Самат САПАРАЛЫ,
журналист.
Облыс әкімі Самат Ескендіровтің өңір тұрғындарының алдындағы есепті кездесуінде ардагерлер Жеңістің жетпіс жылдық мерейтойына қатысты сауал жолдаған еді. Өңір басшысы бұл мәселені ардагерлермен арнайы бас қосып, ақылдасып шешуді ұсынған болатын.
Жуырда өңір басшысы ардагерлермен кездесу өткізді. Онда Жеңістің 70 жылдық мерейтойын атап өту жоспары талқыланды. Ардагерлердің айтуынша, облыс орталығындағы Жеңіс саябағы Жеңістің 65 жылдығы тойланғаннан кейін аббаттандырылмаған. Екіншіден, облысымыздан 55 Кеңес Одағының Батыры шыққандығын мәңгілік есте қалдыру үшін саябақта Батырлар саяжолын салу керек, ол үшін орын да дайын.
Кеңес барысында Самат Ескендіров әлеуметтік көмектен басқа, ардагерлердің пәтерлері мәселесіне де назар аударды. Анықталғанындай, бүгінде мүлдем үйсіз отырған ардагерлер жоқ, алайда кейбіреулерінің пәтерлері жөндеуді қажет етеді. Бұл мәселені шешу мақсатында облыстағы Ұлы Отан соғысының 355 ардагерінің әрқайсысына 100 мың теңгеден, жалпы сомасы 34 млн. теңгеден астам қаржы бөлінетін болды. “Берілетін 100 мың теңгеге бірқатар жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады. Мүмкін, біреуі үйінің шатырын ауыстырар, екіншісі еденін жөндер, бұл олардың өз еріктерінде. Бірақ соңғы бес жылда жаңа пәтерге ие болғандар бұған зәру емес шығар деп ойлаймын. Сондықтан қазірден бастап ардагерлердің тізімін дайындау керек”, – деді өңір басшысы.
Жеңістің 70 жылдығына бөлінгелі отырған қаржы келесі жылдың бюджетіне енгізіліп, 2015 жылдың қаңтарында ҰОС ардагерлерінің есепшоттарына аударылатын болады.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.