«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРДЫ ҰЛЫ АРМАН ЖЕТЕЛЕСІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үміт ӘБЕНОВА,

№12 орта мектептің кітапханашысы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауы маған ерекше әсер етті. Онда: “Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуы тиіс. Бейбітшілік пен тұрақтылық, әділ сот және тиімді құқық тәртібі дегеніміз – дамыған елдің негізі”, – делінген. Себебі, бүгінгі таңда көк аспаны қара түтінге оранып, ел бірлігі мен бейбіт өмірін сақтай алмай отырған кейбір елдердің саяси ахуалын теледидар арқылы көріп, жағамызды ұстап, өзіміздің тыныш өмірімізге тәубемізді айтамыз. Әр азамат туған жерінің түтіні тік ұшқанын қалайды. Алайда, жер бетінде қанша адам туған Отанынан тыныштық таба алмай, босып жүр.

Мен өз елімнің патриоты ретінде Отанымның тыныштығын қалаймын, өзімнің бейбітшілік туы биік желбіреген елде өмір сүріп жатқанымды мақтан етемін. Биылғы Жолдауда айтылғанындай, Қазақстанды дамыту мақсатында оның ертеңі үшін бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ керек. Елбасы әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында ұзақмерзімді бағыттарды белгілеп берді. Осы бағытта тапжылмай, қажырлы еңбек етсек, барша қазақстандықтар Отанын ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған Мәңгілік Елге айналдырары сөзсіз. Бүгінде Мәңгілік Елдің іргетасы қаланды. Тәуелсіздік алғаннан бері біз өз мақсат-мұраттарымыздың жарқын жолын белгілеп алдық.

Біздің білім беру мекемесінің ұстаздар мен тәрбиешілер ұжымы жоғары сынып оқушыларымен бірге “Елбасы Жолдауы – халықтың қолдауы” атты тақырыпта пікір алмасулар, “Оқырмандар пікірі” атты кездесулер өткізуде. Сонымен қатар, биыл мектебімізде еліміздің көрнекті тұлғалары Балуан Шолақтың 150 жылдығы және Баян Қасболатұлының 300 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Ел болашағы жастар деп білетін аға буын осындай мәдени іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштікті дарытуды көздейді. Жас ұрпақтың жүрегінде ел тыныштығы туралы тілек қашанда маздап жанып тұруы керек. Олардың санасында Отанын Мәңгілік Елге айналдыру туралы ұлы арман мен ой ұялауы тиіс. Біз, орта буын осы бағытта ұрпақ тәрбиелеп, өз үлесімізді қосуға қашанда дайынбыз.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp