«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ ӨРЛЕУІ – ЕЛ ӨРЕСІНІҢ БИІКТЕУІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қуандық ҚАСЫМОВ,

С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ

сазды-драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Әлемде кез келген елдің рухани байлығы мәдени кемелдігімен бағаланады. Бұл орайда Қазақстан халқы өнер мен мәдениеттегі жетістіктерімен мақтанышқа бөлене алады. Еліміздің тамаша өнер иелері әлемнің ең озық сахналарында шетел жұртшылығын тамсанта көрсеткен концерттерімен Қазақстанның абыройын асырып жүр. Мұндай саңлақтарымыздың жетістіктері өнер саласындағы әрбір қазақстандық ұжым мақтануға болатын абыройымызға айналған.

Осы орайда 1999 жылдың соңында шаңырақ көтерген біздің театр да өңіріміздің өнерсүйерлеріне қадери-халінше мәдени тарту жасап, көрермендердің рухани жан дүниесін байытуға үлес қосуда.

Біздің рухани ризығымыз – ұлттық театрдың шаңырақ көтеруі. Бұл – Тәуелсіздіктің игілігі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да, жинастыруымыз керек”, – деп бұл сала қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер жүктегенін есте ұстаймыз.

Театрымыз өзінің репертуарын ұлттық туындылармен байытуды осы мақсаттың бір буыны деп біледі. Ұлы Мұхтар Әуезовтің “Қарагөзімен” басталған спектакльдеріміз Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің драмалық шығармаларымен жалғасып кетті. Бүгіндері театрымыздың труппасындағы отызға тарта сахнагеріміз ысылып, өнерлерімен көрермендердің көңілінен шығуы театрымыздың өткен он үш жылының нәтижесі деуге болады.

Өнердің өрлеуді қалайтыны түсінікті. Ол өзін танытуы үшін ізденіс қажет. Сондықтан репертуарды байытып, жыл сайын жаңа туындылар ұсынуға тырысамыз. Оның үстіне театр қойылымдарын петропавлдықтар ғана емес, өңіріміздің елді мекендерінің тұрғындары да тамашалауы керек. Осы мақсатпен біздің сахнагерлер өткен жылы облыстың барлық аудан орталықтарында спектакльдер қойды. Жалпы біз 2013 жылы 147 спектакльді сахналадық.

Өзге қалалардың театрларында да өнер көрсеттік. Атап айтқанда, 2012 жылы қарағандылықтарға тарту жасасақ, былтыр 22-26 қазан аралығында Көкшетау қаласында болып қайттық. Осы өнер сапарларында олжалы болғанымыз, сахнагерлеріміздің өнерлері аталған қалалардағы көрермендерден жақсы баға алғаны мерейімізді өсіріп, шабытымызға серпін бере түсті.

Былтырғы жылдың үздік премьерасы – “Өйтпесе, Мағжан бола ма?!”. Біз бұл пьесаны белгілі драматург Дулат Исабековке Мағжанның туғанына 120 жыл толуына орай арнайы жаздырған едік. Драматург өте ізденіп, өзінің үлкен дарынына сай туынды ұсынды. Оны сахнаға шығаруға Алматыдағы жас көрермендер театрының режиссері Мұрат Ахмановты тарттық. Қойылым көпшіліктің ризашылығына бөленді. Премьера көрсетілгенде болған драматург те, қоюшы-режиссер де сахнагерлеріміздің өнерінің көңілдерінен шыққанын атап айтты.

Жалпы біздің театр Д. Исабековпен жақсы қарым-қатынасқа қол жеткізді. Өйткені, 2010 жылы Сәбит Мұқановтың туғанына 110 жыл толуына байланысты біз Сәбеңнің “Балуан Шолақ” повесін арқау етіп пьеса жазуды өтінгенде Дулат ағамыз “Жаужүрек” атты драмасын тарту етіп еді.

Біз жерлес жазушыларымыздың мерейтойларын өз қойылымдарымызбен атап өтуді дәстүрге енгіздік. Осы орайда Сафуан Шаймерденовтің туғанына 90 жыл толуына тарту етіп оның “Дөкей келе жатыр” комедиясын сахнаға шығардық. Бір атап айтарым, осы күлдіргі спектакльді көрген көрермендер драматургияда да жұлдызы жанған Сафуан ағамыздың тапқырлығын, тілінің өткірлігін, пьесаның маңыздылығын түсініп, жақсы пікір білдірді.

Ал өзіміздің тағы бір тумамыз, көрнекті драматург Сәкен Жүнісовтің “Елім-ай” драмасын Қожаберген жыраудың 350 жылдығына арнап өткен жылы қойдық.

Театрымыз Ресей сахналарымен де тығыз байланыс орнатып отыр. Біз Екатеринбург қаласында болған халықаралық фестивальға қатысып, жақсы баға алып оралдық. Онда ресейлік драматург Олег Богаевтың “Тоқтаусыз ылдиға құлау” атты осызаманғы тұрмысты бейнелейтін шығармасын көрсеткенбіз.

Алда әлі де жаңа қойылымдарды сахналау мақсаты тұр. Бұл ретте Елбасымыздың биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауы нақты бағыт-бағдар нұсқайды. Жылдың басты құжатында атап көрсетілген: “Үшіншіден, жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға шаралар белгілеу керек”, – деген тапсырмасы әрқашан көкейімізде тұрады.

Елімізді әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосу үшін экономикалық өркендеуіміз қажет, сонымен бірге мәдени өрлеудің де маңызы зор деп білемін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp