«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚПАРАТТЫҚ- НАСИХАТ ТОБЫ – ЕСІЛ АУДАНЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Республикалық ақпарттық-насихат тобы Елбасының “Қазақстан жолы – 2050”: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауын түсіндіру мақсатында өз жұмысын аудандарда жалғастырды. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Есіл ауданының активімен кездесті. Жиынға облыс әкімі Самат Ескендіров те қатысты.

Бану АХМЕТОВА,

журналист.

Есіл ауданының активімен кездескен Қалмұханбет Қасымов өз сөзінде еліміз бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кіргендігін айтты. Ел экономикасы қарқынды дамып келеді. 1998 жылдан бері қазақстандықтардың еңбекақысы 10 есеге артқан. Жоғары білімді тұрғындардың саны 40 пайызға өсіпті. Министр ендігі кезекте Елбасының Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауындағы 7 басымдықты орындау қажеттігін айтты. Соның ішінде құқық қорғау жүйесінің жұмысын жетілдіруде бірқатар істердің атқарылып жатқандығын тілге тиек етті.  

“Құқық қорғау саласында кейбір заңнамаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі. Сондықтан бұдан былай тәртіп сақшыларының назарына іліккен немесе темір тордан босап шыққан азаматтар ерекше бақылауда болады. Олардың тізімі электронды картаға енгізіледі. Бұл үшін биыл арнайы техника алуға қаражат бөлініп отыр”, – деді министр.

Былтыр елімізде жол ережесін бұзудың 23,5 мың фактісі тіркелген. Нәтижесінде 3 мыңнан астам адам қаза тапты. Бұған көбінесе жүргізушілер кінәлі екен. Қалмұханбет Қасымов оларға қатысты қатаң жаза қолданылатынын айтты. Сондай-ақ бұдан бұлай жүргізуші куәлігін алатын азаматтар қатаң бақыланады. Ешқандай тамыр-таныстыққа жол берілмейді.

“Бүгінде Қазақстанда 4 млн. автокөлік тіркелген. Жол ережелерін сақтамауға қатысты жолдардағы апаттар тым жиілеп кетті. Бұдан былай жол ережесін бірнеше рет бұзған азаматтар 15 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айрылады”, – деді Ішкі істер министрі.

Бүгінде облысымыздың экономикасы қарқынды дамып келеді. Өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарының 75 пайызы ұқсатумен айналысады екен. Оның ішінде азық-түлік өндірісінің үлесі – 60 пайыз. “Сүт өндіру бойынша елімізде бірінші орындамыз”, – деді Самат Ескендіров. Сондай-ақ өңір басшысы бұл табыстарымызды еселеу үшін Елбасы Жолдауы аясында аянбай еңбек ету керектігін атап айтты.

“Бүгінгі күні облысымызда 15 ақпараттық насихат тобы құрылған. Оның біреуі қалада болса, қалғандары – 13 ауданда, тағы бір облыстық ақпараттық-насихат тобы жасақталған. Өңірімізде атқарылып жатқан істерді жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Елбасыға баяндадым. Мемлекет басшысы өз бағасын берді. Бірқатар тапсырмалар да жүктеді”, – деді облыс әкімі.

Бұдан кейін, Қалмұханбет Қасымов пен Самат Ескендіров Есіл ауданындағы “Егін” ЖШС-іне барды. Мұнда макарон өнімдерінің 12 түрі шығарылады. “Егін” ЖШС директоры Владимир Чубыкиннің айтуынша, серіктестік 2000 жылы құрылған. Оның салтанатты ашылуына Елбасы қатысқан екен. “Кәсіпорнымыздың қуаты артып келеді. 2009 жылы біз түрік диірменін іске қостық. Ол тәулігіне 100 тонна бидай өңдейді. Сондай-ақ 2011 жылы макарон өнімдерін дайындайтын цех аштық. Онда ет қамырының 500 килограмы мен макаронның 600 килограмы 1 сағаттың ішінде өндіріледі”, – деді серіктестік директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp