Петропавлдағы №16 орталау мектептің директоры Данияр Уәлиевтің басқаруымен оқушылардың құрастырған робот техникалары халықаралық “Ev3 білімі Сізді қайда әкеледі?” конкурсында 1-орын иеленіп, сыйлыққа 5 робот техникасын жеңіп алды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Данияр Уәлиев “Робот техникасын құрастыру” үйірмесін облыста бірінші болып қолға алған болатын. Ол үйірмені алғаш рет қалалық классикалық гимназиясының 6 оқушысымен бастады. Петропавлдағы №16 орталау мектептің директоры болып тағайындалған Данияр Серікұлы “Робот техникасын құрастыру” үйірмесін осы білім ошағында және қазақ мектеп-гимназиясында да ашты.
Интернеттен “Instagram” негізінде жарияланған халықаралық конкурс туралы білген соң Данияр Уәлиев оқушыларымен жасаған роботтарының бейне және фото суреттерін электрондық желі арқылы жіберіп отырған. Конкурстың шарты бойынша оған қатысушылардың тіркелу кезінде жасы 18-ден жоғары және білім беру саласында жұмыс істеуі міндетті. Конкурс америкалық “LEGO” компаниясының ұйымдастыруымен өткен. Таяуда қашықтықтан өткен конкурстың нәтижесі белгілі болып, Данияр Уәлиев жеңімпаз атанды.
Америкалықтар бірінші орын алған Данияр Серікұлына құны 6 мың доллар тұратын 5 роботты пошта арқылы жіберіпті. Құрамында қажетті жинақтаушы құрылғыларының бәрі бар.
– Қазір 6 роботпен жұмыс істеп жатырмыз. Бұған дейін бір роботпен 2-3 баланы кезектестіріп жұмыс істейтін едім, енді он шақты баланы бірден қамтуға мүмкіндік туды. Қазір үйірмеге 20-дан астам бала келіп жүр. Біздің жасап жатқанымыз оқу-тәжірибелік роботтар. Балалар оларды құрастырады да бағдарламасын жасайды. Кішігірім роботтарды 2-3 сағатта құрастыруға болады. Өткенде жобаға үлкен робот жасадық, оған 10 сағат уақыт кетті.
Қараша айында Ресейде тағы бір халықаралық конкурс өтпекші. Соған да қатысуға оқушыларымды дайындап жатырмын, – деді Данияр Уәлиев.