Еліміздегі бірде-бір банк банкротқа ұшырамайды, сондықтан әртүрлі арандатушылыққа құлақ аспау керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлікті ынталандыру және қаржылық секторды сауықтыру мәселелеріне арналған кеңесте мәлімдеді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы ел азаматтарын әртүрлі арандатуларға еріп кетпей, сабыр сақтауға шақырды. “Біздің экономикамыз ойдағыдай және ешқандай да күйреу болған жоқ. Елдегі бірде-бір банк бүгінде банкротқа ұшырамайды. Біз 2009 жылы БТА және өзге банктерге қатысты да мұндайға жол берген жоқпыз, себебі оларда азаматтарымыздың салымдары болды. Біз қазір де бұған жол бермейміз. Біз халықтың басым көпшілігінің қаражаты сақталатынына кепілдік береміз. Ал банктер айналысында дүрбелең тудырғандар қазір табылды және олар жауапкершілікке тартылатын болады. Бәріміз елімізде тыныштық пен тұрақтылықтың болғанын қалаймыз, бұл – барша қазақстандықтардың міндеті. Жоспарлағанымыздың барлығын біз әрдайым орындап келдік”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.