Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Елімізде АҚШ долларының бағамы көтерілгеннен бері көпшіліктің көңілі алаңдаулы. Шетел валютасы қымбаттағаннан кейін тауарлардың бағасы да шарықтайды деп ой түйген жұрт азық-түлік дүкендерінің сөрелерін кейбір тауарлардан босатып тастаған. Соның бір айғағы – қанттың қат болуы. Бір-бірін дүрліктірген жұрт “Отандық тауар өнімдеріне баға қосылмайды” деген тоқтамға назар аударар емес. Өйткені, саудамен айналысатын кәсіпкерлер тарапынан бірқатар олқылықтар жіберілуде. Шындығында да, кейбір тауарлардың көтерме бағасы бұрынғыдай қалса да, бөлшек саудада оларға назар аударарлықтай баға қосып отырған саудагерлер де аз емес. Облыс әкімінің орынбасары, бағаны тұрақтандыру жөніндегі штабтың төрағасы Қайрат Бекеновтің айтуынша, жақында жергілікті телеарнадан қант бағасы туралы мәселе көтеріліп, алып-қашпа әңгімемен өрбіген ақпарат отқа май құйған сыңайлы. Сондықтан ол журналистерден мұндай ақпаратқа сақ болып, бүгінгі жұрттың босқа дүрліккен көңілін орнықтыруға қолғабыс жасауларын сұрады.
Ал қант мәселесіне келетін болсақ, өңірімізді бұл тауармен қамтамасыз етіп отырған “СБК Север” көтерме сауда компаниясы басшысының айтуынша, биылғы теңге девальвациясына дейін өңіріміз бір айда 68 тонналық 4 вагон қантты тұтынып келсе, бүгінгі сұраныс 10 вагонға жетіп отыр. Сондықтан қант өндіретін алматылық “Орта Азия қант корпорациясы” әкімшілігі өңірімізді одан әрі қантпен қамтамасыз ету үшін жергілікті биліктің араласуын өтініп отырған көрінеді. Бұдан кейін тапсырыс орындалып, тауар Алматыдан бізге жеткенше, 7-10 күн уақыт керек. Қанттың көтерме бағасында 5-10 теңге ғана өзгеріс болуы мүмкін.
Сондай-ақ бағаны тұрақтандыру жөніндегі штабтың төрағасы халық көп тұтынатын азық-түліктің басқа түрлеріне де баға қосылғандығын аңғарғанын сөз етті. Әсіресе, көкөністердің бағасы бір көтеріліп, бір түскен. Бұл мәселе бойынша көкөністерді көтерме бағамен сататын “Южный” базарының әкімшісі Симаназ Шаханова өз орталықтарында бағаның тұрақтылығын айтып, ақталды. Десек те, бөлшек саудада баға көтерілген. Мұндай сын “Тайга” сауда орталығына қатысты көбірек айтылды. Сондай-ақ кәсіпкерлер көкөністің кейбір түрлерін көрші Ресей елінен үлкен көліктермен әкетіп жатқандығын құлаққағыс етті.
Жиынды қорытындылаған Қайрат Бекенов саудагер-кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы зор тауарларға баға қоспау, жұрттың көңілін алаңдатпауға шақырды. Ал бағаны тұрақтандыру бойынша қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы штабқа әрі қарай да халық көп тұтынатын тауарларға мониторинг жүргізуді жалғастыруды, бағаның жағдайын тексеріп отыруды тапсырды. Сондай-ақ аудандардағы азық-түліктің бағасын да назардан тыс қалдырмау керек екендігін атап айтты.