Дүкендерге барып, көйлек-көншек, тұрмыстық қажеттіліктердің барлығын да сатып алудың мүмкіндігі шексіз. Нарықтық экономиканың арқасында дүниенің төрт түкпірінде шығарылатын тауарлар елімізге ағыл-тегіл келуде. Бірақ олардың арасынан отандық киім-кешектерді, маталар мен кілемдерді көру арман болған. Тапқан күннің өзінде патриоттық сезіммен өз тауарыңды алғың келгенімен, самсап тұрған шетелдік тауар таразының екінші басын басып кете береді екен.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“АРЗАН КИІМ АЛАТЫНДАЙ, БАЙ ЕМЕСПІН”
Америкалықтардың бұл қағидасын екінің бірі білгенімен, бәрібір сол арзанқол тауарларға ұрынып, екі есе шығынға ұшырап жатқанымыз сапасыз импортпен нарықты үйіп тастағанымыздың салдары болса керек. Десек те, сырттан келіп жатқан тауарлар бір күні тоқтап қалғанын көз алдымызға келтірер болсақ, қаңырап қалатын сөрелерді елестету қиын емес.
Әйтеуір, қай сауда орнына барсаңыз да, Қытай тауарына кезігесіз. Сауда орындарында сатылуымен қоймай, енді ғаламтор дүкендері арқылы Аспанасты елінің саудасы қызып тұр бүгінде. Киіп, ұстап көрмесе де, сол киімді сатып алғысы келетіндер қарасы неліктен көп? Себебі, мұндай киімдердің сыртқы пішіні, пошымы сұранысқа сай. Әр маусымға лайықталған жаңа үлгідегі киім тігуге шебер қытайлықтар біздегі базар атаулыны икемдеп алды. Оның үстіне киім маталары онша қымбат емес, сапасы да жұрттың көңілінен шығып тұр.
Базарды сырт айналып, Сауда үйлеріне барсақ, ондағы шетелдің сапалы киімдерінің бағасы қалтаға салмақ салады. Сапалы киім іздегендер өлшеп сатылатын киім дүкендерін де жағалап жүр. Облыс орталығындағы 20-сыншы шағынауданда орналасқан “Second hand” дүкеніндегі киілген киімдердің бір килограмм 2000-3000 теңге тұрады екен. Дүкен сатушысының айтуынша, сұраныс жоғары болмаса да, алатындар табылатын көрінеді.
Отандық өнімдерді тұтынғың-ақ келеді. Оларды іздеп жүріп табудың өзі қиын. Облыс орталығында шығарылатын етіктердің сапасы нашар болмағанымен, сыртқы пішіні көптің көңіліне қона бермейді. Бағасы біршама қымбат Түркияның, болмаса Қытайдың сән талаптарына сай аяқкиіміне сұраныс біршама артық болатыны да сондықтан. Ал Қарағанды тоқыма фабрикасының сапасыз шұлықтарынан тұтынушылар баяғыда-ақ бас тартқан.
ҚОЛӨНЕРГЕ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ
Әуес ісін кіріс көзіне айналдырған “Клубок” дүкенінің директоры Жанар Нұртаеваның қолөнер бұйымдарын жасау ісімен айналысқанына бір жарым жыл болған. Оның дүкеніне 50-ден астам қолөнерші өздері тоқып-тіккен киім-кешектерін қоятын көрінеді. Сөрелер кішкентай балаларға арналған көйлек-көншектерге, ересектердің киімдеріне, картиналар мен кәдесыйларға лық толы. Киім бағалары өзге өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда төмен екендігін айтады дүкен иесі. Алайда, әзірге тұтынушылар қатары тым сирек.
– Бала кезден тігу, тоқу ісін жақсы көретінмін. Жеке ісімді ашу туралы ойлағанымда бірінші кезекте жіптерді сату, өзім жасаған бұйымдарды саудалау болды. Осылайша алғашқы уақытта дүкенді жалға алу арқылы саудамызды жүргізіп, кейін өз дүкенімізге қол жеткіздік. Біз қолөнер шеберлеріне қажетті бұйымдарды – жіптер мен бисерлерді, басқа да көптеген материалдарды сатумен айналысамыз. Олар арқылы тоқу, тігу, кестелеу, бисермен тоқу, сондай-ақ қолөнер түрлері – декупаж, скрабокинг, канзаши жасауға болады. Шеберлер бізден шикізатты сатып алады да, өздері жасаған бұйымдарын осы дүкенге сатуға қояды. Сатылған заттан түскен пайданың 10 пайызы бізде қалады. Шеберлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Тапсырыс түссе, бірден оларға хабарласып, жұмыспен қамтамасыз етеміз. Қолөнер саласы осылайша күнін көріп отыр, – дейді Жанар Нұртаева.
Көздің майын тауысқан бұйымдарды қымбатсынатындар да табылып жатады екен. Мәселен, дүкен иесі 6 мың теңгеге жіп сатып алып, күрте тоқуға бір апта уақытын жұмсаған. Өз еңбегін бір мың теңгеге бағалап, дайын өнімді 7 мың теңгеге сатуға қойыпты.
– Бүгінде машинамен және қолмен тоқу ісін де жетілдіре бастадық. Алдағы уақытта тоқыма киімдер ательесін ашуды жоспарлап отырмыз. Сұраныс болса, жұмысымыз жалғасатын болады, – дейді дүкен директоры.
Осылайша Жанар сияқты жеңіл өнеркәсіп саласында бағын сынағысы келетіндер мен еңбектері еленбей жүрген шеберлер қолдауға зәру болып отыр. Бүгінде кәсіпкерлердің жеңіл өнеркәсіппен айналысқаннан гөрі шикізат өндіруді анағұрлым тиімді санайтыны да сондықтан.
ШИКІ КҮЙІНДЕ ШЕТЕЛ АСАДЫ
Жалпы елімізде жыл сайын 400-450 мың тонна мақта жиналып, 15-27 мың тонна жүн және 7,5 миллион тонна тері өндіріледі екен. Елде шикізатты өңдеп, дайын өнім шығаратын фабрикалардың қарасы тым аз болғандықтан, ауылдарды аралап жүріп, арзан пұлға темір-терсек, жүн-жұрқа жинайтындар шикі өнімдерді шетел асырады. Ондағылар шикізатты дайын өнімге дейін жеткізіп, оларды өзімізге қайыра сан есе артық бағаға сату арқылы мол табысқа қол жеткізіп отырғаны да ешкімге жасырын емес.
Облыстық Статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы өңірімізде жеңіл өнеркәсіп саласы 31 пайызға дамыпты. Әйтсе де жеңіл өнеркәсіптің ауыр жүгін арқалап жүрген бірқатар кәсіпорын пима басатын, бас киім және аяқкиім тігетін бірқатар өндіріс орындары тұралап қалған жеңіл өнеркәсіп саласының жағдайын жақсартуға қауқары жетпесі тағы да белгілі.
Бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін бізге жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мен ірі кәсіпорындар қажет екен. Бұл, әрине, атқарушы билікке тиесілі шаруа. Әйтпесе өзінің сүйікті ісінен пайда табуға ниет еткенімен, өнімдерін өткізе алмай отырған қолы алтын қолөнершілер аз емес.