“Жасыл” экономикаға көшу жөнiндегi тұжырымдама аясында Қазақстанда 2020 жылға дейiнгi балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеу қолға алынып отыр. Мұның қаншалықты жүзеге асырылатындығын уақыт көрсетеді. Ал әзірге өңіріміздегі балық шаруашылығының жағдайын білу үшін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Қырым Аяжановпен кездескен едік.
– Қырым Мұқыжанұлы, өңіріміздегі балық шаруашылығы саласының бүгінгі жағдайы қандай?
– Облыс аумағында 3 мыңнан астам өзен-көл орналасқан. Жалпы өңірімізде су айдындары көп болғанымен, олардың тек 1328-інде балық бар. Солардың тек 384-і балық шаруашылығын жүргізуге қолайлы. Облыстың су айдындарында 15-тен астам аборигенді және жерсіндірілген балық түрлері мекендейді. Олардың ішінде мөңке, алабұға, табан, шортан, лақа, шабақ, таутан, тасбас, аққайран, тұқы, сиг, гольян және тағы басқа балық түрлері бар.
– Балық шаруашылығын жүргізуге қолайлы көлдердің қаншасы жалға берілген?
– Бүгінгі күні 105 табиғат пайдаланушыға 212 су айдыны жалға берілген. Ал облыстың резервтік қорында тұрған 172-сі алдағы уақытта су айдындары мен учаскелерін бекітіп беру конкурстарының нәтижесі бойынша пайдаланушыларға жалға беріледі. 2013 жылы табиғат пайдаланушылар өздерінің балық шаруашылығын дамыту жоспарлары бойынша 4 миллион 60 мың теңгеге бекітіліп берілген су айдындарында ғылыми-зерттеу, 28 миллион 450 мың теңгеге техникалық және технологиялық жабдықтау жұмыстарын жүргізді. Өткен жылы облыс бойынша 107 су айдыны бағалы балықтардың дернәсілдерімен, биылдық майда шабақтарымен және басқа балық түрлерімен балықтандырылады. Солардың ішінде 14,5 миллион тұқы, 9,5 миллион сиг, 5,5 миллион ақ амур және дөңмаңдай дернәсілдері, 350 мың шортан, лақа дернәсілдері және басқа да түрлері бар. Осы атқарылған жұмыстарға олар 12 миллион 137 мың теңге өз қаражатын жұмсады. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыс бойынша Петропавл балық тәлімбағы бюджеттен бөлінген 48 миллион 67 мың теңгеге 50 миллион тұқы, 1 миллион осы балықтың біржылдық майда шабақтары, 35 миллион сиг балықтарының дернәсілдерімен Сергеевка су қоймасын балықтандырды.
– Бұлардың қанша пайызы жетіліп кетеді?
– Аталмыш балық тәлімбағы жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында дернәсілдерді шығарып, өсіріп, су қоймасына жібереді. Бірақ сол жіберілген бірнеше миллион дернәсілдің 2-3 пайызы ғана жетіліп кетеді. Өзгелерге қарағанда бір жылдық шабақтар жақсы жетіліп, 5 пайыздайы өседі.
– Жыл сайын қанша тонна балық ауланады?
– Жыл сайын лицензиясы бар ғылыми мекеменің дайындаған биологиялық негіздемесі бойынша Үкіметтің қаулысымен балық және басқа су жануарларын аулау лимиті бекітіледі. Өткен 2013 жылы облыс бойынша бекітілген балық және басқа су жануарларын аулау лимиті 1049,36 тоннаны құрады. Соның 720,9 тоннасы тек балық түрлерін аулауға бөлінген. Жыл қорытындысы бойынша облыс айдындары жалгерлері 56 тонна балық, 116,6 тонна гаммарус, 100 тоннадан астам омыртқасыз су жәндігі – артемия аулады. Бекітіліп берілген мемлекеттік лимитті игеру әр жылдың 15 ақпанына дейін ұзартылған. Жалпы жалгерлер былтыр биоресурстарды пайдаланғаны үшін мемлекет бюджетіне 16 миллион 48 мың теңге қаржы аударды. Су айдындарының табиғат пайдаланушылары сенбі сайын облыс орталығында өткізілетін ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесіне 5 тоннаға дейін жергілікті және құнды балық түрлерін әкеп сатады. Осылайша олар облыста мемлекеттік азық-түлік бағдарламасының орындалуына өз үлестерін қосуда.
