Облыс әкімі Самат Ескендіров Шәміл Шақшақбаев атындағы тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған Петропавл интернат-үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өңір басшысы интернат-үйдегі мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеуге арналған сыныптарды аралап көріп, мемлекеттік мекеменің материалдық-техникалық жағдайымен танысты. 1999 жылы Шәміл Тауфикұлының бастамасымен және тікелей қатысуымен негізі қаланған интернатта бүгінде мүмкіндігі шектеулі 20 бала кешенді қызметтерді қабылдауда. Ал 14 жылдың ішінде оңалту және бейімделу курсынан өткен 48 баланың 14-і денсаулығының жақсаруына байланысты жалпы білім беретін мектептерде білімдерін жалғастырған.
Интернат-үй директоры Татьяна Лузакованың айтуынша, ғимараттың тарлық етуіне байланысты бүгінде үйірмелер мекеменің жертөлесінде өткізілуде. Сондай-ақ облыстағы мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беру мекемесімен толық қамтамасыз ету мәселесі де өткір тұр. Өңір басшысы айтылған мәселелерді жан-жақты қарастыру қажеттігін айтты.
Бұл күні Самат Ескендіров интернат-үй тәрбиеленушілерімен және ұшқан ұяларына қонаққа келген түлектермен әңгімелесіп, мүмкіндігі шектеулі 20 балаға сабақтарын жақсы оқуға септігін тигізсін деген тілекпен планшеттерді сыйға тартты. Балалар өңір басшына алғыстарын айтып, жақсы білім алып, оң жетістіктерге қол жеткізуге уәде берді.
Балалар бұл кездесуде өңір басшысына үй кезегіне, мүгедектік санатынан шығу мәселелеріне қатысты сауалдарын емін-еркін қойды. “Облыс әкімі болу үшін не істеу керек?” деген сұраққа Самат Сапарбекұлы: “Бірінші кезекте мұғалімнің айтқанын екі етпей, берілген тапсырманы тиянақты орындау қажет”, – деп жауап қатты.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.