Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: “Ветеринарлық қызметті дұрыс жолға қоя алмасақ, ет экспорты туралы айтуға да болмайды. Мал шаруашылығымен айналысушылардың барлығы осыны есте сақтаулары керек”. Өткен жылдары өңірімізге шетелден әкелінген асылтұқымды малдардан диарея мен Шмалленберг вирусы анықталып, бір дүрлігіп едік. Осы орайда еліміздің қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру саясатын жүзеге асыруға белсене қатысып отырған өңіріміздегі бүгінгі жағдайды білмек болып Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының басшысы Владимир Карабельниковке хабарласып едік.
– Владимир Ильич, қазіргі таңда өңірімізде эпизоотиялық жағдай қалай?
– Облысымызда эпизоотиялық жағдай тұрақты, оның ішінде қауіпті жұқпалы аурулар бойынша да. Мал аурулары бойынша эпизоотиялық жағдайға үнемі мониторинг жүргізіліп отырады.
– Эпизоотиялық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін өткен жылы қандай шаралар жүзеге асырылды?
– Ветеринарлық алдын алу шаралары мен диагностикалық зерттеу жоспарына сәйкес 2013 жылы барлық жұмыс толық атқарылды. Ірі қара мен ұсақ мал, жылқы, шошқа – бәріне бруцеллезге қарсы диагностикалық зерттеу жүргізілді. Бруцеллезді жұқтыруға бейім мал алдағы уақытта өнеркәсіптік қайта өңдеуден өтуі үшін санитарлық союға өткізілді. 100 пайыз малға Сібір жарасына қарсы екпе жасалды. Сондай-ақ құтырма, лептоспироза, листериоза, пастереллеза және етқоректі эхиноккоккозға қарсы екпе мен дегельминтизация жүргізілді. Жылқыларды маңқа бойынша аллергиялық тексерістен өткіздік.
– Шетелден әкелінетін асылтұқымды ірі қараны тексеру барысында қандай да бір төтенше жағдай орын алды ма?
– Шетелден әкелінген асылтұқымды мал үнемі бақылауда. Сырттан әкелінген мал бірден карантинге қойылып, осы уақыт аралығында қажетті диагностикалық тексеру жүргізіледі. Соның нәтижесінде барлық шаруашылықтарда карантин тоқтатылды. Бұл төтенше жағдайдың жоқтығын көрсетеді.
– Өткен жылы облыс прокуратурасы өңіріміздегі мал сою алаңдарының басым көпшілігі талаптарға сай еместігін айтқан болатын. Бұл жайлы не айтасыз?
– Облыста ауыл шаруашылығы малдарын соятын 129 нысан тіркелген. Шынында да, олардың барлығы бірдей ветеринарлық талапқа сай емес. Мысалы, Мамлют ауданындағы “Тулинов”, “Богданов”, “Третьяк” ЖК-терінің мал сою алаңында аумақ пен өндірістік ғимараттарды жабдықтау мен ұстауда өрескел кемшілік анықталды. Дәл осындай олқылық Айыртау ауданындағы “Ходаковская” ЖК-нің сою қосынында да орын алған. Прокуратураның ұсынысы негізінде біз Петропавл қаласының ауданаралық экономикалық сотына талап арыз жолдадық. Соттың шешімімен аталған кәсіпорындардың жұмысы 1 айға тоқтатылды. Қазіргі таңда аталмыш нысандарда әкімшілік-шаруашылық шаралар жүзеге асырылуда.
– Осы күнге дейін ашылған мал сою қосындарының қаншасы жұмыс істемейді?
– Қазіргі таңда 25 сою алаңының төртеуі жұмыс істемейді.
– Сондай-ақ соңғы кезде мал дәрігерлерінің облыс тұрғындары тұтынып отырған етке жалған құжат жасап беріп, заңды белден басып жатқандығы да белгілі болды. Тұтылғандарға қандай шара қолдандыңыздар?
– Осы мәселе бойынша 83 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде ветеринария саласы заңнамасының талаптары бұзылған 48 келеңсіздік анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша ауылдық әкімдіктер мен сою нысандарын өндірістік қадағалау бөлімшелерінің 48 ветеринар маманы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты жалпы сомасы 488 мың теңгені құрайтын әкімшілік өндіріп алу туралы қаулы шығарылды.
– Осы орайда өңірдің эпизоотиялық жағдайына жауапты ветеринар мамандардың біліктілігі қандай деңгейде деген сауал өз-өзінен туындайды.
– ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы мен аудандық аумақтық бөлімшелері ветеринарлық мамандармен штаттық кестеге сәйкес қамтылған. Барлық ветеринар мамандардың ветеринарлық білімдері және тәжірибелік жұмыс өтілдері бар. Жүйелі түрде біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.