– Бір жылдары өңірімізде көл-тауар шаруашылығын құру жайлы идея айтылған еді. Бұл идея су айдындарын жалға алушылар тарапынан қолдауға ие болды ма?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 қыркүйектегі №1141 қаулысымен ауыл шаруашылығы су айдындары мен учаскелерін аквамәдениетті дамытуға пайдалану ережесі бекітілді. Оның тиімді түрі – көл-тауар шаруашылығын дамыту. Осы ереже бойынша табиғат пайдаланушы өзіне бекітілген су айдынын өз еркімен көл-тауар шаруашылығына ауыстыра алады. Ол үшін ережеде бекітілген шарттарды орындауы керек.
– Қандай шарттар?
– Мысалы, аквамәдениетті дамытудың биологиялық негіздемесін, балық шаруашылығын жүргізу жоспарын жасау және тағы басқалар. Қазіргі таңда болашағы зор су айдындарын пайдаланушылардың кейбірі көл-тауар шаруашылығына көшуге ынта білдіріп отыр. Алдағы бір-екі жылда осындай 3-4 шаруашылық құру жоспарда бар. Жалпы көл-тауар шаруашылығы дегеніміз – су айдынын пайдалануды жақсартып, тиімді ету. Ол үшін ондағы ихтиофаунаны толық аулап, тазартып, бағалы балық түрлерін жіберіп, өсіріп, аулау қажет.
– Қазіргі кезде балық шаруашылығын дамытуда қандай мәселелер туындап отыр? Осы салаға қатысты заңнамаларды жаңғырту қажет пе?
– Бүгінгі таңда балық шаруашылығына қатысты қажетті барлық заңдар, ережелер, нұсқаулар қабылданған деп айтуға болады. Олардың ішінде ҚР “Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану” Заңы, “Балық аулау”, “Балық шаруашылығын жүргізу” ережелері және тағы басқа нұсқаулар бар. Оларға уақыт талабына қарай өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отырылады. Осы ретте аумақтық Балық инспекциясымен жергілікті табиғат пайдаланушылары өз ұсыныстарын жібереді. Бүгінгі күні табиғат пайдаланушылары өздеріне бекітіліп берілген су айдындарында балық шаруашылығын тек өз қаражаттарына жүргізеді. Осы орайда оларға мемлекет тарапынан арнайы субсидия бөлініп, қолдау көрсету қажет деп есептейміз.
Соңғы жылдары облыс аумағында орналасқан өзен-көлдердің тайыздалуы жиі байқалады. Кейбіреулері мүлдем құрғап кеткен. Сондықтан да облыс су ресурстары нысандарының бүгінгі жағдайын толық білу үшін оларды ғылыми тұрғыдан кешенді түрде зерттеу қажет. Ондай зерттеулер 1950 жылдардың аяғы, 1960 жылдардың басында тың игеру кезінде құрылған шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету үшін жүргізілген болатын. Бүгінгі таңда осындай кешенді зерттеу жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Ол үшін республикалық және облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлініп және ол жұмысты тиісті ғылыми мекемелер жүргізсе, соның нәтижесінде қай су айдынын қандай мақсатта пайдалану және онда балық шаруашылығын пәрменді түрде дамыту мүмкіндігі туар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Жоғарыдағы сұхбаттың жалғасы ретінде су айдындарын жалға алған екі табиғат пайдаланушымен сөйлесіп, балық шаруашылығы саласында туындаған мәселелерді айтып беруін өтіндік.
Константин ЧЕПУРНОЙ,
“Чепурной” ШҚ-ның басшысы.
– Мен балық шаруашылығымен 14 жылдай айналысамын. Бүгінде 4 су айдынын жалға алдым. Қазіргі таңда табиғатты пайдаланушылардың ең басты мәселесі – су айдындарының құрғауы. Бұл бағалы балық түрін өсіруге бөгет болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, су айдындарын жалға алғандар – ынтагерлер. Мәселен, Ресейде бағалы балық түрін өсіру үшін дернәсілдер сатып алған кезде шығындары субсидияланады. Ал біз барлық қаржыны өз қалтамыздан шығарамыз. Сондай-ақ суды қорғау да бізге жүктелген. Ал көлге дейін жыртылған егін алқаптары бар шаруашылықтар тыңайтқыштарын жаңбыр жауардың алдында сіңіретіні белгілі. Ал жаңбырдан кейін тыңайтқыш араласқан су көлге құйылады. Біз балықты Үкіметтің белгілеген лимиті бойынша аулаймыз. Сол лимитті жыл бойына созамыз. Себебі, қазір балықты өткізу қиын. Осы орайда осыдан 4 жыл бұрын Парламент Сенатының депутаттарымен кездескен кезде балық шаруашылығын субсидиялау қажет деген ұсынысымызды айтқан болатынбыз. Әзірге ешқандай алға ілгерілеушілік жоқ. Мен сиг балығының дернәсілін Ресейден сатып аламын. Себебі, бізде дернәсіл өндіретін су айдыны жоқ. Бір жылдары Израильден инвесторлар келіп, бізде балық шаруашылығын дамытпақшы болды. Олар менің шаруашылығыма келіп, жағдаймен танысты. Алайда, оларды әу баста ешкім біздің қатал ауа райымызбен таныстырмаған болып шықты. Олар 20 метр мұз дегеннің не екенін білмейді. Ақпан-наурыз айларында суды ауамен байытатынымызды олар қайдан білсін?
Қызылжар ауданы.
Вячеслав СМИРНОВ,
“Смирнов” ЖК-нің басшысы.
– 2000 жылдан бері балық шаруашылығымен айналысамын. 4 су айдынын жалға алдым. Екі жылдан бері балық аулауға рұқсат алу үшін Астанаға барамыз. Бұл бір-екі көлді жалға алып отырған табиғатты пайдаланушылар үшін тиімсіз. Себебі, тапқандары жолға кетеді. Екіншісі – қағазбастылық көп. Біз жыл сайын биологиялық негіз жасаймыз. Мысалы, су айдынына биологиялық негіз жасау үшін 30-35 мың теңге төлеуіміз қажет. Егер жалға алушыда бір емес, бірнеше көл болса, бір қағаз үшін қыруар қаржы төлейді. Мұндай анықтамалар біреу емес, бірнешеу. Сол себепті көптеген табиғат пайдаланушылар бұл кәсіптен бас тартуда. Мәселен, өткен жылы мен жалға алған Сарыкөлде су тартылып қалып, балықтар өліп қалды. Аталмыш көлде 3 жылдан бері балық болмады. Ал ол көлге жоспар бекітілген. Мен балық болмаса да, жоспарды орындауым керек болды. Егер біз есепті жергілікті Балық инспекциясына беретін болсақ, олар тартылып қалған су айдынына бекітілген жоспарды тапсырыңдар деп алқымнан қыспас еді. Себебі, олар жалға берілген су айдындарының жағдайы қандай екенінен хабардар. Ал Астанадағы бас ведомство жергілікті жағдайды білмейді, тек картамен баға береді. Бұл – табиғатты пайдаланушылардың басынан өткеріп отырған жағдай.
Тағы бір мәселе – су айдындарын балықтандыру. Жергілікті балық түрлері – тұқы, сазан, сиг. Сиг тек Петропавл балық тәлімбағында өндіріледі. Олар да дернәсілдерді жетілдіруде қиындық көріп отыр. Сол себепті кейбір табиғат пайдаланушылар Ресейден алады. Биыл олар да дернәсілдің бағасын 3 есе қымбаттатты. Мұның барлығы балықтың бағасына әсер етеді. Бізде балық бағасы айтарлықтай қымбаттаған жоқ. Мысалы, мен сенбі күні Петропавл қаласындағы коммуналдық базарда, сейсенбі күні Корнеевка, сәрсенбі күні Явленка ауылдарында сауда жасаймын. Балық бағасын 5 пайызға өсірдік. Мен сазан мен тұқыны өзім жалға алған көлдерде көбейтемін. Яғни, қажетті дернәсілді өзім өндіремін. Ал сатып алсақ, шығынға батамыз. Ірі жалға алушылар дернәсілдерді сатып алғандарымен, шағындарының бұған шамасы жетпейді. Осы орайда мемлекеттен демеуқаржы алу үшін көл-тауар шаруашылығын құру идеясы айтылған болатын. Себебі, біз мемлекет – демеуқаржы, банк кредит бермейтін санаттамыз. Көл-тауар шаруашылығына ауысу үшін де 1 миллион теңгеден артық қаржы қажет екен. Әрі аталмыш жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін де білмейміз. Біздің салада шешілмеген бір мәселенің үстіне екіншісі жамалуда. Бір сөзбен айтқанда, өлместің күйін кешіп отырған жайымыз бар.
Есіл ауданы.