Облыс орталығындағы көпқабатты жатақхана қирағалы тұр. Үй қабырғалары жылжып кеткендіктен, тұрғындар апатты жағдайдағы ғимараттан шұғыл түрде сыртқа шығарылды.
Төтенше жағдай 20 ақпанда орын алды. Егемен Қазақстан көшесі, 30-үй мекенжайындағы жатақхананың бірінші қабатында орналасқан дүкеннің жертөлесінде 3 бірдей темір-бетон қабырға жылжып кеткен. Мұны көрген “Экватор” ПИК-інің төрағасы бірден “112” нөміріне қоңырау соғады.
Оқиға орнына ТЖД басшылығы, Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың мамандары, қалалық әкімдіктің өкілдері жедел жетті. Ғимаратты қарап шыққан соң тұрғындарды көшіру туралы шешім қабылданды. Үйдің оң қанатынан 54 тұрғын, дүкеннің қызметкерлері мен ондағы дүние-мүлік қауіпсіз жерге көшірілді.
Үй ғимараты жанында жедел медициналық көмек бригадасы кезекшілік етіп, әйелдер мен балаларды көлікте жылыту қосыны және тұрғындарды көшіру үшін автобус ұйымдастырылды.
Қалалық әкімдік тұрғындарды 1982 жылы салынған апатты жағдайдағы ғимараттан көшіріп, оларды баспанамен қамтамасыз ету жолдарын қарастыруда.
Абырой болғанда, жапа шеккендер жоқ. Оқиғаның себебі мен материалдық шығын көлемі анықталуда.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.