«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРДЕ ӨЗГЕРМЕЙТІН ЕШТЕҢЕ ЖОҚ Мұны әлемдік валюталардың бағам құбылысы байқатып отыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлемде ерекше бой көрсетіп отырған ұлттық валюталардың құнсыздануы қазіргі басты экономикалық тақырыптардың біріне айналуда. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, мұндай жағдайға қарқынды дамушы елдер тап болуда. Олардың арасында Үндістан, Бразилия, Ресей, Түркия секілді ірі елдер де бар. Бұл жағдай неден туындап отыр?

Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

Бүкіләлемдік банктің бас­қа­рушы директоры Шри Мульяни Индра­ватидің осы тақырыпта жазған мақаласына қарағанда, дамыған елдер басындағы дағ­дарыс бұлты біршама сейіліп, олардың экономикасы қалпына келе бастағанымен әлемнің дамушы және енді қалыптасушы экономикалары төтенше қиын­дықтарға тап болуда. Бұл экономикалар осының алдындағы бес жыл көлемінде өз дамуларында екпін танытып, басымдық көрсете бастаған болатын. Енді оларға қайта күшіне ене бастаған дамыған елдер экономикасы күшті бәсекелестік көрсете бастаған. Бі­рақ басты себептің өзі бұл емес.

Шри Мульяни Индраватидің жазуына қарағанда, АҚШ-тың феде­ральдық резерв жүйесі дамушы елдерді қаржыландыру тәртібін қа­тайтқан. Демек, ендігі жерде дамушы елдер де өз тә­сілдерін өзгертіп, жедел түрде қосымша шаралар қа­былдауы тиіс. Осы ретте АҚШ феде­ральдық резерв жүйесінің несие қаржы саясатын қатайтуына байланысты Бүкіләлемдік банктің жасаған болжамы бойынша 2013 жылы дамушы елдерге келіп жатқан капитал көлемі олардың ішкі жалпы өнімімен есептегенде 4,6 пайызға азайған болса, енді 2016 жылға дейінгі аралықта тағы да 4 пайызға жуық азая түспек. Демек, дамушы елдерге, қалай алып қарағанда да, қиындықтың алдын алу үшін қосымша әрекеттерге бару қажет. Егер бұлай болмаған жағдайда капиталдың келуі мұнан да төмен­деп, кейбір елдерде ол санаулы айлардың ішінде 50 пайызға дейін қысқарып кетуі ғажап емес.

АҚШ федеральдық резерв жүйе­­сінде енгізілген жаңа тәртіп ең алдымен, осы уақытқа дейін эко­номи­калары неғұрлым нәзік деп баға­ланған Түркия, Бразилия, Ин­до­незия, Үндістан және Оң­түстік Африка секілді елдерге жедел әсер еткен секілді. Енді осын­дай елдердің кейбіріндегі жағ­дайларға тоқталып көрейік.

Бразилия

Осының алдындағы үш айдың ішінде әлемдегі ірі елдердің бірі деп саналатын Бразилияның ұлт­тық валютасы реал 15,5 пайыз құн­сызданған. Соңғы төрт жылдың ішінде реал құны бұлайша күрт төмендеп көрген емес.

Осы жағдайға байланысты ел үкіметі экономиканы қолдау мақ­сатында бірқатар шаралар қабыл­дағанымен, бұл шаралардың басым көпшілігінің өзі жағдайды оңалтудың орнына кері әсер берген секілді. Осы­ған байланысты сарапшылар Бразилия экономикасы 2014 жылы жоспарланған 2,5 пайыздың орнына енді 2,2 пайыз ғана өсім көрсете алады деп отыр.

Ел экономикасында жұмыс істейтін ірі трейдерлер ендігі кезекте елдің қаржы саласында орын алып отырған инфляция­мен күрес бастайды, осыған орай қаржы саясатында рынок үшін жағымсыздау тиетін төтенше шараларға барады деген қорқынышпен өз қол­­дарындағы осы елдің мем­лекеттік құнды қағаздарын же­делдетіп сатуға кіріскен. Бұл жағ­дай Бразилияның қаржы минис­трі Гвидо Мантега тарапынан ескерусіз қалмады. Ол жуықта ға­на елдегі инвесторларға егер олар жергілікті ұлттық валютаға қарсы күмәнді әрекеттерге баратын болса, онда олар өз капиталдарын жоғалтатындығын қатаң ескертті.

Әдетте, ұлттық валюта де­валь­вациясының, яғни құн­сыз­дануының екі түрі болатындығы белгілі. Олар – ресми ашық құн­сыздандыру және жасырын құнсыздану. Билік қолымен жа­салатын ұлттық валютаны ашық құнсыздандыру шарасы – халық алдында оншама абырой әпермейтін шара. Өйткені, қоғамда мазасыздық пайда болып, осыған байланысты билікке қарсы саяси топтар ұпай жинауға кіріседі. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, не нәрсені болса да ашық мойындаған жақсы. Өйт­кені, «ауруын жасырған арам өледі», деп біздің қазақ халқында айтылғанындай, экономикалық түрлі кеселдер жағдайында ашық түрде дереу іске кіріспесе, жағдай біраздан кейін бақылаусыз кетіп, бұдан ұлттық экономикалар көп ұтылып қалуы әбден мүмкін.

Осындай жағдайға қарамастан, әзірге Бразилия үкіметі реалдың жасырын құнсыздану жағдайын қалап алған секілді. Бір есептен алғанда, мұны да түсінуге болады. Өйткені, реал үш айдың өзінде АҚШ долларына қатысты алғанда 15,5 пайыз құнсызданып кетті. Енді бір шекке жетіп тоқтауы мүмкін. Бразилия үкіметі осындай жағдайдан дәмететін секілді.

Бірақ елдегі бірқатар эко­номис­тердің соңғы кездері таратып отырған пікірлеріне қарағанда, реалдың құнсыздануы одан әрі жалғаса беретін секілді. Өйткені, 24 қаңтардан бастап елдегі эко­номикалық субъектілерде құн­сызданудың екінші толқыны жү­ріп берді. Соған байланысты ел­дегі капитал сыртқа қаша бас­тады. Қаржы министрі Гвидо Мантеганың айтуына қарағанда, бұл жағдай АҚШ федеральдық резерв жүйесіндегі өзгерістердің тікелей салдары болып табылады.

Түркия

Сочиде өтіп жатқан Қысқы Олим­­­пиаданың ашылу салтанатына Түркия премьер-министрі Реджеп Тайип Эрдоғанның да қатысқандығы белгілі. Бірақ, өкінішке қарай, Түркия үкіметінің басшысы мұнда тек Олимпиада салтанатын қызықтау үшін ғана келмегендігі артынан белгілі болды. Ол Ресей президенті Владимир Путинмен оңаша кездесіп, Ре­сейден Түркияға жеткізілетін газ бағасын төмендетуді сұраған. Эрдоған осындай мақсатпен Иранға да барып, жоғарыдағыдай келіссөздер жүргізген көрінеді.

Халықаралық сарапшылардың пікіріне қарағанда, Түркияның газ сатып алу қабілеті соңғы уақыттары осы елдің ұлттық валютасы лирдің құнсыздануына байланысты көп төмендеп отыр.

Жалпы, көгілдір отын мәселесі Мәскеу мен Анкара арасындағы стратегиялық қатынастарда ерекше орын алады. Осыған байланысты ен­дігі кезекте Ресейден газ сатып алатын басқа да еуропалық елдер бұл үдерістің аяғы қайда апарып соғатындығын мұқият бақылауда ұстап отырғандығы көрінеді. Егер Ресей Түркияға сатылатын газ бағасын төмендететін болса, онда еуропалықтардың да осындай қадам­дарға баруы әбден мүмкін.

Түркияның қуат көздеріне жұм­саған шығыны өткен жылы 56 миллиард долларды құраған. Бұл – аз шығын емес. Егер лир бағасы қайта қалпына келмейтін болса немесе Ресей Түр­кияның газ бағасын төмендету жө­ніндегі өтінішін қабылдамайтын болса, онда бұл елдің үкіметіне ха­лық пен компанияларға сатылатын көгілдір отын бағасын көтеруден бас­қа амал қалмайды.

Жыл басынан бері ғана түрік лирінің құны долларға қатысты алғанда 15 пайызға төмендеп кетті. Осыған байланысты түрік орталық банкі қаңтар айының соңында бере­тін несиесінің сыйақы ставка­сын бұрынғы 7,5 пайыздан 12 па­йызға дейін көтерді. Бұл шара банк үшін бір жағынан пайдалы болып көрінгенмен, екінші жағынан алғанда экономикадағы ахуалды одан әрі ушықтыра түсетіні белгілі. Бүкіләлемдік банкінің болжамы бойынша, бұрын жыл сайын 8-9 пайызға дейін өсім көрсетіп келе жатқан елдің ішкі жалпы өніміне қосылатын кіріс көлемі күрт төмендейтін болады. Мұның алғашқы нышаны өткен жылдың өзінде сезілді. 2013 жылы түрік экономикасының дамуы бар болғаны 2 пайызды құрады.

Сарапшылардың мәлімдеуінше, Түркия экономикасының дағда­рысқа түсе бастауына АҚШ фе­деральдық резерв жүйесіндегі қаржыландыру шараларының қатайтылуы ықпал еткен. Сөйтіп, Түркия экономикасынан Америка ақшасының кете бас­тауы күтпеген қиындықтарға әке­ліп соқтыруда. Өйткені, бұл елде қиын кезеңдер үшін жинақталып отырған қаржы қорының көлемі өте аз. Өткен жылы бюджет тапшылығы елдің ішкі жалпы өнімінің 8 пайызын құрады. Оның үстіне Түркия өткен жылы 3 миллиард доллардан астам тікелей инвестицияны жоғалтып алды. Осы жағдайлардың бәрі лирдің құнсыздануына тікелей әсер етіп отырған көрінеді.

Венесуэла

Бұл елде ұлттық валюта – боливарды девальвациялау 2010 жылдың қаңтар айында ғана жүзеге асқан болатын. Ол кезде ел үкіметі 1 АҚШ долларының бағасын 2,15 боливардан 4,3 боливарға дейін көтерген болатын. Яғни, боливар тура екі есе құнсызданған еді.

Венесуэла да – біздің Қазақстан секілді мұнайға бай елдердің бірі. Сарапшылардың пікіріне қара­ғанда, осы байлық көзі орнымен пайдаланылмайтын секілді. Өйткені, ел экономикасы қысталаң жағдайға жиі-жиі тап болып қалып жүр. Соның тағы бір көрінісі, осы елде боливар­ды девальвациялау шарасының 2013 жылы тағы да қолға алынуы. Осындай шараға бару қажеттігін өткен жылы қайтыс болған ел басшысы Уго Чавес марқұм Кубада екі ай емделу кезінде тапсырған көрінеді. Бұл шараның мәні – мұнай сатудан түсетін қаржыдан Венесуэла үшін тағы да 13,4 миллиард қосымша кі­ріс алу. Сөйтіп, бұл ел соңғы он жыл ішінде өздерінің ұлттық валютасын бес рет құнсыздандырып үлгерген. Осы жолғы соңғы шара­ның нәтижесінде 1 доллардың құны бұл елде бұрын 4,3 боливар құрап келсе, ол енді 6,3 боливарға шарықтаған. Яғни, боливар бағасы 30 пайыздай құлдыраған.

Боливар құнының төмендетілуі экспорттан түсетін түсімдерді арттырумен қатар, келіп жатқан импорт көлемін азайтуға мүмкіндік береді деп есептелінеді. Венесуэла халқы негізінен импорттық тауар­ларға сүйеніп өмір сүреді. Мұн­да­ғы оның үлесі 70 пайызды құрайды.

Елдің президенті Николас Ма­дуроның мәлімдеуінше, ұлт­тық валютаны құнсыздандыру үкіметке бюджет кірістерін арттыру үшін қажет. Елде әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуына үлкен көңіл бөледі. Мұның өзі бір жақты дамып қана келе жатқан экономика үшін өте үлкен жүк екендігі түсінікті. Әлеуметтік саланы тұрақты түрде қаржыландырып отыру үшін қосымша кірістерді қайдан алуға болады? Әрине, ол үшін сыртқа сатылатын экспорт көлемін арттырып отыру қажет. Ал экспортты арттырудың төтенше бір жолы – ұлттық валютаны құнсыздандыру екендігі түсінікті.

Көршілерде не болып жатыр?

Біз жоғарыда әлемде көптеген дамушы елдердің ұлттық валюталары құнсыздану үстінде екенін айтып, солардың арасынан жекелеген елдер бойынша мысалдар келтірдік. Ал енді, өз көршілерімізде, соның ішінде Қазақстанмен бірге Кеден одағын құрып отырған Ресей мен Беларусь елдерінде не болып жатыр? Осы жағдай туралы да аздап сөз қозғай кеткендігіміз жөн секілді.

