«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗДІҢ СЕНІМДІ ҚАДАМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жамал АХМЕТОВА,

кәсіподақтары облыстық кеңесінің төрайымы, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі.

Еліміз үшін туған жылдың басты оқиғасы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауы болды. Елбасы осы жылдың басты құжатында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асырудың келелі міндеттерін белгіледі. Бірден назар аударатын жай – бұрынғы Жолдаулардағы сияқты, бұл жолы да алдыңғы қатардағы Стратегияның басты міндеті – қазақстандықтардың әл-ауқатын ұдайы арттыру. 2015 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі және асыраушысынан айрылуы бойынша жәрдемақының 15 пайызға өсірілуі, азаматтық қызметшілерге осы жылдың 1 шілдесіне дейін еңбекке ақы төлеудің жаңа моделінің енгізілуі, 2016 жылдан бастап студенттер стипендиясының 25 пайызға арттырылуы, 2020 жылға таман барлық қазақстандық балалардың мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етілуі, жас қазақстандықтардың орта техникалық білім алуының кепілдендірілуі – осы және басқа әлеуметтік маңызды көрсеткіштер кәсіподақ қозғалысында терең қанағаттанарлық сезім туғызады. Ел кәсіподақтары Мемлекет басшысының саясатын, оның әлеуметтік жаңғырту, қоғамдағы азаматтық институттардың рөлі мен белсенділігін арттыру бағытын әрдайым қолдап келеді. Оның жаңа еңбек идеологиясы, қоғамның, жас ұрпақ өміріндегі еңбек дәстүрлері мен мұраттарына тәрбиелеудегі рөлі ашып көрсетілген “Қазақстанды әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” еңбегі облыс кәсіподақтары ұйымдарының іс-қимыл бағдарламасына айналды. Президент қазақстандықтарды еңбек етуге, өз отбасына материалдық игіліктер жасауға және ол үшін білім алып, кәсіпті меңгеруге уақытын да, күшін де аямауға шақырады. Елбасы әрбір Жолдауында игіліктерімізге қол жеткізудің басты шарттары тыныштық пен келісім, қоғамдағы тұрақтылық екенін баса айтады.

Президент Стратегияны жүзеге асырудың біздің мемлекетіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбексүйгіштігіміз үшін үлкен емтихан болатынын атап өтті. Стратегияны жүзеге асыру – барлық қазақстандықтар үшін ортақ парыз. Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы адамдар тұрмысын жыл сайын жақсартуға қызмет ететін болады деп түсіндірді. Егер алдағы 35 жылды 7 бесжылдыққа бөлер болсақ, онда осы бесжылдықтардың әрбір жылында белгіленген мақсаттарға қол жететін болады.

Біздің еліміз әлеуметтік ең қауіпсіз және жайлы елдердің біріне айналуы тиіс. Тыныштық пен тұрақтылық, әділ сот пен құқық тәртібі – міне, бұлар ел дамуының негіздері. Қазақстан орта таптың үлесі болатын елге айналады. Жаһандық кенттену үрдісіне сай қала тұрғындарының үлесі қазіргі 55-тен 70 пайызға дейін жетеді, сапалы жолдармен қосылған қалалар мен елді мекендер, барлық көлік түрлерінің жылдам бағыттары, саламатты өмір салтын енгізу және медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір ұзақтығын 80 жасқа дейін және одан жоғары өсіруге мүмкіндік береді.

Президент Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында көп жетістікке қол жеткізгенін, үлгілі дамудың өз моделін жасағанын атап өтті. Әрбір қазақстандықта өз елі үшін мақтаныш сезімі бар. Бізде қазақстандық қоғамның басты құндылықтарын бекітетін құжат – “Мәңгілік Ел” патриоттық актісі жасалады және қабылданады. Қазақстан бүгінде алдына биік мақсат қойып отыр, олардың барлығы халқымыздың игілігіне бағытталған. “Сондықтан мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барша қазақстандықтарды 2050 Стратегиясының басты мақсатына жету жөніндегі жұмысқа белсене қатысуға шақырамын!” деп қорытты Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған байланысты елдің ерекше қоғамдық институты ретінде кәсіподақтар ұйымдары елдің бүгінгі қызметіне қатысушы ғана емес, осы Стратегияның жүзеге асуы үшін жауапкершілік жүгін де көтереді. Қазақстан серпінді дамып отырған экономикаға және жетіліп келе жатқан қоғамдық институттарға сүйене отырып, болашаққа қадам басуда. Осының бәрі кәсіподақтарға Президент қойған міндеттерге сай өз қызметін үнемі ой елегінен өткізудің және бағыт-бағдарын нақтылап отырудың қажеттігін білдіреді. Жаңа базалық құндылықтар бағыттарының жүйесі бірінші кезекте еңбек адамының мұқтаждықтары мен қажеттіліктеріне байланысты. Біздің ортақ жетістіктеріміз халықтың, қарапайым адамдардың тұрмысын жақсартуға бағытталатын болады. Елде қажетті бағдарламалардың бәрі жасалған, оларды жүзеге асыруға қаржылық ресурстар бөлінген. Адамдармен көбірек жұмыс істеу, олардың рөлін тану, пікірлерін білдіру, күш-қуатын еңбек белсенділігіне бағыттау, еңбек өнімділігін арттыру, сапалы өнім шығару – жаңа әлеуметтік саясат жағдайындағы барлық қоғамдық күштердің міндеті.

Президенттің халыққа әрбір Жолдауының елдің белгіленген даму кезеңінде ерекше тарихи маңыздылығы бар. Осы орайда биылғы Жолдауды дәуірлік үлкен құжат деп атаса, артық айтқандық емес. Ол бағдарламалық құжаттар арасында айрықша орын алады деп ойлаймын, өйткені онда мемлекет дамуының барлық бағыттары бойынша, мейлі, экономика, әлеуметтік сала немесе саяси қайта құру болсын, таяудағы он жылдағы ұстанымдары айқын және нақтылы белгіленген. Бүгінде облыстың кәсіподақтары активінің алдында Жолдауды еңбек ұжымдарында және ұйымдарда түсіндіру міндеті тұр. Президент қойған міндеттерді жүзеге асырып, еліміз өзінің дамуының, әрбір азаматының өмір сапасын арттырудың жаңа сатысына сенімді қадам басады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp