Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бола-шақ” Жолдауы бойынша жалпы білім беретін мектептердің 8-11-сынып оқушылары арасында жарияланған шығармалар конкурсының жеңімпаздары анықталып, марапатталды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Конкурс қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланған. Қаңтардың 27-сі мен ақпанның 15-іне дейінгі аралықта өткен шығармалар конкурсына қала мектептерінен 2 мыңға жуық оқушы қатысқан. Конкурс екі турда өткен. Бірінші кезеңінде оқушылар мектепішілік сайысқа қатысса, екіншісінде қалалық іріктеу турында сыналған.
– Конкурсқа қатысушылардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауын толық оқып, өздерінің ой елегінен өткізіп, жазғандарын аңғардық. Олар ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін “Мен не істей аламын?” деген сауал төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Оқушылардың шығармаларын оқи отырып, олардың дүниетанымдары жоғары және азаматтық ұстанымдарының белсенді екенін атап өтуге болады, – деді қалалық Білім бөлімінің басшысы Гүлмира Кәрімова.
Іріктеу кезеңінің қорытындысында қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша 3 оқушы I орын алып, жеңімпаз атанса, тағы 6 оқушы II, III орындарды иеленді. Сонымен бірге 10 оқушы түрлі аталымдарға ие болды.
Шара барысында I, II, III орындарды иеленген 9 оқушыға қалалық Білім бөлімінің марапаттау қағазы мен қала әкімі Төлеген Закарияновтың атынан Астана қаласына екікүндік саяхатқа сертификат табысталды.
– Мен әлі оқушымын. Сондықтан елімді көркейту, оның мәртебесін одан әрі биіктету үшін жақсы оқуым керек. Ол менің қолымнан келеді, – деді шығармалар конкурсының жеңімпазы, М.Жұмабаев атындағы колледж жанындағы лицейдің 9-сынып оқушысы Сабина Өмірзақова.
Сонымен қатар №10 орта мектептен Наталья Косарева (11-сынып оқушысы) мен “БЭСТ” гимназиясынан (11-сынып) Дарья Труш жеңімпаздар атанды.
СУРЕТТЕ: конкурс жеңімпазы Сабина Өмірзақова.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.