2013 жылдың қыркүйек-қазан айларында тауық жұмыртқасына бағаның айтарлықтай өсуіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Монополияға қарсы инспекция 2013 жылдың 31 қазанында тауарларды сатып алудың немесе өткiзудiң келiсiлген бағаларын не басқа жағдайларын белгiлеуде және (немесе) ұстап тұруда байқалған нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері барысында, тауық жұмыртқасын өндірушілердің (көтерме өткізушілердің) монополияға қарсы заңнаманы бұзғанына қатысты тергеу бастағаны жұртқа мәлім.
Тергеу барысында «Бишкульская птицефабрика» ЖШС, «Фирма Алекри» ЖШС, «Атай СК» ЖШС және «Адель Кус» ЖШС 2013 жылғы 1 қыркүйектен бастап 25 қазанға дейінгі мерзімде тауық жұмыртқасына бағаны негізсіз белгілеп, нәтижесінде қосымша табыс тапқаны анықталды.
Сонымен қатар, субъектілердің әрекеттері алдын ала әрқайсысына белгілі болған, себебі, субъектілер өз қызметтерін бәсекелестік нарықта жүзеге асырады, сол себепті өз бәсекелестерінің қызметтерін, соның ішінде бір-бірінің (БАҚ, телефон, Интернет және басқа да көздер) қызметтерін бақылайды. Тауық жұмыртқасына баға құпия емес және жалпыға бірдей.
Осыған орай, «Бишкульская птицефабрика» ЖШС, «Фирма Алекри» ЖШС, «Атай СК» ЖШС және «Адель Кус» ЖШС сөз байласқан әрекет жасағаны расталды.
2014 жылғы 7 ақпанда монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықты тергеу аяқталды. Қорытындының көшірмесі үш жұмыс күні ішінде тергеу нысандарына жолданатын болады.
ҚР ӘҚБКо 147-бабының 2-тармағына сәйкес, нарық субъектiлерiнiң бәсекелестiкке қарсы сөз байласқан iс-әрекеттерi, монополистiк қызметтi бiр жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асыру нәтижесiнде алынған монополиялық табысы тәркiленiп, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға тыйым салынған монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған табысының (түсiмiнiң) бес пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Осыған орай, монополиялық табысты ескере отырып, жалпы айыппұл сомасы 3 миллион теңге шамасын құрады.
Субъектілерді тергеу нәтижелері бойынша қорытындыны бекіту туралы бұйрықты алғаннан кейін әкімшілік өндірісті қозғау туралы материалдар қарау және нақты шешім қабылдау үшін сотқа жолданатын болады.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Монополияға қарсы инспекция.