Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ұн өнімдері нарықта үлкен сұранысқа ие. Осы бағытта шағын және орта бизнестің тізгінін ұстағандардың қатары да қалың. Қазақстандық кәсіпкерлердің өнімдерін былай қойғанның өзінде, шетелдерден әкелінетін тауарлардың өзі қаншама?! Бүгінде кондитерлік өнімдер шығарумен айналысатын кәсіпорындар өз жұмыстарын заман талабына сай ұйымдастыра білсе ғана бәсекелестіктің қиындықтарын еңсере алады.
Петропавл қаласындағы “Кондитер Макс СК” ЖШС-і – өзінің сауда белгісін өңірімізде ғана емес, республика аумағына танымал еткен іргелі кәсіпорындардың бірі. Ұннан жасалатын өнімдерді пісірумен айналысатын серіктестік бүгінгі таңда 120-дан астам кондитерлік тауар түрін шығарады. Кәсіпорынның қабырғасы қаланған 14 жыл ішінде олар өз беделімен тұтынушылар қатарын қалыптастырып та алған. Өндірісті одан әрі табысты ету үшін оның мамандары әр кез нарық сұранысына сараптама жасап, оның қортындысы бойынша тауар түрлерін өзгертіп отырады. Былтырдан бастап серіктестіктің қожайыны ауысқанымен, ұжымның құрамы, сауда белгісі және шығарылатын өнімдердің негізгі түрлері бәз қалпында сақталған. Жаңа әкімшілік жұмыстың бағытына ғана аздаған өзгерістер енгізген сыңайлы.
– Кәсіпорынның еңбеккерлері өз орындарында жұмыс істеуде. Тіпті, кәсіпорынның атауына “СК” деген таңба ғана қостық, өйткені оның осы атаумен жеткен жетістіктері бар. Ал жұмыс істеу бағытын өргерткеніміз рас. Бұл кәсіпорын табысты болған соң сатылып алынған. Алайда, біз бастаған кезде жұмысты ұйымдастыру шараларында қиыншылық бар екенін аңғардық. Кәсіпорынды басқарып келе жатқан жарты жылда өз мақсатымыз бен мүддеміз айқындалды. Бүгінде біз тек тапсырыс бойынша жұмыс істеу тәсіліне көштік. Әрине, соңғы жылдары қандай кәсіпорында болсын дағдарыстың әсері сезіліп, өнімділік азайды. Бұл қиындықты еңсеру үшін тауардың сапасы мен жаңа түрлерін көбейтуді мақсат етіп отырмыз, – дейді кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Павел Новиков.
“Кондитер Макс СК” ЖШС-нің басқа кондитерлік өнім өндірушілерден өзгешелігі – ол тек ұннан жасалатын өнімдер: печенье, вафли, кекс, орама, пряник, шығыс тәттілерін шығарады. Бүгінде сауда орындарының сөрелерінде ұннан жасалған тәтті тағамдардың түр-түрін көруге болады. Сондай-ақ ол тағамдар қазір пештен шығарылғандай дәмді әрі жұп-жұмсақ. Ендеше бұл саланың кәсіпкерлеріне де үлкен бәсекелестікті жеңуге тура келеді. Сондай-ақ тәтті тағам өндірушілер қатары көп болғандықтан, олардың тауарларында ұқсастық та байқалады. Олардың кейбір тағамдарының дәмі бізге бала кезден таныс, яғни халықтық сипат алған өнімдер қашанда өміршең келері сөзсіз. Алайда жұртқа ұнайтын тағамның құрамына әр кәсіпорынның технологы өзінше дәм беріп, өзгертуге тырысады. Өнімнің технологиясын немесе құрамындағы шикізаттардың мөлшерін сәл өзгерісте болғаны, тағамның дәмінде айырмашылық болары сөзсіз.
– Жаңа тағамның құрамын өзіміз жасаймыз. Осындағы білікті еңбеккерлермен ақылдаса отырып, жаңа өнімнің үлгісін пісіріп көреміз. Көңілден шыққан тағам дегустациялық комиссияға ұсынылады. Ал олардың сынынан сүрінбей өтсе, тағам өндіріске шығарылады. Өндірістегі әр өнім жыл сайын тексеріліп, оған тиісті сертификат беріледі. Алайда өнім бір жылға сертификатталса да, ол жақсы өтпейтін тауар болса, өндірістен алынып тасталады. Біздегі “Бонжур” “Вольна”, “Ареон”, “Лазер” деген сияқты тәтті тағам түрлерін бүгінге дейін пісіріп келеміз. Біз тұтынушыға ұнайтын, көп сатылатын тауарлармен ғана нарықты бағындыра аламыз, – дейді кәсіпорын технологі Татьяна Павельева.
Кәсіпорын өнімдерінің сатылу географиясы Қазақстан бойынша жылдан-жылға ұлғайып келеді. Алдағы бір-екі жылда Ресей нарығына шығару да ойда бар. Қазірдің өзінде Омбы өңірімен азын-аулақ сауда байланысын орната бастаған. Кәсіпорынның жаңа басшылығы жұмысты тікелей тапсырыс бойынша ұйымдастырып отырғандықтан, бұрынғыдай қойма толтыру мақсатын көздемейді. Бұл тауардың ескіріп кетуіне жол бермеудің амалынан жасалған шешім. Осыдан 1-2 жыл бұрын кәсіпорын өнімділігі айына 50-60 мың тонна болса, қазір оның жартысы ғана өндіріледі. Әрине, бұл ретте экономикалық дағдарыстың да ызғары бар. Кәсіпорын бизнесті дамытудың тиімді жолы ретінде өзгенің тәжірибесінен ұлағат алғанды жөн санайды. Сондықтан өндіріске шетелдік әріптестерін немесе республикадағы жақсы мамандарды шақырып, олардың шеберлігінен үйренуді қош көреді. Еуропалық кәсіпкерлердің көпшілігі отбасылық шағын бизнеспен айналысатындықтан, олардың кәсіпорынның өнімділігі мен тауарларының таратылу ауқымы кең екендігіне таңданатындығын кәсіпорын технологі жасырмайды.
Бұл серіктестікте өткір тұрған мәселелердің бірі – мамандар тапшылығы, ең бастысы – олардың тұрақсыздығы. Татьяна Александровна адамның бұл кәсіпке үйренуі оңай емес, сондықтан өндіріс басына келген адамның тамақ пісіруге деген талабы зор болса дегенді айтады. Шындығында, үй шаруасындағы әйелдердің көңілсіз күйде жүріп илеген қамыры немесе пісірген тамағы дәмді болмайтыны белгілі. Сол сияқты тамақ өнеркәсібі саласындағы еңбекке сүйіспеншілік болмаса, жұмыс істеу оңайға соқпайды. Ал кәсіпті бар ынта-жігерімен атқарып, қолдары дағдыланған маманның жылдан-жылға шеберлігі артып, еңбегі де жоғары бағаланары сөзсіз. Сондай-ақ мұндағы жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді, өндірістің бір әрекетінде қате кетсе болғаны, ол кәсіпорын үшін қаншама ысырап, сондай-ақ тұтынушылардың дастарқанына дәмсіз тағамдар түсуі ықтимал. Мұндай шалалық өндірушінің абыройына нұқсан келтіреді.
– Жастар жұмыстың талабымен таныспай жатып, еңбекқысының қанша болатынын сұрайды. Сондайларға таңғаламын. Қолынан түк келмесе де, еңбекақыны үйіп-төгіп алғылары келеді. Олар өздерін жаңа заманның адамы екендерін сезбейтін сияқты. Бүгінгі қоғамда адамның еңбегі оның біліктілігі мен шеберлігіне қарай бағаланады. Бізде мамандардың еңбекақылары жылдан-жылға өсіріледі. Өйткені ол тұрақты жұмыс істеп, тәжірибе жинап, кәсіпорынның өнімділігіне өз үлесін қосады. Ал жаңадан келген адамды үйретіп алып, оның еңбегінен жақсы табыс көргенше, бірталай уақыт өтеді. Кейбіреулер келгенде жұмыс қалай істелетінін білмейді. Келген адамның бәрін үйретеміз, бірақ, жұмыс ауыр болған соң талабы төмен адамдар оны игере алмай, кетіп жатады. Жалпы тағам пісіру әр нәрсенің мөлшеріне тәуелді болғанымен, жұмысты ішкі түйсікпен атақарған жөн. Тіпті, ұнның ылғалдылығына қарай пайдаланылатын қоспалардың мөлшері өзгеріп отырады. Сондықтан нағыз маман ұнды қолымен ұстап-ақ оның құрамына қосылатын қоспалардың мөлшерін белгілей алады. Бар ниетіңмен істелген тағам ғана дәмді шығады,– дейді Татьяна Александровна.
“Кондитер Макс СК” ЖШС-де 25 адам жұмыс істейді. Өңірлік азық-түлік өндіруші кәсіпорындарға облыс орталығында мамандар даярлайтын екі-үш оқу мекемесі де бар. Макстықтар олармен тығыз байланыс орнатып, ондағы оқушылардың тәжірибеден өтуіне көмектесіп, кейін кәсіпке ебі барларын өздеріне жұмысқа шақыратын кездері де жиі болады. Мұндағы тағам дайындайтын құрал-жабдықтардың бір бөлігі заманауи болса, қайсібірі ескінің көзіндей болса да, жұмыс істеп тұр. Бұл, әрине, бүгінгі басшыларға тағы бір міндет жүктейді. Қанша дегенмен бүгінгі заманауи техникалар адам еңбегін әлдеқайда жеңілдетіп, өнімділік пен сапаны арттыратыны белгілі.
Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.