Жолдауын түсіндіру бойынша жұмыс сапары барысында ақпараттық-насихат тобының жетекшісі – Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Петропавлдағы ІІМ Ішкі әскері Әскери институтына ат басын бұрып, жеке құраммен және сарбаздармен жолықты. Кейін министр “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, Ішкі істер және Қылмыстық атқару жүйесі департаменттерінің қызметкерлерімен де кездесті.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Әскери институтта өткен жиында Қалмұханбет Қасымов биылғы Жолдаудың маңызды аспектілеріне тоқтала келіп, жаңа заң жобаларының әзірленгеніне байланысты құқық қорғау саласында жаңа реформалардың күтіліп отырғанын жеткізді. Мәселен, қылмыстық, қылмыстық атқару және қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің, жол қозғалысы туралы заңның жобасы бүгінде Парламенттің қарауында. Сондай-ақ жалпыға ортақ дактилоскопияны енгізу, одорологиялық сараптаманы жетілдіру мәселесі де таяу болашақта оңтайлы шешімін таппақ.
Жиын барысында Әскери институт қызметкерлері министрге білім беру мекемесін қаржыландыруға, қызметтік пәтерге қол жеткізуге, зейнетақы төлемдеріне қатысты сұрақтарын қойды. Қалмұханбет Қасымов білікті мамандарды даярлайтын Әскери институтты толық қаржыландыру мәселесі оңтайлы шешілетінін айтты. Өзге мәселелер де жіті бақылауға алынбақ.
Жұмыс сапары аясында “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізген Ішкі істер министрі өңір тұрғындарын толғандырған сауалдарға да і нақты жауап берді. Қабылдауда Қызылжар ауданындағы Озерное ауылының тұрғыны мал және мүлік ұрлығына қатысты мәселесін айта келсе, облыс орталығында тұратын азамат көші-қонға байланысты, ардагерлер ұйымының төрағасы зейнетақыны көтеруге қатысты бірқатар сауалдарын қойды. Бұл мәселелер министрлік деңгейінде жекелей қаралатын болады.
Қабылдауда қызметке қайтадан алу, өзге құқық қорғау органдарынан ішкі істер саласына ауысу мәселелеріне қатысты өтініш білдіргендер де болды. Ал алаяқтық әрекеттің құрбаны болған кәсіпкер тауарларын қайтаруға көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, оларға министрлік тарапынан алғыс жарияланса деген өтінішін білдірді. Министр бұл мәселелерді де назарынан тыс қалдырмайтынын жеткізді.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.