Мамлют ауданының Афонькино ауылындағы “Стан” ЖШС-нің бұрынғы “Становское” кеңшары негізінде құрылғанына 15 жыл болғанымен, “әрең күн көріп” келе жатқан агроқұрылымдардың бірі ғана саналатын. Серіктестіктің тізгінін Қанат Бекенов ұстағаннан бергі үш жылда шаруашылықтың тамырына қан жүгіре бастағандай. Агроқұрылымға арнайы барған сапарымызда біз соған көз жеткізіп қайттық.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Есіл ауданындағы Бірлік ауылында туғанмен, Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” КС-інде гараж, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі болып тәжірибе жинақтаған, білікті басшы Еркебұлан Мәмбетовтен, аграрлық саланың іскер маманы Константин Мишневтен тәлім-тәрбие алған Қанат Жаңабайұлы “Стан” ЖШС-іне директор болғалы меңкесерліктерден көргенін мүмкіндігінше өз шаруашылығында пайдаланып келеді.
Агроқұрылым 8,5 мың гектар жерге иелік етеді, оның 5,3 мыңы – егістік алқап. Серіктестік директорының айтуына қарағанда, өткен жылы соның 3,1 мыңына Қызылжар өңірінде құрғақшылыққа төзімділігімен ғана емес, өнімділігімен де танылып үлгерген “Омбы-35”, “Омбы-36”, “Астана” бидайын, 450 гектарға “Кедр” арпасын, 120 гектарға сұлы, 80 гектарға бұршақ дақылдарын сеуіп, ауа райының қолайсыз жағдайының өзінде 15 центнерден өнім алыпты. Биылғы жылғы егістік үшін 1500 гектар пар қалдырылыпты.
Серіктестік машина-трактор паркін жаңартуға да жете көңіл бөліп отыр. Астық жинайтын 10 комбайнның 4-еуі – 2 “Вектор” мен 2 “Енисей”, 3 “МТЗ-82” тракторы, 4 тіркемелі кеңалымды “ЖВЗ-10,7”, “ЖВП-9,1” жаткалары өткен жылы лизингке алынған. Агроқұрылым 32 дана “СЗС-2,1” сеялкасын пайдаланады. Шаруашылықтың 4 “К-700”, 4 “Т-4”, 12 “МТЗ-82” тракторы бар.
– Бізге дейін қабырғасы ғана қалқиып тұрған машина-трактор шеберханасын өткен жылы қымтап, жаңадан терезе орнатып, есіктерін жөндеп, техникаларымызды көктемгі науқанға сонда дайындайтындай еттік, тоқтап тұрған станоктарды іске қостық. Ондағы жөндеу жұмыстарына Василий Пономарев жетекшілік етеді. Шеберхананы жылыту мәселесін алдағы уақытта шешпек ойымыз бар. Биыл 503 гектар алқапқа майлы дақылдан зығыр тұқымын сепкелі отырмыз. Бүгінгі күні соған қам жасап жатырмыз, – дейді Қанат Жаңабайұлы.
Машина-трактор шеберханасында қазіргі уақытта 5 “СЗС-2,1” сеялкасы зығыр тұқымын себетіндей етіп қайта жабдықталуда. Бұл жұмысқа агроном Рүстем Нұғыманов, дәнекерлеуші Николай Кошкин жұмылдырылған. Қазіргі уақытта сеялка дискілерінің қыры қосымша тілімшелер дәнекерлеу арқылы жалпайтылып, жерге дән сіңіретін табаншаларының пышақтары көбейтілген. Осының өзі тұқымның бөгетсіз түсуіне, себілген дәннің топырақпен дұрыс жабылуына мүмкіндік береді. Бес сеялкадан тұратын агрегатқа тұқым салатын 2 бункер орнатылған.
– Зығыр тұқымын себетін шетелдік арнайы сеялканың әрқайсысы кемінде 1 млн. теңге тұрады. Өнімді еңбек ету үшін агрегатқа соның 5-еуі керек. Ал біз “СЗС-2,1” базасында жабдықталып жатқан 5 сеялкаға, жұмыс күшін қоса есептегенде, 1 млн. теңге көлемінде ғана қаржы жұмсағалы отырмыз, былайша айтқанда, 4 млн. теңгені үнемдейміз. Қайта жабдықтау кезінде ауыл шаруашылығының білгір маманы, ғылым кандидаты Ұлан Омаров ағамыздың зығыр егудегі тәжірибесін өзіміздің жағдайымызға қарай бейімдей отырып пайдаланудамыз. Бұл агрегаттың бірауысымдық өнімділігі кемінде 70 гектарды құрайтын болады, – дейді серіктестік директоры.
Петропавл-Преснов бағытындағы тас жолға дейінгі Становской ауылдық округіне қарайтын көтерме жолдарды, ауылдардың көшелерін қыс бойы қардан тазартуды аталмыш агроқұрылым күні бүгінге дейін абыроймен атқарып келе жатқандығын іссапар барысында байқадық.
Серіктестіктің соңғы үш жылдағы аяқ алысын байқаған жергілікті “Никитин” фермерлік шаруашылығы биыл 400 гектар егістік алқабымен “Стан” ЖШС-іне қосылуға ниет білдіріп отыр. Бұл да өнімді еңбек пен машина-трактор паркін заманауи техникалармен жаңғырту тек ірі агроқұрылымдардың ғана қолынан келетіндігін мойындағандықтың белгісі.
Агроқұрылым Мемлекет басшысының тапсырмасына орай өткен жылдан бері мал шаруашылығын дамытуды да қолға алып отыр. Ол үшін Афонькинодан 5 шақырым қашықтағы бұрынғы Пробуждение ауылының қонысы жанына жергілікті материалдан әрқайсысы 100 басқа арналған 2 мал қорасы мен шашпа салыпты. Қоралар кабиналы “МТЗ-82” тракторы емін-еркін кіріп-шыға алатындай етіп жасалған.
– Бұл жерді таңдауымыздың басты себебі – біріншіден, электр желісінің қосымша станциясы мал фермасына жақын, екіншіден, жерасты құдығы да алыста емес. Біз осынау мүмкіншіліктерді алдағы уақытта тиімді пайдаланатын боламыз. Заман талабына сай малшылар үйін салу да ойымызда бар, – дейді Қанат Бекенов.
Шаруашылық мемлекеттік “Сыбаға” бағдарламасы арқылы берілген 20 млн. теңге кредитке 90 бас тайынша, “Мәмбетов және К” КС-де өткізілген аукционда 4 абердин-ангус бұқасын сатып алыпты. Қазіргі уақытта мал фермасында 124 бас мал күтіліп, бағылуда.
– Өткен жылы серіктестігіміз мал шаруашылығы үшін жемшөп әзірлеуге жете мән берді. Мал қыстату үшін 3,5 мың центнер шөп, 4 мың центнер орама сабан әзірленді. Бұл – біржарымжылдық қор. Жарма жеткілікті, – дейді ферма меңгерушісі Амангелді Әмрин.
Фермада 4 малшы тұрақты еңбек етеді. Мал қорасының бір бөлігі бұзаулайтын тайыншаларды бөліп алып, жылы жерде ұстауға арнайы жабдықталған. Бұзаулар мен сиырлар 6 айға дейін бірге күтіліп, бағылатын болады. Амангелді Сапарұлының айтуына қарағанда, 120 бас тайыншадан алғаш рет төл алу науқаны ақпан айының соңына қарай басталады. Серіктестік басшылары жергілікті тайыншаларды етті бағыттағы абердин-ангус тұқымды бұқалармен табиғи жолмен будандастыру арқылы отандық өнім алуды, мал тұқымын алыстан арбаламай-ақ, біртіндеп осылай асылдандыруды мақсат етіп отыр.
– Біз алдағы уақытта етті бағытта мал өсіруді ұстанатын боламыз. Сондықтан “Мәмбетов және К” КС-не АҚШ-тың Оклахома штатынан әкелінген абердин-ангус асылтұқымды малдарынан жергілікті жағдайда алынған бұқаларға басымдық беріп отырмыз. Олардан жаңа тұқым алу үшін біршама уақыт керек. Дегенмен, бәрі ойдағыдай болса, екі жылдан кейін облыстық “Ірі қараның экспорттық әлеуетін арттыру” бағдарламасына өз үлесімізді қоса бастайтын боламыз. Осы мақсатта биыл шөп пен сабанға қосымша пішендеме әзірлеу үшін 180 гектар алқапқа аралас дәнді дақылдар себуді жоспарлап қойдық. Жемшөп дайындаумен жеке бригада айналысатын болады, – дейді “Стан” ЖШС директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Қанат Бекенов.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.