген Ботай қонысы да бар. Зерттеулерде анықталғанындай, ол біздің дәуірге дейін елу үш ғасыр бұрын адамдар мекен еткен, энеолит дәуіріне жататын қоныс болған.

Ертіс – Жайық өзендері алқабының аралығында археология ғылымына аса танылмаған бұл мекенді өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің тарихшы ғалымы Виктор Зайберт тиянақты зерттеуге кірісіп, ақыры әлемдік мәдениетке “Ботай қонысы” деп аталған тарихи ескерткішті тарту етті. Соған орай үзбей жасалған экспедициялардың нәтижесінде Айыртау ауданындағы Никольское ауылынан 1,5 шақырым жерде, Иман-Бұрлық өзенінің жағасында аумағы 15 гектар алқапты алып жатқан қоныс зерттелді. 158 үйдің орны қазылып, олардан 120 мыңдай жәдігер табылды. Ал ең басты құндылығы – ботайлық көне дәуір адамдарының алғашқы болып жылқыны қолға үйретуі. Оны осы қоныстағы қазба жұмыстары кезінде жылқы сүйектерінің табылуы, қазбалардан алынған ат әбзелдері, ер-тұрмандар дәлелдейді.

Осы зерттеулердің нәтижесінде мұнда 1983 жылы Бүкілодақтық, 1995 жылы Бүкіләлемдік семинар-симпозиумдар болып өтті. В. Зайбертті әлемнің атақты археология орталықтары симпозиумдарға шақырды. Соның бірінде ғалым Англияның Кембридж университетінде “Ботай мәдениеті” деген тақырыпта лекция оқыды.

1999 жылы “Ботай мәдениеті” әлемдік маңызы зор ескерткіш ретінде ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді.

Республикалық тізімдегі жеті ескерткіштің қатарында Айыртау ауданында 1999 жылғы тамызда ашылған “Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені”, осы қос батырдың сол жылы Петропавлда бой көтерген монументтік ескерткіші, бүгінде бейнелеу өнері мұражайы орналасқан көпес Юзефовичтің үйі (1909 жылы салынған) және көпес Янгуразовтың ХХ ғасырдың басында іргетасы қаланған үйі бар.

Жергілікті маңызы бар 593 ескерткіш те мемлекет қамқорлығына алынған. 436 тарихи ескерткіш археология ғылымына жатады. Олар тас дәуірінің, қола дәуірінің, ерте темір ғасырының және орта ғасырлардың ескерткіштері болып табылады. Ал 157 ескерткіш қала құрылысы мен сәулет өнерін бейнелейді.

Ескерткіштерді қорғау, күтіп ұстау оларды бүгінгі және болашақ ұрпаққа аман-сау жеткізудің мақсатын көздейді. Облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының тарихи-мәдени мұраларды қорғау және заңгерлік жұмыс бөлімінің басшысы Людмила Сорокотяга берген мәлімет бойынша жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын орындау үшін 2013 жылы республикалық бюджеттен 29,528 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржы Айыртау ауданындағы “Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенін” және басқа да тарихи ескерткіштерді жөндеуге арналды. Қаржы бөлінген тарихи ескерткіштердің ішінде Петропавлдың Горький және Ульянов көшелерінің қиылысында орналасқан көпес Янгуразовтың үйі де бар. Былтыр оның төбесін жауып, шатырын қалпына келтіруге 8 миллион теңге бөлінді. Жөндеп-қалпына келтіру жұмыстарына облыстық бюджеттен 4 миллион теңге жұмсалды.

Адам баласының санасына сәуле төгіп, жігеріне жігер қосатын бұл жәдігерлер ұрпақтарды отаншылдыққа тәрбиелейді. Тұғыры бөлек тұлғалардың, ұлы адамдардың есімдерімен аталатын жер-су атауларының да ұрпақ ардақ тұтуға тиісті маңызы зор. Осы себепті де мемлекет мол қаржы жұмсап, оларды жадымыздан өшірмеуді мақсат тұтады.

Ескерткіштер белгілі бір ұлтты, халықты өзгелерге, сырт көздерге танытады да. Біз қаламызға алдымен аттап кірген адамға бұл ұлы Мағжан Жұмабаевтың туған жері екенін білдіру үшін вокзал алаңында ақынның зәулім бейнесін орнаттық. Мұндай ескерткіштеріміз Шоқан, Жамбыл, Сәбит, Ғабит тұлғаларын танытып, облыс орталығының көшелерінде бой түзеп тұр. Руханиятымыз мықты болуы үшін біз бұл тұлғаларды өзіміз құрметтеп, өзгелерден де осыны талап етуге тиіспіз.

“Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел”, – деді Елбасымыз биылғы Жолдауын қорытындылай келіп. Бұл елін сүйген әрбір азаматтың жүрегінен орын алатын жалынды ұғым.

Өткенін ардақтай білгеннің бүгіні мен болашағы баянды болмақ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp