«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАН ІЗІМЕН ЖҮРГЕНДЕЙ БОЛАСЫҢ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ахметжан ҚУАНТАЕВ,

журналист.

60 жылдан астам атын атауға да тыйым салынған Мағжан Жұмабаевтың халқымыз үшін орны ерекше. Сондықтан ұлы ақын толық ақталған 1989 жылдан бері оның өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеу еңбектердің көбеюі заңды. Мағжан атын білмей өскен ұрпаққа Алаш мақтанышының ұлылығын дәріптеу, теңдесі жоқ шығармаларын насихаттау – ұлт рухына еңбек ету деуге болады.

Міне, осы игі іске жиырма жылдан астам уақыт бойы атсалысып келе жатқандардың бірі – белгілі ұстаз, өлкетанушы Қайролла Мұқанов. Оның қаламынан шыққан мақалалар Мағжан өмірінің көпке белгісіз сырларына, ақын шығармаларының астарлы қырларына арналып, жыр пайғамбарын баршаға танымал ету ісіне елеулі үлес болып қосылды.

Жуырда жерлес мағжантанушының «Мағжан ізімен» атты тағы бір кітабы жарық көрді. Онда Мағжанның өмірі, көзқарасы, шығармашылығы жан-жақты сарапталған. Автордың әр жылғы мақалалары, зерттеу еңбектері Мағжанның азаматтық ұстанымына, ақындық деңгейіне, ұлт мәдениетіндегі теңдессіз орнына арналған. «Мағжан өз тегін де, өз жерін де мадақтаумен өткен, өміріндегі азаматтық орнын ардақтауға ұмтылған, өлең сөздің асыл маржанын төгілткен, сұлу жырымен оқырманын егілткен, өне бойы қапаста, қайғы мен қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт кеткен, өзі айтқандай, соры арылмаған халқының зарлы перзенті», – дейді автор.  

Ақынның балалық шағынан бастап, өмірінің соңына дейін мағлұмат беретін кітапта Мағжанның ата тегі, туыстары жөнінде көптеген деректер келтірілген. Атасы Жұмабайдың жиендері, оның ішінде Жамал Тастемірова-Бердіқожина, Софья Есенжанова, Серғазы Нұрмағамбетов, Ғаділша Қаһарманұлы және басқалары туралы деректер беріліп, олардың қазіргі ұрпақтарына дейін таралады.

Өзі де, сөзі де сұлу ақынның әр кезде көңілі ауып, жыр арнаған әйелдері туралы әдепті әңгімеленіп, ақынның жары Зылихаға сүйіспеншілігі, оның «халық жауының әйелі» ретіндегі қиын да азапты тағдыры әңгімеленеді.

Мағжанның өмірін оқырман санасына ұмытылмастай етіп жеткізуге зерттеушінің ақын ғұмырындағы түрлі кезеңдердің маңызды оқиғаларын «Мағжан – Қызылжарда», «Мағжан – Омбыда», «Мағжан – Ташкентте», «Мағжан – Мәскеуде» тараулары жан-жақты баяндайды. Осы қалалар ақын тағдырында қандай орын алғаны туралы салиқалы ой өрбітіледі.

Кітаптың тағы бір ерекшелігі – Мағжанның Міржақып Дулатовпен, Жұмағали Тлеулинмен, Сәкен Сейфуллинмен, Сәбит Мұқановпен танысу жағдайлары, олармен қарым-қатынасы туралы осыған дейін көпке белгісіз болып келген деректер енгізілгендігі.

Қ.Мұқановтың кітабында Мағжанның ұстаздық жолы, өткен ғасырдағы қазақ қоғамының бала тәрбиесі ғылымына елеулі үлес болып қосылған «Педагогика» еңбегіне, балаларға арналған шығармаларына қатысты қызғылықты мақалалар бар.

Қ.Мұқановтың еңбегін айрықша тартымды ететін жайт – кітаптағы ақынға қатысты маңызды деректер жүйеленіп, шоғырландырылуы. Мысалы, атауы меңзеп тұрғандай «Жыр пайғамбарының ұстаздары» тарауы кезінде әкесі Бекен ауылындағы мұғалімі, бала Мағжанның сауатын ашып, өлеңге ынтасын оятқан Яхия Ақанов туралы мақаламен басталады. Қызылжар медресесінің имамы Мұхамеджан Бегішев те Мағжанға кең дүниенің есігін ашып, әртүрлі ғылымдарды оқытып, араб, парсы, татар ақындарының, Абайдың өлеңдерімен таныстырып, жас жігіттің рухани қалыптасуына баға жетпес еңбек сіңірген. Мағжанның дүниетанымына зор ықпалын тигізген, орыс тілін жетік меңгеруіне көмектескен белгілі алаш қайраткері Міржақып Дулатов туралы да әңгімеленген. Осы тарауда дарынды жас ақынға ақылшы болып, 1912 жылы «Шолпан» атты өлеңдер жинағын шығаруға көмек көрсеткен Мағжанның «Ғалия» медресесіндегі ұстазы, белгілі татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтің ағалық камқорлығы туралы да айтылған.

Мағжанның Мәскеудегі Жоғары әдеби-көркемөнер институтында 1923-1926 жылдары орыстың көрнекті ақыны Валерий Брюсовтан алған білімі, оның жасаған қамқорлығы, «қазақтың Пушкині» деп атағаны да осы тарауда.

Кітаптың қызықты тарауларының бірі – «Мағжан эпиграммаларының кейіпкерлері». Ақиық ақын кейін бүкіл халыққа танымал болған қазақ зиялылары туралы жеңіл әзілмен жазған эпиграммалардың астында әр кейіпкер туралы қосымша деректер берілген.

«Мағжанмен таныс болғандар» деп аталған бөлімде 200-ден астам кісінің аты-жөндері ғана жазылып қоймай, олардың кімдер екені, қысқаша өмір жолдары көрсетіліп, Мағжан олармен қай жылдары, қай қалаларда танысып, қандай қатынаста болғаны туралы мағлұматтар келтірілген.

Кітапқа Қайролла Мұқановтың Мағжан туралы орыс тілінде жазған мақалалары да енгізілген.

Басылым Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Асыл мұра» орталығының жұмыс жоспары аясында шығарылған.

Бұл кітапты оқығанда, шынында да, Мағжан ізімен жүргендей боласың…

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp