Апта ішінде облыс жолдарында үш автокөлік қар құрсауында қалған.
Шал ақын ауданындағы “Корнеевка-Сергеевка” автожолында Новопокровка мен Кривощеково ауылдарының арасында “Көкшетау-Сергеевка” бағытында жол жүріп бара жатқан “КамАЗ” жүк көлігі қарға батқан. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда жол жүріп келе жатқан “Вольво” мен “Фольксваген Пассат” көліктері де осындай жағдайға тап болды. Жедел әрекет ету жасақтарының көмегімен жол аршылып, көліктер одан әрі бағытын жалғастырды.
22-23 ақпанда Есіл, Мағжан Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардағы автожолдарда көліктердің қатты аяздан апаттық жағдайда тоқтап қалған 4 фактісі тіркелді. Дизельді жанармайдың қатып қалуы салдарынан 3 жүк көлігі мен 1 автобус жолда қалған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
13 жолаушысы бар “Мерседес” автобусы Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда тоқтауға мәжбүр болған. Барлық жолаушылар жол-жөнекей көліктерге отырғызылды. Тоқтап қалған көліктер мен олардың жүргізушілеріне аудандық әкімдіктер мен ТЖ және ІІД бөлімдерінің қызметкерлері көмекке келді.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.