«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕШІМІН КҮТКЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР – өңір басшысының назарында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше өңір басшысы Самат Ескендіров Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында жергілікті тұрғындар алдында есеп беріп, облыстың 2013 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму барысына қорытынды жасады және Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асыруға байланысты алда тұрған келелі міндеттерге тоқталды. Есепті кездесуге ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерлан Айтаханов, Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің төрағасы Мұрат Оспанов, Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің төрағасы Ғалым Оразбақов, “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ төрағасының орынбасары Дәурен Ердебай, аудандар мен Петропавл қаласының әкімдері, жергілікті атқарушы және аумақтық органдардың, агроқұрылымдардың басшылары, білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, әрбір ауылдық округтің, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Есепті кездесуде облыс әкімі Самат Ескендіров:

– Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы… Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің қолымызда”, – деді. Сондықтан барша халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша нақты әрекет ету жолдарында көзделген міндеттерді орындау – парызымыз, – дей келіп, өткен жылы атқарылған ауқымды істерге жан-жақты тоқталды, алда тұрған міндеттерді саралады. Самат Сапарбекұлының айтуына қарағанда, өткен жылы 9 айда жалпы өңірлік өнім көлемі 11,3 пайызға артып, 517,2 млрд. теңгені құрады. Жан басына шаққанда 20 пайыздық өсіммен сомасы 900 мың теңгенің тауары шығарылды және қызметі көрсетілді. Облыс жалпы өңірлік өнім өсімінің қарқыны бойынша республикада 1-ші орын алады.

Мемлекеттің пәрменді қолдауы арқасында ауыл шаруашылығын әртараптандыру, тұрғын үй құрылысын дамыту, индустриялық-инновациялық жобаларды жоспарлы түрде іске қосу жүзеге асырылуда. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары бойынша алда атқарылатын жұмыс қомақты.  

Президент Жарлығына сәйкес есепті кездесулерді өткізудің жаңа мерзімі енгізілді: ауылдық округтердің әкімдері – тоқсан сайын, ал аудандар мен қала әкімдері жылына екі рет тұрғындармен кездесетін болады.

2013 жылы барлық деңгейдегі әкімдердің есепті кездесулері кезінде 1100-ден астам ұсыныс-тілек бақылауға алынды. Оның көпшілігі оң шешімін тапты.

Мысалы, Уәлиханов ауданындағы Бидайық орта мектебінің екінші корпусын күрделі жөндеуден өткізу, Петропавл қаласындағы саяжай серіктестіктеріне кіреберіс жолдар салу, электрмен жабдықтау және су тарату желілері құрылысын аяқтау, Жамбыл және Мамлют аудандарындағы мектептерді, Тимирязев ауданындағы стадионды жөндеу, Айыртау ауданының Саумалкөл ауылындағы су тарату желісін қайта жабдықтау үшін қосымша 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.

Үстіміздегі жылы барлық деңгейдегі әкімдердің 872 есепті кездесуі өтіп, онда 1886 ұсыныс-тілек айтылды, оның 30 пайызы – сумен жабдықтау, ауылдарды көркейту және жолдарды жөндеу туралы. Олардың барлығы қаралып, орындау үшін шаралар белгіленеді және ол жайлы тұрғындар хабардар етіледі.

“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдауға бір жылда азаматтардан 8604 өтініш түсті. Облыс әкімдігінің сайтында виртуалды қоғамдық қабылдау жұмыс істейді. Оған 2013 жылы барлығы 501 виртуалды өтініш түсіп, қабылданған шешімдер сайтқа орналастырылды.

Облыста алғаш рет аудандар мен қаланың әкімдері БАҚ өкілдерімен тікелей эфирде кездесіп, журналистердің қызықтырған сауалдарына жауап берді.

2013 жылы 130 брифинг, баспасөз мәслихаты, конференциялар мен жиналыстар өткізіліп, онда облыстың өзекті мәселелері көтерілді. Осылар жайлы баяндай келе, Самат Сапарбекұлы 2014 жылы атқарылатын негізгі шараларды атап көрсетті.

Негізгі баяндама аяқталғаннан кейін облыс әкімі Самат Ескендіров өңір басшысының атына жазбаша келіп түскен сауалдарға жауап берді.

Сұрақ: Айыртау ауданының орталығындағы “Колосок” балабақшасын күрделі жөндеуден өткізуге көмек көрсетсеңіз?

Жауап: Былтыр әлеуметтік нысандарды жөндеуден өткізуге “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 600 млн. теңге қаражат бөлінді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Аталмыш нысан бақылауға алынады.

Сұрақ: (Жамбыл, Есіл аудандарының бір топ тұрғыны) Бауман станциясына, Благовещенка, Николаевка-Спасовка ауылдарына дейінгі жолдар жөнделе ме?

Жауап: Алдыңғы екі елді мекенге дейінгі жолды жөндеу жоспарға енгізілген, ал Николаевка-Спасовка бағытын қолға алу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу қажет.

Сұрақ: “ЗИКСТО” АҚ-ны тапсырыспен қамтамасыз ету қалай шешілмек?

Жауап: Бұл мәселе облыстық әкімдіктің де, “Қазинжиниринг” ҰҚ” АҚ-ның да бақылауында. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев облысымызға келген сапарында кәсіпорында болып, оның проблемасымен танысқан, Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев те бұл мәселеден хабардар. Дегенмен, жыл басынан бері 1,3 млрд. теңгенің тапсырысына келісім жасалды. Жүк вагондарына тапсырыс беру жекелеген компаниялардың қаражатына байланысты.

Жазбаша сауалдар аяқталғаннан кейін Самат Сапарбекұлы залға жиналған азаматтардың жекелеген сауалдарына жауап берді.

Сұрақ: (Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның жеке кәсіпкері). Мен жүк тасымалымен айналысамын. Петропавл-Қостанай бағытындағы Шал ақын мен Ғ.Мүсірепов атындағы аудандар шекараласатын жердегі тас жол өте нашар. Бұл мәселе қашан шешімін табады?

Жауап: Бұл – республикалық маңызы бар жол. Нашар жол шамамен 9 шақырымды құрайды. Қазіргі кезде жолды жаңа технологиямен қалпына келтіру мәселесі қолға алынып жатыр. Аталмыш проблема республикалық деңгейде шешімін табуға тиіс.

Сұрақ: (“Мұнаймаш” АҚ өкілі) М.Әуезов көшесі бойындағы “Мұнаймаш” АҚ-дан темір жол өткелі өтетін жерге дейін жаяу жүргіншілер жолы мүлдем жоқ. Шамамен 200 метрдей жер. Соны шешіп берсеңіз?

Жауап: Биыл “Береке” шағын-ауданына баратын жолдарды қалпына келтіруге қомақты қаржы бөлініп отыр. Екі жүз метр көп жер емес. Шешіледі.

Сұрақ: М.Жұмабаев ауданындағы Медвежка ауылы жерасты құдығының суын пайдаланып отыр. Сапасы нашар. Ауылға су құбыры қашан тартылады?

Жауап: Облысымыздағы 500 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету жоспары республикалық деңгейде әзірленіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін Ақжар, Аққайың, М.Жұмабаев және Тайынша аудандарының жоспары жасалды. Ол 100 жобаны қамтиды. Солардың ішінде Сіз айтқан Медвежка ауылы да болуға тиіс.

Кездесуде Тимирязев аудандық ауруханасын күрделі жөндеуден өткізу, облыс орталығында саяжай үшін тегін жер телімдерін беру, Жұмысшы кентіндегі Зайцев көшесіне колонка орнату жайында сауалдар қойылып, тиісті жауаптар алынды.

Еңбек ардагері,Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Құдайберген Қалиев облысымызда өткен жылы қомақты істер атқарылғанын атап айтып, облыс әкімінің жұмысына оң баға берді.

 

 

Суреттерді түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp