Газетіміздегі “Денсаулық” бетінің “Сұрақ-жауап” айдарына Петропавл қаласының тұрғыны, зейнеткер С.Рүстемханов хат жазып, дәрігерге сауал қойған. Ол хатында: “Соңғы кезде жігіттерде, 50-60 жасқа келіп қалған ересектерде де қуық асты безінің қабыну кеселі жиі кездеседі. Немесе оны простатит, аденома деп атайды. Қазіргі таңда ол егде тартқандармен қатар, жігіттерде де жауырдай болған дертке айналды. Қуық безі ісігінің пайда болуы жөнінде болжамдар көп. Сондықтан осы дерт туралы кеңірек мағлұмат берсеңіздер” деген екен. Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында біз облыстық аурухананың урология бөлімшесінің тәжірибелі ординатор-дәрігері Марат Шәріповпен жолықтық.
– Марат Айтмұхаметұлы, қазіргі таңда егде тартқан адамдармен қатар, тепсе темір үзетін жігіттер арасында простатит және аденома деген дерттер жиі кездеседі. Осы жайында кеңірек айтып берсеңіз.
– Простатит пен аденома – екеуі екі бөлек дерт. Простатит еркектік бездің қабынуынан туындайды. Ал аденома еркектік бездің зарарсыз гиперплазиясы болып табылады. Қазіргі таңда бұл дертке шалдыққандар саны жыл санап көбейіп барады. Бұл дерттер “жасара” түсті. Простатит кеселі кәмелетке толмағандар ішінде де кездеседі. Оның себебі не? Себебі, қазіргі уақытта жас жігіттер ерте кезден үйленбей жатып, жыныстық қатынасқа түседі. Әртүрлі жұқпаларды жұқтырады. Саламатты өмір салтын ұстанбайды. Осыдан кейін простатит ауруы пайда болады. Ал аденома жастың келуіне және ағзадағы гормондардың өзгеруіне байланысты пайда болады. Аденома сырқаты да “жасарды”. Егер де бұл дерт 60-тан асқан ер адамдарда болса, қазіргі таңда бұл дерт 40 жастағыларда да кездеседі. Егер де науқас простатит ауруын дер кезінде емдемесе, оның жасы ұлғайған сайын бұл дерт аденомаға ұласуы мүмкін. Сондықтан простатит ауруының алғашқы белгілері пайда болған тұста міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.
– Ал бұл дерттің алғашқы белгілері қандай?
– Іштің төменгі тұсы ауырады. Кіші дәретке жиі бара бастайды. Әсіресе, түнде. Белдің тұсы ауыруы мүмкін. Себебі, кіші дәретке жиі барған сайын ол бүйрекке де өз әсерін тигізеді. Көбінесе ер адамдар бұл дертке шалдыққан жағдайда да белгілерін біле тұра дәрігердің көмегіне жүгінбейді. Тартынады. Ауруды асқындырып алады. Сондықтан да простатит көбінесе созылмалы күйге ауысады.
– Себебі неде?
– Себебі ер адамдар дәрігерге қаралудан ұялады. Бұл мәселе өткен жылы облыстық ауруханада “Ерлер денсаулығы” тақырыбымен өткен конференцияда талқыланған болатын. Қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласында әйелдер денсаулығына мол мүмкіндік туғызылған. Әр ауруханада әйелдер консультациясы бар. Ал ер адамдардың денсаулығына арналған орталықтар жоқ. Тек емханаларда уролог дәрігер ғана бар. Бірақ бұл аздық етеді. Дені сау ұрпақ дүниеге келуі үшін медициналық мекемелерде ерлердің орталықтарын ашу керек.
– Сонда бұл дерттің емі жоқ па?
– Емі бар. Бірақ аурудың алдын алу үшін дер кезінде дәрігерге қаралған жөн. Простатитті де, аденоманы да емдеуге болады. Қазіргі таңда небір емдік дәрі-дәрмектер шығарылып жатыр. Созылмалы простатиттің асқынуын дәрі-дәрмектермен бәсеңдетіп, аурудың бетін қайтаруға болады. Бірақ бұл науқас болашақта өз денсаулығына мұқияттылықпен қарап, дәрігерге уақытында қаралып, дәрі-дәрмектерді қабылдап отыруы керек. Ал аденоманы отаменен емдейді. Бірақ қазіргі таңда бұл дертті де отасыз, дәрі-дәрмекпен емдеудің кешенді әдісі бар. Егер де дерт асқынған болса, онда ота жасалады. Науқастың денсаулығына тереңірек диагностика жасалған соң анықталады.
– Бұл дертті емдеу үшін науқас не істеу керек?
– Егер де ер адам аурудың белгілерін байқаған болса, міндетті түрде мекенжайы бойынша тіркелген емханаға баруы тиіс. Онда тиісті талдау жасалады. Содан кейін науқас облыстық ауруханаға жолдама алады. Простатитті дәрі-дәрмектермен емдесе, аденома дертіне ота жасалады. Ауруханада ота тегін. Дерттің асқынуына байланысты ота ашық және жабық түрде жасалады. Қазіргі таңда бөлімшеде ота тур деп аталатын жаңаша әдіс бар. Яғни, бұл ота несеп жолы арқылы жасалады. Науқас отадан кейін тез сауығып кетеді. Кей кездері аденома дертін кешенді дәрі-дәрмектермен де емдеуге болады. Урология бөлімшесінде жылына 200-ден астам науқас емделіп шығады.
– Ал бұл дерттен ер адам бедеулікке шалдығуы мүмкін бе?
– Простатит дерті бедеулікке апармайды. Тек ұрықтану үдерісіне кері әсерін тигізеді. Бала бітпеуі мүмкін. Егер де емделсе, мұның барлығы қайта қалпына келіп, бала сүйе алады.
– Науқастарға берер кеңесіңіз қандай?
– Аурудың белгілерін байқаған тұста бірден дәрігерге қаралып, дертті асқындырып алмаудың жолын қарастыру керек. Өзін-өзі емдеумен айналыспаған жөн. Себебі, қазіргі таңда неше түрлі дәрі-дәрмектер жарнамаланып келеді. Ауруды асқындырған жағдайда оның арты қатерлі ісікке де ұласуы мүмкін. Еркектік бездің қатерлі ісігі де қазіргі таңда жиі кездеседі. Сондықтан дәрігерге қаралған дұрыс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.