Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен өткен “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасының “Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау” атты бірінші бағытын жүзеге асыру жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында кәсіпкерлердің банктен алған кредиттерінің сыйақысын жәрдемқаржыландыру және кепілдік беру туралы өтінімдері қаралды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавл қаласындағы Юлия Дедкина басқаратын “ЮДИ-дент” ЖШС стоматологиялық қызмет көрсетумен айналысады. Онда 20 адам еңбек етеді. Юлия Викторовна “Жылжымайтын мүлік сатып алу және стоматологиялық клиника етіп қайта жабдықтау” жобасын жүзеге асыру үшін “БТА банк” АҚ-ның облыстық филиалынан 11,6 пайыздық үстемеақымен 49 млн. 548 мың теңге кредит алып, өндіріс орнын кеңейтуге жұмсаған. Клиникада 4 жұмыс креслосы бар 9 кабинет қажетті құрал-саймандармен жабдықталуда. Кәсіпкер тағы да 10 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Өңірлік үйлестіру кеңесі бизнес өкілінің 2014 жылғы ақпан айынан 2015 жылғы желтоқсан айына дейін кредит сыйақысының – 4,6 пайызын, 2016 жылғы қаңтардан 2017 жылғы қаңтарға дейін 7 пайызын бюджеттен жәрдемқаржыландыру туралы өтініміне қолдау көрсетті. Сөйтіп, 3 жыл бойы кәсіпкерге 3,298 млн. теңге өтелетін болады.
Бұл күні бизнестеріне мемлекеттік қолдау көрсету туралы өтінім білдірген облыс орталығындағы “АзияШинТранс”, “Smail Trans” ЖШС-лері мен “Бабаев И.И.”, “Савчук Л.Н”, “Бондарь Л.К.” жеке кәсіпорындары жүк және жолаушылар тасымалдау істерімен айналысады. Олар жүк және жолаушылар тасымалдау автопаркін жаңғырту және кеңейту жобаларын қолға алып отыр. Өңірлік үйлестіру кеңесі аталмыш кәсіпорындардың екінші деңгейлі банктерден алған кредиттерінің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін бюджет есебінен жәрдемқаржыландыру туралы өтінімдеріне де қолдау көрсетті.
Қызылжар ауданындағы Малое Белое ауылында орналасқан “Әділ құс” ЖШС жұмыртқа өндірумен айналысады. Кәсіпорын бүгінгі күні 17 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Серіктестік директоры Игорь Тищенконың өкілі Сергей Колесниковтың айтуына қарағанда, құс кешенінің қуаттылығын арттыру арқылы жылына 22 млн. жұмыртқа алынбақ. “Ресей Жинақ банкі” АҚ-ның еншілес банкінен 13,3 пайыз сыйақымен берілген кредит осы мақсатқа жұмсалған. Жұмысшылар санын екі есе арттыруды жоспарлап отырған кәсіпорынның 13,1 млн. теңге көлеміндегі банк сыйақысын (7%) бюджеттен жәрдемқаржыландыру туралы өтінімі де өңірілік үйлестіру кеңесі мүшелерінен қолдау тапты.
Петропавлдағы “Эдельвейс Элит Север” ЖШС ауыл шаруашылығы өнімдерін әзірлеу, өңдеу және өткізу жұмыстарымен айналысады. Жиырма адам еңбек ететін кәсіпорын “Диірмен кешенінің өндірістік қуатын арттыру” жобасын жүзеге асыруда. “Қазкоммерцбанк” АҚ-дан алған кредит қаражаты астық сатып алуға жұмсалған. Серіктестіктің банк сыйақысының 6 пайызын жәрдемқаржыландыру туралы өтінімі “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасының “Кәсіпкерлердің валюталық тәуекелін азайту” атты үшінші бағыты бойынша қанағаттандырылмақ, былайша айтқанда, кәсіпкерге 7 айда 809,6 млн. теңге (сыйақының 50%-ы) бюджеттен өтеледі.