Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында облыстық филармония жанындағы эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жас таланттардың концерті болып өтті.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеште классикалық туындыларды нақышына келтіре орындауда көзге түскен таланттардың бірі – республикалық конкурстардың лауреаты Темірлан Бейсенбай. П.Чайковскийдің танымал туындысын ден қойып тыңдаған өнер-сүйер қауым Астанадан келген жас өнерпазға қошемет көрсетті. Ресейдің Новосібір қаласынан келген Екатерина Задорожнаяның өнері де жоғары бағаланды. Бұрын Петропавл қаласында тұрып, музыкалық білім алған ару республикалық және халықаралық конкурстарда талай бағын сынап, жүлделі орындардан көрінген. Қазірде Глинка атындағы Новосібір мемлекеттік консерваториясында білімін жалғастыруда. Дирижер әрі көркемдік жетекші Сергей Имашбаев бастаған оркестр мүшелері де Катяның талантына тәнті. Олар жас таланттың орындауындағы туындылар күрделі шығармалар тобына жататынын айтады. Болашағынан зор үміт күттірер Айымгүл Сыздықова, София Манжула мен Әсет Әбдірахманов та өнер көрсетіп, классикалық музыканы сүйетіндерді бір қуантып тастады.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.