М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Тіл және әдебиет институтының ұйымдастыруымен олимпиада өтті. Оған жалпы білім беретін мектептер, лицейлер мен гимназиялардан барлығы 134 оқушы ерікті түрде қатысты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Тілдік (қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдері) пәндер олимпиадасына жалпы білім беретін ұйымдардың 10-шы және 11-сыныптарының, қазақ және орыс журналистикасы бойынша тек 11-сыныптың оқушыларына қатысуға мүмкіндік берілді.
Оқушылардың қазақ тіліндегі сынағы екі кезеңде өтті. Бірінші кезең – берілген түрлі тақырыптардың ішінен біреуін таңдап, эссе жазу. 10-сынып оқушылары үшін “Ата салты – балаға мұра”, “Бір көшбасшы, бір ел”, “Татулық – достықтың киелі бесігі” тақырыптары берілсе, 11-сынып оқушыларына “Менің болашақ мамандығым”, “ЭКСПО – 2017 – біздің назарымызда”, “Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі” тақырыптары ұсынылды.
Екінші кезеңде қатысушылардың назары берілген тапсырманы дұрыс орындап шығуға жұмылдырылды. Бұл тапсырма барысында қатысушы өлең немесе прозалық шығармадан үзіндіні мәнерлеп жатқа оқуы, әсерлі етіп жеткізе білуі керек болды.
– Қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ журналистикасы бойынша тапсырмалар да екі кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңде тест орындалып, екінші кезеңде шығарма жазылды. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Жеңімпаздарды даярлаған пән мұғалімдеріне Тіл және әдебиет институты директорының атынан Алғыс хаттар берілді. Өз қабілеттерін журналистикада көрсете білген қатысушыларға арнайы “Жас журналист” аталымы белгіленді. Бұл конкурс нәтижесі “Журналистика” мамандығына оқуға түсу кезінде шығармашылық емтиханның бағасын қойғанда ескерілетін болады, – дейді Тіл және әдебиет институты директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айғаным Бейсенбаева.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша – қалалық классикалық гимназияның 10-сынып оқушысы Гауһар Ағатаева мен осы білім ошағының 11-сынып оқушысы Елжас Қапезов; орыс тілінде оқытатын мектептерден қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің 10-сынып оқушысы Айзада Алташова, жалпы білім беретін Бірінші лицейдің 11-сынып оқушысы Николай Василенко; ағылшын тілінен – “БЭСТ” гимназиясының 10-шы және 11-сынып оқушылары Анастасия Усольцева мен Наталья Диреева; неміс тілінен – “БЭСТ” гимназиясының 10-сынып оқушысы Владислав Левчук пен Есіл ауданындағы Заградовка орта мектебінің 11-сынып оқушысы Алексей Волощук; қазақ журналистикасы мамандығы бойынша Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептен Раушан Мұхамеджанова сынды оқушыларға I орын берілді.