Облыс әкімі Самат Ескендіров “Зенченко және К” КС-нің нысандарында болып, өңіріміздегі іргелі агроөнеркәсіп кешенінің Петропавл қаласындағы сүт зауытымен танысып, Қызылжар ауданының Новоникольское елді мекеніндегі шаруашылығын аралады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы негізінде бой көтерген “Зенченко және К” КС-нің жаңа сүт өңдеу зауытының жобалық құны 655 миллион теңгені құрайды. Қаржы “ҚазАгроҚаржы” АҚ-дан жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызбен алынған. Зауыттың құрылысына және құрал-жабдықтарды орнатуға Германия мамандары тартылған. Заманауи өнеркәсіп жылына 18 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Ондағы нанотехнологиялық құрал-жабдықтар адамның жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Жаңа нысан өндірісінде өнімнің санитарлық тазалығы мен сапасын жақсартуға, оның табиғи құнарын сақтауға зор мүмкіндік бар екенін сөз еткен кәсіпорын директоры Георгий Целых өңір басшысына зауыттың ішін аралатып, ондағы құрылғылардың қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Техникалық сынақтан сүрінбей өткен жаңа өндіріс орны биылғы жылдың наурыз айында толыққанды жұмысқа кіріспек. Бұл сүт зауытының басқа кәсіпорындарға қарағанда басты ерекшелігі – онда тек өз шаруашылығынан әкелінген шикізат іске жаратылады. Ол үшін Новоникольское ауылынан күніне 40 тонна сүт жеткізіліп тұрмақ. Алайда, бұл көрсеткіштің өңір тұтынушыларының сұранысын толық қанағаттандыру үшін жеткіліксіз екендігі айтылды. Әлі де 10 тонна шикізат болса, артықтық етпейді екен. Сондықтан “Зенченко және К” КС жыл сайын фермадағы мал басын көбейтуді мақсат етіп отыр. Бүгінде олардың қорасында 6300 басқа жуық ірі қара бар.
Сүт зауытынан кейін облыс әкімі Самат Ескендіров “Зенченко және К” КС-нің агроөнеркәсіп кешені орналасқан Қызылжар ауданының Новоникольское елді мекенінде болды. Онда ол коммандиттік серіктестіктің мал шаруашылығы бағытында атқарып жатқан жұмысымен танысып, оның ұтымды ұйымдастырылып отырғандығына тағы да көз жеткізді. Шаруашылық 2012 жылы 600 бас симменталь тұқымын қораға енгізсе, оның алдында канадалық 300 бас мал әкелген болатын.
– Биыл қара мал сатып алмаймыз, ал 2015 жылы тағы да тұқым жаңартпақ ойымыз бар, – деді шаруашылық директоры Геннадий Зенченко.
Шетелдік қашарлар жыл сайын қорадағы мал басын көбейтіп, шаруашылыққа ырыс әкелуде. Бүгінде 440 сиыр бұзаулап, өріс кеңейе түскен. Алдағы бір жарым айдың ішінде барлық ұрғашы мал төлдеп болған кезде шаруашылықтың үлкен бес бұзау қорасы лық толады деп күтілуде. Қара малды ет және сүт бағытында қатар дамытқан шаруашылық егіншілікке де үлкен көңіл бөліп отырғаны белгілі. Сондықтан малға жемшөп те жеткілікті.
Геннадий Геннадьевичтің сөзіне сүйенсек, жыл соңына дейін шаруашылықтағы мал басы жеті мыңға жетуі тиіс. Сонда ғана сүт және сүт өнімдеріне қажетті шикізаттың мөлшері артады. Серіктестік 2013 жылы 12100 тонна сүт және сүт өнімдерін нарыққа шығарса, биылғы жоспар – 13 мың тонна өнім өндіру. Жыл соңына дейін сауын сиырдың саны 2700 басқа жетсе, онда күніне 47 тонна сүт сауылатын болады. Сондай-ақ сатылатын ет 500 тоннаға жеткізілмек. Мемлекеттен сүтке демеу-қаржы алатын шаруашылық оның үлкен көмегі бар екенін де алға тартты. 720 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестіктің облыс экономикасына, азық-түлік қауіпсіздігіне және өңіріміздің әлеуметтік мәселелеріне қосып отырған үлесі зор.
Агроқұрылым облыста бірінші болып 1,5 Мегават жел энергиясын өндіру құрылғысын орнатқан. Одан шаруашылық өзіне қажетті қуатты пайдаланады да, артылғанын ауылдағы ортақ электр жүйесіне жібереді. Сондай-ақ ауылдастардың тағы бір ортақ қуанышы – биылғы қыс маусымында іске қосылған мұз айдыны ғимараты. Құны 20 миллион теңгелік бұл нысанды олар ауыл балаларының болашағын ойлап, қолға алыпты.
Осы сапардан кейін облыс басшысы Самат Ескендіров БАҚ қызметкерлеріне қысқа сұхбат беріп:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткендей, өңірлердегі іргелі шаруашылықтардың тәжірибесі мен игі бастамаларын басқаларға үлгі етуіміз керек. Бұл – ел экономикасын өркендете түсудің бір жолы. Біздің өңірімізде де үлгі боларлық шаруашылықтар жетерлік. Олардың қанатқақты жобаларын, жұмысты ұтымды ұйымдастыру жолдарын жұртқа көрсетіп, насихаттау – міндетіміз. Ал “Зенченко және К” КС – көш басындағы шаруашылық. Мына ашылғалы отырған сүт зауыты болашақта өңіріміздің іргелі өндіріс орны боларына сенім мол. Ол күніне 50 тонна сүт өнімдерін өндірмек. Мұның барлығы экономикамыздың өсуіне өз үлесін қосары сөзсіз, – деді.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.