Солтүстікқазақстандық полицейлер “Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік” акциясы барысында балаларға арналған түрлі шаралар өткізуде.
Мектеп оқушыларына өзін-өзі қорғаудың жауынгерлік тәсілдері және ішкі істер органдарының әскери арсеналы көрсетілді. Бұл, әрине, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Акцияның бірінші күні “Динамо” стадионына 100-ге жуық бала жиналды. Олар “Арлан” арнайы бөлімшесі жауынгерлерінің іс-қимылдарын тамашалады. Сондай-ақ балғындар назарына ювеналдық полиция қызметкерлері әзірлеген көрме ұсынылды. “Мен бұрын полицияның қызметінің соншалықты ауыр екенін білмеппін. Бүгін әскери арсенал жайғасқан көрмеде полиция қызметкерлерінің киім-кешегін көрдім де, олардың алдында тұрған міндеттердің қаншалықты қиын екенін ұғындым. Осыдан кейін бұл мамандыққа деген ықыласым арта түсті”, – дейді 8-сынып оқушысы Ирина Войтенко.
Жедел басқару орталығын аралаған балалар көп жайтты білді. Көшелерде орналасқан бейнекамералар жұмысын бақылады. “Жолды белгіленбеген жерден кесіп өткенімде мұны ешкім байқамай қалады деп ойлайтынмын. Бірақ олай емес екен. Бейнекамералар бәрін бақылап тұрады. Енді жол ережесін бұзбайтын болдым”, – дейді №9 орта мектеп оқушысы Иван Жубышев.
СҚО ІІД-нің бастығы Ақан Қажкеновтың бастамасымен жүзеге асқан шара барысында мектеп оқушылары арасында спорт жарыстары да ұйымдастырылды. Барлық шаралардан соң балалар мерекелік түстіктен дәм татты.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.