Облыс әкімі Самат Ескендіров Канаданың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Стивен Миллармен кездесіп, өңірімізді аталмыш елмен байланыстырар сауда-экономикалық ынтымақтастық жайында сөйлесті.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Сізге өндірістік алаңдар көрсетілді. Бұл алдағы уақытта бірлескен өндіріс құруға да мүмкіндік береді. 14 ақпан күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелдің трансұлттық компанияларын елімізде бірлескен кәсіпорын ашу арқылы ынтымақтастық байланыс орнатуға шақырды, – деді облыс әкімі Самат Ескендіров.
Белгілі болғанындай, соңғы 6 жылда өңіріміздің Канада елімен тауар айналымы 30,1 миллион доллар көлемінде болса, бұл импортқа тиесілі екен. Ауыл шаруашылығына, бақшашылыққа, орманшылыққа, құс және ара өсіруге, тракторға, жеңіл автокөліктерге қажетті қондырғылар мен ірі қара алынып келген. Қазіргі таңда өңіріміздегі бірде-бір кәсіпорынның Канада компанияларымен ынтымақтастық байланысы жоқ. Осы орайда бір айдан кейін Астана қаласында өтетін ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесіне қатысатын Канаданың кейбір кәсіпорындарының өкілдері өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, жергілікті әріптестерімен кездеспек.
Бұл орайда Стивен Миллар облысымызды үстіміздегі жылдың маусым айында Канадада өтетін “Western Canada Farm Progress Show” ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесіне қатысуға шақырып отыр. Егер жол түссе, жергілікті кәсіпорындар канадалық серіктестер табуы мүмкін.
* * *
Жанар ОМАРОВА,
журналист.
Сондай-ақ Стивен Миллар М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенттерімен кездесті.
Құрметті қонақ жастарға Канада туралы қысқаша ақпарат беріп, көпмәдениеттілік тәжірибесі жайында дәріс оқып берді. “Канада мен Қазақстанның ұқсастықтары көп. Бізде де көптілділік және көпмәдениеттілік саясаты жүргізіліп келеді. Бұл әдіс демократиялық қоғамды дамытуда аса тиімді”, – деді Стивен Миллар. Дәрістен кейін студенттер құрметті мейманға сұрақтар қойды. Оларды Канада елі жайында, ондағы екітілділік, іс жүргізу, студенттік бағдарламалар мәселелері қызықтырды.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қатысып, жастарды шетелдегі замандастарындай бәсекеге қабілетті болуға шақырды. Сонымен қатар қазіргі уақытта өзекті болып отырған мәселе – теңгенің құнсыздануының мән-жайын түсіндіріп берді.