«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАРЫЗЫН ӨТЕДІ ТАЙСАЛМАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауған соғысында от кешкен жауынгерлер – қазір елуге таяп, алпысты алқымдаған ер-азаматтар бүгінде арамызда жүр. Солардың бірі – Тайынша қаласы Ауған ардагерлері мен мүгедектері одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рашид Болтачев. Отан алдындағы парызын Ауған жерінде өтеген азаматпен әңгіме өрбіткен едік. 

Айгүл ТӘШЕТОВА,

журналист.

– Мен Қостанай облысының Үштөбе ауылында дүниеге келдім. 5 жасымда отбасымызбен бұрынғы Красноармеец ауданына қарасты Киров ауылына көшіп келдік. 6 жасымда асқар таудай әкемізден айрылдық. Балалық шағымның басым бөлігі де Киров ауылында өтті. Осы елді мекендегі орта мектепті тамамдаған соң ауылдасым Дмитрий Тулинцевпен бірге әскер қатарына шақырылдым. Ол кезде ауылымнан алыстап көрмеген 18 жасар бала едім. Бұл 1981 жылдың 9 қарашасы болатын, – дейді Рашид Болтачев. – Ауғанстанға аттанарымды білген жақынтуыстың көңілдері құлазыды. Өйткені, отбасымызда ұлдардың үлкені мен едім.

Рашид Наилұлы тарихтың қасіретті парағына айналған Ауған соғысын ұмытар емес. Соғыс майданында мыңдаған отандастарымызбен бірге болған ол Ауғанстан жерінде өткізген 2 жылға жуық уақытты мәңгілік есте сақтап қалары сөзсіз. Туған жерден алыстаған жерлесіміз таулы-тасты Ауған жерінде от пен судың ортасында болғанын толғаныспен айтады.  

– 1982 жылдың сәуір айында бейбіт өмірде Отан алдында борышымызды өтеп жүрген 125 шақты жас жігіт соғыстың мән-жайын ұғар-ұқпастан Өзбекстан-Ауғанстан шекарасына аттандырылып, 18 сарбаз мамырдың 25-інде Ауған жеріне алғаш рет қадам бастық. Тауға, тасқа өрмелеу алғашында қиынға соқты. Арқаңда – 45 килограмм ауыр қапшық, оның үстіне өзің әбден қажып, шаршап-шалдығып келе жатырсың, соған қарамастан атыс басталғанда тастан-тасқа секіресің. Қимыл-қозғалысың да жылдам болып кетеді… Иә, Ауғанстан Кеңес одағына ешбір абырой-даңқ әпермеді. Тек біз секілді қаншама жауынгер құрбан болды. Тіпті, 1989 жылы 15 ақпанда кеңес әскері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін де тұтқынға түскен жауынгерлердің тағдыры не болғаны белгісіз, – дейді тебірене.

Рашид Болтачев Отан алдындағы борышын өтеп, 1988 жылы елге оралады. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы саласында бірнеше жылдар бойы еңбек еткен ол “Интернационалист-жауынгер” белгісімен, “Алғысы мол Ауған халқынан” медалімен, “Ауғанстан Демократиялық Республикасынан әскерлердің шығарылғандығына – 10 жыл”, “Ауғанстан Демократиялық Республикасынан әскерлердің шығарылғандығына – 15 жыл”, “Ауғанстан Демократиялық Республикасынан әскерлердің шығарылғандығына – 20 жыл” төсбелгілерімен марапатталған.

Кешегі қатардағы жауынгер, бүгінде немерелерінің қызығына бөленіп отырған Рашид Болтачев өміріндегі осынау кезеңді “өмірлік мектеп” деп атайды. Ал ел тыныштығын сақтап, патриот ұрпақ тәрбиелеуді – өзіне жүктелген зор мақсат-міндет деп біледі. Ауған соғысы – әділетсіз соғыс. Соғыстың үлкен-кішісі жоқ. Жауынгерлердің әрқайсысы Отан үшін басын оққа байлады. Ал мемлекеттің бұйрығын орындап, Отан алдындағы борышын ерлік шежіресімен өтеген ардагерлерді ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp