«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ және ҒЫЛЫМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ педагогтермен кездесті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев Петропавл қаласындағы №20 орта мектепте болып, қазақ тілінде білім беретін мектептердің басшыларымен және мұғалімдермен кездесті. 

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Е. Иманғалиев білім ошағының жағдайымен танысты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “…Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады”, – деген болатын. Елбасының бұл идеясын жүзеге асыратын, оны болашақ ұрпақтың бойына сіңіретін – ұстаздар қауымы. Ол үшін 12 жылдық білім беруге көшу, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бағытын ұстану қажет. Біздің алдымызда тұрған басты мақсат – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Оқушыларыңыз бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуы үшін өздеріңіздің кәсіптік деңгейлеріңіз жоғары болуы міндетті, – деді Есенғазы Нұртөлеуұлы.

“Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу үшін ұстаздардың өздері соған сай болулары қажет. Келесі жылдардан бастап еңбекақы әр ұстаздың сіңірген еңбегіне, алған біліміне, оқушысының білім көрсеткіштеріне қарай төленетін болады. Қазір қанатқақты жоба жасалып жатыр”, – деді вице-министр.  

Жарыссөз барысында әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің директоры Күлімкөз Смайылова Петропавл қаласында қазақ мектептерінің санының аздығын, оларда оқитын оқушылар саны жылдан-жылға артып келе жатқанын айта келіп, заман талабына сай мектеп салынса деген тілегін жеткізді.

Вице-министр: қазір бірінші кезекте апаттық жағдайдағы мектептер мен үш ауысыммен оқитын білім ошақтары мәселелерін шешу тұрғандығын айта келіп, жаңа мектеп салу мәселесі кезең-кезеңмен шешімін табатын болады – деді.

Кездесу барысында электрондық оқыту бағдарламасында өткен жылмен салыстырғанда биыл кемшіліктер бар екендігі, сол сияқты қазақ тілі, тарих оқулықтарында да олқылықтар кездесетіндігі айтылды.

– Бұл мәселелер орынды қозғалып отыр. Ол жөнінде министрлікте де сөз қозғалған болатын. Сіздердің ескертулеріңізді назарда ұстаймыз, ондай қателіктерге жол бермеуіміз керек, – деген вице-министр “Өзін-өзі тану” пәнінің әдістемесі барлық пәнде қолданылуы керектігін де айтып өтті. – Өйткені, бұл пән баланы ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелейді. Біз бірінші кезекте адами құндылықтарды жоғары ұстауымыз қажет, – деді.

* * *
Есенғазы Иманғалиев Петропавл қаласында 2012 жылы пайдалануға берілген, қазақ тілінде жұмыс істейтін “Алтын бесік” балабақшасында болып, оның материалдық-техникалық базасымен танысты.
Елімізде алғашқылардың бірі болып электрондық жүйе енгізілген жаңа үлгідегі балабақшаның жұмысын балалар мекемесінің директоры Мәдина Дарбаева таныстырды.  

Балабақшадағы инновациялық технологиялар тәрбие мен білім беру сапасына да оң әсер етеді. Кабинеттердің барлығы интерактивтік тақталармен жабдықталып, Интернетке қосылған. Мұндағы мамандар бала тәрбиесінде жаңа әдістемелерді қолданады. 320 орындық “Алтын бесік” қазақ балабақшасында өзге этностардың 75 баласы тәлім-тәрбие алуда. Балаларға білім үш тілде беріледі. Вице-министр Ерғазы Иманғалиев бұл тәжірибені басқа да мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемелеріне енгізу керектігін тілге тиек етті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында айтқандай, үш тілді меңгеру – заман талабы. Сондықтан көптілділікті насихаттап қана қоймай, оны өзіміздің іс-әрекетіміз арқылы күнделікті өмірімізге етене енгізуіміз керек. Білім беру жүйесінің алдына өзекті мәселелер қойылып отыр. Атап айтсақ, әр оқушы бәсекеге қабілетті болуы міндетті. Ол үшін ұстаздардың алдынан ұшқан әрбір түлек үш тілді жетік білетін, функционалдық сауатты және сұранысқа ие азамат болып қалыптасуы қажет. Көптілділік баланың санасына мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемесінен бастап сіңірілгені дұрыс, – деді вице-министр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp