Облысымыздың 29 оқушысы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсына қатысып, жалпыкомандалық 3-орынды иеленді. Олар – 1 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Республикалық ғылыми жобалар конкурсы ақпанның 18-21-і аралығында Алматы қаласында өтті. Республика бойынша барлығы 500 ғылыми жоба ұсынылса, соның 21-ін солтүстікқазақстандық 29 оқушы қорғаған. Олар жобаларын 15 пән бойынша ұсынған.
Дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Арман Қаратаев 1-орынды жеңіп алып, алтын медаль тақты.
– Мен ғылыми жобамды “2011-2013 жылдар аралығында мезосфера қабатындағы сұрғылт бұлттарды зерттеу” тақырыбына жаздым. Алдағы мақсатым – Назарбаев Университетіне түсіп, жақсы білім алып, елімнің дамуына үлесімді қосу. Менің жеңіске жетуіме жетекшім, физика пәнінің мұғалімі, магистр Біржан Шаймардан және ғылыми кеңесшім, СҚМУ-дің физика-математика ғылымының кандидаты, астрономия кафедрасының доценті Сергей Сартиннің көмегі зор болды, – дейді Арман Қаратаев.
Петропавл қаласындағы “Дарын” мектеп-лицейінің оқушысы Яна Судакова – математика, Благовещенка №1 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Константин Приходченко – математика, Шал ақын ауданындағы Е.Букетов атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Асхат Мырзабаев – экономика, “ЛОРД” дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-лицейінің 9-сынып оқушылары: Максим Сухов – химия, Анна Черная – орыс әдебиеті және Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаттың 11-сынып оқушысы Дана Шоқтыбаева өлкетану пәндері бойынша ғылыми жобалар қорғады. Олар 2-орын алды және күміс медаль иегерлері атанды.
Дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушылары Әлімжан Мәркен мен Әділет Мырзатай (қолданбалы математика), Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаттың 9-шы және 10-сынып оқушылары Далер Сәрсенбаева мен Қанат Әлімов (информатика), Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушылары: Марина Балуба мен Арина Бардакова (этномәдениеттану), қазақ мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Саят Ермек (қазақ әдебиеті) 3-ші орынға тұрақтап, қола медальдарды жеңіп алды.
Сонымен қатар Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаттың оқушылары Айғаным Ұланова мен Бақыт Қабешева (тілтану) республикалық “Дарын” ғылыми-тәжірибелік орталығының мақтау қағаздарымен марапатталды.
Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаттың 11-сынып оқушысы Адема Ғабдолла (қоршаған ортаны қорғау) IT-университеттің грантын ұтты.
Жүлделі орындарға қол жеткізе алмаған оқушылар қорытынды кезеңге қатысушылар ретінде медальдарымен марапатталған. Ғылыми жобаға қатысушылардың барлығы республикалық “Дарын” ғылыми-тәжірибелік орталығының сертификаттары мен сыйлықтарына ие болды.
СУРЕТТЕ: жеңімпаз Арман Қаратаев.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.