Ресейдегі жағдай белгілі. Рубль­дің бағасы өткен жылы долларға қатысты алғанда 7 пайызға құл­ды­рады. Бұл үдеріс үстіміздегі жыл­дың қаң­тар айында одан әрі жалғаса түсті. Қазіргі күні елде халықаралық Қысқы Олимпиада ойындары жүріп жатқан соң ел билігінің экономикалық мәсе­лелер де төтенше шараларға бара ал­май­тындығы түсінікті. Сон­дықтан әзір­ге неде болса, артын күте тұру қажет.

Дегенмен, елдің бірқатар эко­номистерінің мәлімдеуінше, Ресейдің орталық банкі ұлттық валютаны құн­сыздандырудың неғұрлым жұм­сақтау жолын таңдап алған секілді. Бұдан Ресей экономикасы ұта ма, жоқ, әлде, ұтыла ма, оны уақыт көрсете жатар. Бірқатар сарап­шы­лар пікіріне назар аударатын бол­сақ, ұлттық валютаны жасырын құн­сыздандырудан ұтылыс жағы көбірек болатын секілді. Өйткені, осындай шараларға бара отырып, орталық банк бір айдың өзінде ғана жинақталған алтын-валюта қорынан 5 миллиард долларды шығындап үлгерген.

Енді Белоруссияға келейік. Бұл ел өздерінің ұлттық валютасы Беларусь рублін 2009 жылдың 1 қаңтары күні 20,5 пайызға құнсыздандырған болатын. Осымен қатар, елдің ұлттық банкі Беларусь рублінің бағамын есеп­теп шығаруда оны АҚШ доллары, еуро және Ресей рублі тең үлесті жағдайда жинақталатын валюталар қоржынымен тікелей байланыстыру тәсіліне кіріскен болатын.

2011 жылдың басында ел­дің ұлттық банктің басшысы Петр Про­­копович енді ұлттық валюта­ны құнсыздандыру үдері­сінің бол­май­тындығын, ол қабыл­дан­ған жа­ңа бағам дәлізі бойынша ұста­латындығын бірнеше рет мәлімдеген еді. Бірақ со­ған қа­ра­­мастан, Ұлттық банк басқар­ма­сының 2011 жылғы 23 мамырдағы қау­лысымен Беларусь рублі долларға қатысты тағы да құнсыздандырылды. Бұл жолы құнсыздандыру деңгейі тіптен жоғарылап, 56 пайызды құрады. Егер 22 мамыр күні 1 дол­лардың бағасы 3155 Беларусь рублі тұратын болса, келесі күні ол 4930 рубльге дейін шарықтап шыға келді.

Мұнан кейін қазан айында тағы бір девальвациялық шара жү­зеге асты. Ұлттық банктің ашық мәлімдеуімен Беларусь рублі та­ғы да 52 пайызға дейін құн­сыз­дан­дырылды. 20 қазан күні 1 доллар 5712 рубль тұрса, келесі кү­ні 8680 рубльге шарықтап шыға келді.

Міне, осылайша елдегі ұлттық валюта соңғы жылдардың өзінде бірнеше девальвациялық шараны бас­тан өткергенімен, бұл үдеріс өзінің жаңа қырынан та­ғы да жалғасып келе жатқан се­кілді.

Осындай жағдайға байланысты елдегі әлеуметтік-экономикалық жә­не саяси зерттеулердің тәуелсіз инс­титуты мамандары жүргізген сауалдама қорытындысына қара­ғанда, беларусьтердің 72 пайызы ұлттық валюта бағамы жуық арада тағы құлайды деп күтіп отырған секілді.

Сонымен, қазіргі уақытта әлем бойынша алғанда ұлттық валюталарды девальвациялау шеруі қызу жалғасып келе жатыр деуге болады. Сарапшылардың пікірінше, бұл үдеріс 22 дамушы елде етек алып отырса, енді бір елдерде жасырын түрде жүру үстінде. Әрине, мұндайда келетін қатерді үнсіз күтіп отырмай немесе әліптің артын бақпай оған ашық қарсы шығып, бірден бетін қайтарып тастаған жөн. Қазақстан, міне, осындай батыл қадамға бара алды. Мұның жағымды әсерлері көп өтпей-ақ экономикамыздан біліне бастайды деуге толық негіз бар.

(«Егемен Қазақстан»,

2014 жылғы 19 ақпан).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp