«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰРЫНҒЫ ДА, БҮГІНГІ ДЕ ДЕПУТАТТАРҒА ЖҰРТ РИЗА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 20 жыл толуына орай облыс бойынша жоспарлы түрде іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атаулы күнге байланысты барлық мәслихаттарда алдыңғы шақырылым кезіндегі депутаттардың жүргізген жұмыстары жайында материалдар жинақталған арнайы мүйіс ашылды. 

Айыртау ауданындағы кітапханада “дөңгелек үстел” ұйымдастырылып, оған келген бірінші шақырылымның депутаттары жоғары сынып оқушыларымен кездесті. Халық қалаулылары 1990 жылдардағы жұмыс барысында кездескен қиын кезеңдерді еске алды. Мектеп директоры, бірінші шақырылым депутаты Валентина Нихаенко сессия кезінде қаралған маңызды мәселелердің әрқайсысына тоқталып өтті. Аудандық аурухананың дәрігер хирургі Саят Молдахметов сол жылдары денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді еске алды. Депутаттық қызметтің нәтижелі болуы мәслихат аппаратының кәсіби шеберлігіне байланысты болады. Бұл жерде адалдығымен ерекшелене білетін тұрақты ұжым құрылған.

Аудандық мәслихаттың бірнеше шақырылымын беделді хатшы Қ.Хамзин басқарған. Осы салаға көп жыл еңбегі сіңген Қ. Хамзин демалысқа шыққан соң бесінші шақырылымдағы мәслихаттың хатшысы болып Р.Тілеубаева сайланды. Оның білім саласында, билік мекемелерінде басшылық қызметтегі жұмыс тәжірибесі айтарлықтай. Өзінің осындай еңбекқорлығы арқасында ол жаңа шақырылым депутаттарының басын біріктіріп, мәслихатта қолға алынған жұмыстарды жүзеге асыруда. Бұл бағытта мәслихат аппаратының басшысы Р. Төреқұлова, бас маман С. Алғазина да көп көмегін тигізуде. Олардың барлығы дерлік мәслихаттың құрылған күнінен бастап қызмет атқаруда.  

Мәслихат хатшысы Р. Тілеубаева өз хабарламасында бүгінгі таңда халық қалаулылары жұмыс барысында шұғыл шешімді қажет ететін мәселелер қаралатын тұрақты комиссияның көшпелі отырысы сияқты тиімді әдісті пайдаланатындарын тілге тиек етті.

Сонымен қатар мәслихатта атқарушы биліктің қатысуымен тұрақты комиссияның біріккен отырысы өтті. Онда депутаттар әлеуметтік жәрдемақы төлеудің тәртібін талқыға салды.

Ауданда әлеуметтік салаға үнемі қолдау көрсетіп тұратын бизнес өкілдері де аз емес.Олардың арасында “Баянтай” ЖШС-нің директоры С. Есенғалиев та бар. Бес шақырылымның депутаты аудан орталығында балаларға ат спорты мектебін ұйымдастырды. “Гладких” жеке кәсіпкерлігінің басшысы А. Гладкий сауда орталықтарын бір шаңырақ астына жинап, аудандағы кәсіпкерлер үшін жақсы жағдай жасады.

Аудандық мәслихаттың депутаты, мектеп директоры Меңдігүл Олжабаева балаларға патриоттық тәрбие беру мақсатында үлкен жұмыс жүргізуде.

Мерейтойға байланысты жүргізіліп жатқан іс-шаралар аясында Саумалкөл орта мектебінде ашық сабақ болып өтті. Оны өткізген тарих пәнінің мұғалімі Дана Ержанова оқушылардың депутаттармен кездесуін алдын ала ұйымдастырды. Кездесу барысында оқушылар халық қалаулыларының жұмыстарымен танысып, өз ойларын ортаға салды. Ашық сабақтың тақырыбын оқушылар Мемлекет басшысының “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауы тақырыбымен ұштастырды.

(Өз тілшімізден.) 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp