Серік БІЛӘЛОВ,
Парламент Сенатының депутаты.
«Армансыз адам – қанатсыз құс» дейді халқымыз. Арманы асқақ адамдардың өмірде қол жеткізген асулары да асқақ екендігін көріп жүрміз. Сол сияқты арманы биік елдің де шығар тауы биік болатындығына өз еліміздің жарқын мысалы арқылы кәміл көз жеткіздік. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сонау, Кеңес Одағы күйрегеннен кейінгі экономикалық дағдарыстың беті әлі қайта қоймаған 1997 жылы халыққа алғашқы Жолдауын арнап, «Қазақстан – 2030» Стратегиясын белгілеп, буыны бекіп, бұғанасы қатая қоймаған жас мемлекетіміздің алдына дүниежүзіндегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылу міндетін қойғанда бұған таңдана қарағандар да, күмән білдіргендер де аз емес еді. Мен ол кезде Бескөл құс фабрикасының басшысы міндетін атқарып жүрген болатынмын. Біздікі сияқты кәсіпорындар жаңа экономикалық қатынастарға көшу қиындықтарын жеңе алмай, бірінен соң бірі жабылып жатқан кезде біз байырғы өндірісті қайтсек те сақтап қалу үшін жанымызды салып, қолдан келген амалдың бәрін жасап, ұжыммен бірге қиналсақ та, сыр бермеуге тырысып, «көппен көрген – ұлы той» деп жүрген кезіміз еді. Сондай алмағайып шақта Елбасымыздың өзінің ертеңгі күнге деген нық сенімін білдіріп, жасампаздық идеяларын жариялауы менің де жігерімді жанып, қолтығыма қанат байлағандай әсер еткен. Ал 1999 жылы мен мемлекеттік қызметке ауысып, өзім туып-өскен Мағжан Жұмабаев ауданын басқаруға жіберілдім. Содан бері Мемлекет басшысы алға қойған мерейлі міндеттерді жүзеге асыруға мемлекеттік қызметші және кейінгі кезде Парламент Сенатының депутаты ретінде атсалысып, шама-шарқымша үлес қосуды өзімнің ең басты азаматтық парызым деп санап келемін.
Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында «Қазақстан – 2030» Стратегиясы мерзімінен бұрын орындалып, алдыңғы қатарлы елулікке ендік. Бұл өтпелі кезеңнің қиын-қыстау уақытында Президентімізге зор сенім артып, «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара» білген, ынтымақ-бірлігі жарасқан барша халқымызға ортақ қуаныш, ортақ абырой. Соған орай Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясын айқындап, қалыптасқан мемлекетіміздің алдына дүниежүзіндегі ең дамыған отыз елдің қатарынан көріну міндетін қойды. Бұл биік міндет те бұлжытпай орындалатындығына еш күмән болмауға тиісті. Өйткені, біздің елімізді қилы заманның қиын сындарынан сүріндірмей, алға бастап келе жатқан кемеңгер Елбасымыз және өз тағдырын сеніп тапсырған Ерінің соңынан ере білген, еңбекқор да елгезек халқымыз бар.
Мемлекет басшысы биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында озық отыздыққа қосылудың стратегиялық бағытын жүзеге асыратын нақты жоспарды белгілеп, Мәңгілік Ел құруды Ұлттық Идеямыз ретінде ұсынды. «Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел! Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан – 2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама?! Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек», – деп тебірене айтты Елбасы өзінің кезекті Жолдауын жариялағанда. Елбасымен бірге ел де тебіренгені анық.
Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру мақсатында үстіміздегі жылы ел Үкіметі мен Ұлттық Банкке нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, біріншіден, биыл экономика өсімі 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз етілуі, халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 14,5 мың доллардан кем болмауға тиіс. Екіншіден, 2014 жылғы 1 мамырға дейін инфляцияны ортамерзімді перспективада 3-4 пайызға дейін төмендетудің кешенді шаралары әзірленбекші. Үшіншіден, 2014 жылғы 1 маусымға дейін Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы әзірленетін болады. Төртіншіден, мемлекеттің қатысы бар барлық компанияларға талдау жүргізіліп, жеке секторға берілетін кәсіпорындар тізімі анықталуға және биылғы жылдың бірінші тоқсанында Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы қабылдануға тиіс. Бесіншіден, осы жылдың соңына дейін Астана және Алматы қалаларында агломерациялар қалыптастырудың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиясының жобасы әзірленеді. Алтыншыдан, 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін халықаралық сауданы іске асыру кезіндегі кедергілерді алып тастау мәселелері қарастырыла отырып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жасалады. Жетіншіден, биылғы бірінші тоқсанның аяғына дейін еліміздегі төртінші мұнай өңдеу зауыты мен жаңа атом электрстансасының салынатын орындары, оларға қажетті инвестициялар көздері мен құрылыс мерзіміне қатысты мәселелерді шешу тапсырылды.
Жыл сайынғы Жолдауының қайсысында болсын Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру шараларына ерекше назар аударып келеді. Биылғы Жолдауға сәйкес Үкіметке азаматтық қызметшілердің еңбекақысының жаңа үлгісін жасау және оның мөлшерін 2015 жылғы 1 шілдеден бастап денсаулық сақтау саласы бойынша – 28 пайызға, білім беру саласы бойынша – 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласы бойынша 40 пайызға көбейту тапсырылды. Ал мүгедектікке және асыраушысынан айрылуға байланысты төленетін әлеуметтік жәрдемақы көлемі 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға ұлғайтылады. Студенттердің стипендиясы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап 25 пайызға өсірілетін болады.
Бұған қоса, Елбасымыз теңгенің биылғы девальвациясына байланысты халықтың жағдайын ойлап, Үкіметтің үстіміздегі жылғы 14 ақпанда болған кеңейтілген отырысында ел тұрғындарының табыстарын қолдау жөнінде қосымша 6 тапсырма берді. Атап айтқанда, ел Президенті 2014 жылғы 1 сәуірден бастап мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік қазынашылық кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтық қызметшілердің лауазымдық еңбекақысына ай сайын 10 пайыздық қосымша төлем қарастыруды, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының құрамына кіретін компаниялардың тікелей өндірісте еңбек ететін жұмысшыларының еңбекақысын 10 пайызға арттыруды, биылғы жыл басында жасалған өсім мөлшерін ескере отырып, зейнетақы төлемдерінің көлемін 14 пайызға, ал әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек көлемін 12 пайызға, студенттердің стипендияларын 10 пайызға ұлғайтуды, сондай-ақ ірі тау-кен, металлургия, мұнай-газ секторындағы компанияларға және өзге де салалардағы кәсіпорындарға өндірісте жұмыс істейтін еңбеккерлердің еңбекақысын 10 пайызға арттыру мәселесін қарастыруды тапсырды. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Үкіметтен азық-түлік пен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың негізгі түрлерінің, жанар-жағармайдың, дәрі-дәрмектің бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ өнімдердің тапшылығына және коммуналдық қызметтер тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеуді қатаң талап етіп отыр. Сондықтан да теңгенің айырбас бағамының өзгеруіне байланысты түрлі алыпқашпа сөздерге еріп, босқа дүрлігудің еш қисыны жоқ. Осыған дейін елімізде екі рет болған теңге девальвациясы жас мемлекетіміздің экономикалық мүддесін қорғау мақсатында жасалғандығын, одан халқымыз ұтпаса, ұтылмағанын ұмытпағанымыз жөн. Елбасымыз үстіміздегі жылғы теңгенің айырбас бағамын өзгерту де еліміздің экономикасының 6 пайыздық өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін қадай айтқан болатын.
Қазір Президент Жолдауын жұртшылыққа кеңінен түсіндіру жұмысымен қатар, онда алға қойылған айқын міндеттер мен берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындау жөніндегі қауырт шаруа басталып та кетті. Біз, Парламент депутаттары да Тұңғыш Президентіміз – Елбасы белгілеген ұлы мақсат – Мәңгілік Ел болу, дүниежүзінің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарынан орын алу жолындағы жалпыхалықтық патриоттық қозғалыстың әрдайым алғы шебінен көрінуді өзіміздің басты міндетіміз әрі асыл парызымыз деп білеміз.