«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАТ АҒЫМДАР ЖАСТАРДЫ АДАСТЫРАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ,

“Қызылжар” орталық мешітінің ұстазы.

Жастар – кез келген мемлекеттің негізгі тірегі, елдің болашағы, қоғамның қозғаушы күші. “Жас келсе – іске” деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Жастар шыншыл, сөздеріне бекем, ұлтжанды, отансүйгіш келеді. Ақиқатқа бекем келген жастар бұл жолда жанын құрбан етуден тайынбайды.  

Хақ Ислам діні араб түбегіне жеткен кезде оны қабылдағандардың басым бөлігі жастар болатын. Олар: Омар әл-Фаруқ, Осман Зуннурайн, Әли әл-Муртада, Сағд ибн Әбу Уақас, Зубейр ибн Әууәм және тағы басқалар. Шынайы Ислам дінінен нәр алған алғашқы мұсылман жастар Ислам дінін жиырма жыл ішінде Африка құрлығындағы Мысырдан Орта Азияға дейін жеткізді. Бұл олардың дінге деген жанашырлығы, Алланың және Оның пайғамбарының (с.ғ.у.) әміріне деген бойұсынушылықтың көрінісі болса керек. Сол кезде олардың бойынан шынайылық, имандылық, табандылық байқалмаса, көптеген мұсылмандар Алланың дініне кірмес еді.

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, дініміз, діліміз қайта оралған сәтте 70 жыл бойы рухани шөлдеген халқымыз жаппай дінге бет бұрды. “Шөлдеген жан су көрсе, бас қоймай ма қайнарға”, – деп дана Абай айтқандай, өзінің рухани бұлақ көзінің бастауына жұртшылық, соның ішінде жастар жете мән бермеді. Тұнық таза Исламмен бірге кертартпа пікірлер де араласып кетті. Аузында “бисмилләсі” бар барлық жанды діндар деп санайтын дарқан халқымыз алғашында жалған дін жаюшылардың парқын айыра білмеді. Оған себеп – сол уақыттағы Қазақстан жеріндегі дін ғалымдарының аздығы, мешіт имамдарының білімдерінің таяздығы, арнайы дін қызметкерлерін даярлайтын оқу орындарының жоқтығы. Сауалдарына ұтымды жауап таба алмаған иманды жастар сол кездері шетел асып, Ислам дінінің білім ордаларынан тәлім алды. Қазақы салт-дәстүр мен діни ұстанымды бойларына сіңіріп үлгермеген қазақ жастары кейін елге оралып, өздері оқыған елдің салт-дәстүрлерін, діни ұстанымдарын дәріптей бастады. Осы кезде ғасырлар бойы халықтың санасында қалыптасқан салт-дәстүр мен діни үрдіске олардың пікірі сәйкес келмей, қарама-қайшылыққа апарды. Әсіресе, жастар жағы бұл ұстанымдарды бірбеткей қабылдап, отбасының, одан кейін қоғамның шырқын бұзуда. Аурудың алдын алу үшін, ең алдымен, оның зиянды тұстарын әшкерелеуіміз керек. Жат ағымдардың елімізде таралуының зиянын екі бөліп қарауға болады. Олар: дінге және қоғамға тигізер қауіп.  

Дінге тигізер қауіп мыналар:

1. Сенім тұрғысында өрескел қателіктер. Олардың сенімі бойынша Алла аспанда, Оның қолы, көзі бар. Құран аяттары мен хадистерде келген “яд”, “айн”, “истауа” сөздерінің тура мағыналарын қолданып, “қол”, “көз”, “көтерілді” деп, халықты адастырып жүр. Араб тілінде бұл сөздердің бірнеше мағыналары болғандықтан, Исламдағы алғашқы ғалымдар астарлы, ауыспалы мағыналарын қолданған. Алла тағала Құран кәрімде “Шура” сүресінің 11-аятында: “Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол Алла, әр нәрсені естуші, толық көруші”. Демек, Алланы ешбір жаратылысқа ұқсатуымызға болмайды. Оны бір нәрсеге ұқсату күпірлікке апарады. Егер олардың сеніміне сәйкес Алланы аспанда деп пайымдайтын болсақ, “Аспан жаратылмас бұрын Алла қайда болды?” деген сұрақ туындайды. Аспан жаратылған нәрсе болғандықтан, теңдессіз, еш нәрсеге ұқсамайтын, мекен, уақыт атаулыны жаратқан Алланы аспанға сыйдыру немесе аспанда деп айту нағыз адасушылық. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Бұхариден “жаратылыстың басталу” бөлімінде келген хадисінде: “Алла тағала болды және одан басқа еш нәрсе болмады” деген, демек аспан да, жер де, уақыт та, мекен де Алланың жаратқан нәрсесі.

2. Құран аяттары мен хадистерді дәлме-дәл, сөзбе-сөз түсіну. Кез келген тілде, соның ішінде араб тілінде сөздердің астарлы мағыналары бар. Осы тұрғыда жат ағым өкілдері Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистеріндегі сөздерді тікелей түсіну арқылы адасушылыққа баруда. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) кезінде Мекке мүшріктерінің жер сүйреген киім кию арқылы өзінің қоғамдағы орнын көрсету үшін болған тәкаппарлық әрекеттеріне Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) изарларының (ұзын киім) етектерін қысқартуға әмір берген болатын. Бұл жердегі қысқартудағы мақсат тәкаппарлық болғандықтан, ондай ниетсіз киген адамға еш күнә болмайды. Ал бұл хадисті сөзбе-сөз қабылдаған жат ағым өкілдері балақтарын қысқартуды әдетке айналдырған.

3. Бидғат сөзін бұрыс түсіну. Олардың ұстанымы бойынша діндегі барлық жаңалық қабылданбайды, ол Алланың қаһарына апаратын үлкен күнә. Алайда, “бидғат” мәселесінде келген хадисті шарх (түсіндіруші) қылушы ғалымдар Асқалани мен Имам Науауи бидғатты жақсы, жаман деп екіге бөледі.

Қоғамға тигізер қауіп мыналар:

1. Мазһабты мойындамау. Кез келген Ислам мемлекетінің бірлігі мен ынтымағының негізгі кепілі – бір мазһабқа жүгіну. Осыдан он екі ғасыр бұрын Исламды қабылдаған ата-бабамыз осы уақытқа дейін бір мазһаб – Ханифа мазһабын ұстанып келген.

2. Басшылыққа бағынбау. Жат ағым өкілдерінің пікірі бойынша мемлекетте шариғаттың үкім етпеуі – ол дін бұзушылық, ондай мемлекетті Ислам мемлекеті деп санауға болмайды. Сол себепті олар мемлекеттік мейрамдарды қастерлеуден, Отан алдындағы борышты өтеуден бас тартады. Бұл Құран аятына қарсы келу болып табылады. Алла тағала Құранда “Ниса” сүресінің 59-аятында былай деген: “Ей, мүміндер! Сендер Аллаға бой ұсыныңдар, Пайғамбарға бой ұсыныңдар, әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар”.

3. Қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты жоққа шығару. Мың жылдар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен қалыс қалуы кез келген мемлекеттің болашағына балта шабады.

Жат ағымдардың артында сыртқы саяси күштердің мүдделері жатқаны белгілі. Бұл кесапаттан арылудың жалғыз жолы – жастардың діни сауаттылығын арттыру, дін мәселесін сұрарда өте мұқият болу. Дін ілімін үйренем дегендер үшін бар жағдай жасалған. Жоғары оқу орын, тоғыз медресе бар, сондай-ақ әр мешіт қабырғасында сауат ашу курстары жұмыс істеуде. Діни білімін арттырғысы келгендер үшін бұл аталған оқу орындары жеткілікті. Дін мәселесіне байланысты туындаған сұрақтарды дін қызметкерлерінен сұрап білген абзал.

“Отанды сүю – иманнан”. Сол себепті Отанымызды сүйейік, оны құрмет тұтып, әрбір ағашы мен тасын бағалайық! Өйткені, оның болашақ жеміс берер ағашы – сендерсіңдер, жастар! Бір ағашта алма мен алмұрт қатар өспейтіндей, бір елдің баласының өз ішінде бөлінуі өкінішті-ақ. Сөз соңында ойымды өңіріміздің өр тұлғасы Мағжан атамыздың мына бір өлең шумағымен аяқтағым келіп отыр:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты –

Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар.

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемін!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp