«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУЫСҚАНЫҢМЕН ТАТУ БОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі таңда қоғамымызда тәрбиеден шалыс, имандылықтан қалыс қалған кей адамдардың арасындағы туысқандық қарым-қатынас үзіліп, тіпті, өзара дауласып жатқан бауыр еті бір ағайын-туысқандарды кезіктіреміз. Жақын-жуық, ағайын-туысқандармен көркем мәміледе болып, өзара байланысты нығайту – бізді Жаратушы Раббымызға жақындататын ең ұлы ғибадаттың бірі.

Әбілхан ЖӘПІШЕВ,

қалалық “Нұр” мешітінің бас имамы.

Алла тағала қасиетті Құран кәрімде тума-туысқандарымен жақсы байланыста болған мүміндерді мадақтап, “Рағыд” сүресінің 20-21-аятында: “Олар Алланың уәдесін орындағандар әрі серттерін бұзбағандар. Олар Алланың жалғастыруды әмір еткенін (туысқандық байланысты) жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер”, – деп дәріптеген. Майқы би бабамыз айтқандай: “Ауыр жүкті бөлісу – ақ атанның парызы”, – демекші, аса қамқор ерекше мейірімді Раббымыз да ағайын-туысқандарға қарайласып, қолдары қысқарып, қалталары жұқарып, қажеттілік туындағанда оларға қол ұшын беруді Құран кәрімде бұйырып, “Нағыл” сүресінің 90-аятында былай дейді: “Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады”. Осы тәрізді аяттарға құлақ асқан дана халқымыз: “Өле жегенше, бөле же”, “Бауыр шырын, бас тәтті. Ағайынмен ішкен ас тәтті”, “Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір” деп өскелең ұрпаққа ақылын айтып отырған.

Ағайын-туыстармен араласып, хабарласып, қажеттілік туындағанда жәрдем беру арқылы туысқандар арасында сүйіспеншілік пен ризық-несібемізді молайтып, өмірімізді ұзартып, өзімізге-өзіміз үлкен пайда келтіретіндігіміз жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) хадисінде сүйіншілеп хабарлаған. Әнас ибн Мәлік (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.у.) былай деп айтқанын жеткізді: “Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туған-туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін”. Сондай-ақ Абу Һурайрадан жеткен хадисте (р.а.) Алла елшісі (с.ғ.у.): “Расында, туысқандық қарым-қатынас – отбасындағы махаббат, мал-дүниенің көбеюі, өмірдің ұзаруы”, – деген. Жақын-жуықпен жақсы байланыста болу тәубеміздің қабыл болуына, күнәларымыздан арылып, тазаруымызға үлкен септігін тигізеді. Бұған дәлел хадис: “Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) алдына бір жігіт келіп: “Уа, Алланың елшісі! Мен бір ауыр күнә істеп қойдым. Енді маған тәубеге келу жолы бар ма?” – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.у.): “Анаң бар ма?”– деп сұрайды.  

– Жоқ, – деп жауап берді жігіт. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.у.): “Анаңның сіңлісі бар ма?”– деді.

– Иә, – деп жауап берді жігіт.

– Олай болса, нағашы әпкеңе жақсылық жаса, батасын аласың және Алла күнәларыңды кешіреді”, – деп айтты.

Жұмақ-пейішке кірудің ұлы амалы – туысқандармен көркем мәміледе болу. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.у.): “Уа, адамзат! Өзара сәлемді жайыңдар, аш-мұқтаждарды тамақтандырыңдар, туысқандарыңмен болған байланысты үзбеңдер, адамдар түнде ұйықтап жатқанда тұрып, намаз оқыңдар. Міне, сонда аман-есен жәннатқа кіресіңдер”, – деп айтқан.

Расында, ХІІ ғасырдан бері жалғасын тауып келген ата дін – Ислам жолымен жүріп, қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) асыл хадистерінен нәр алып, сусындаған ата-бабамыз туысқандық қарым-қатынасқа жіті мән берген. Оның айғағы – дана халқымыздың озық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің, өткір де ойлы өлең-жырларының, дөп басып айтқан мақал-мәтелдерінің шариғатпен ұштасуы. Соның мысалы ретінде ақын бабымыз Мәшһүр Жүсіп ағайын-туыс, бауырдың жан сырын терең жырлай келіп:

Аманыңда елжіреп,

мақтайтын да ағайын,

Алыстамай айналып,

жақтайтын да ағайын.

Ауырыңды жеңіл ғып,

жоқтайтын да ағайын,

Еркелетіп, бетіңнен

қақпайтын да ағайын,

– дейді.

Дана халқымыз туыстардың өзара татулығы мен бірлігіне шақырып: “Ағайын тату болса, ат көп. Абысын тату болса, ас көп”, “Ағайын жақсы болса – қанатың”, “Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді”, – деп туысқандық байланыстың маңыздылығы мен парқын жете түсінген, “Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың”, – деп те ескерткен.

Жаббар Иеміз қасиетті Құран кәрімде және ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) өзінің бірқатар асыл хадистерінде ағайын-туысқандармен байланысты үзу жазасы осы өмірде берілетін өте ауыр күнә әрі оның соңы қасірет екендігін ескерткен. Алла тағала өзінің қасиетті Кітабының “Бақара” сүресінің 27-аятында бақытсыз жандарды сипаттап: “Олар серт бергеннен кейін Алланың уәдесін бұзады да, Алланың жалғастырылуын бұйырған туысқандық байланысты үзеді. Сондай-ақ жер жүзінде бұзақылық істейді. Міне, солар қасірет шегушілер”, – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) бұл туралы қатаң ескертіп: “Туысқанымен қатынасын үзген адам жәннатқа кірмейді”, – деп айтқан.

Бұхар жырау: “Ағайынның аразы елдің сәнін кетірер, абысынның аразы ауыл сәнін кетірер”, – деп айтқандай, ағайын-туысқанның араздасып, арадағы байланыстарын үзуі Құдайдың қаһарына ұшыратып, елдің берекесін кетіреді. Әрине, туыстық байланыстың үзілуінің бірнеше себептері бар. Дана халқымыз: “Араласпаса, ағайын жат”, “Ағайыннан шет жүрсең, көңілің бір күн тарығар”, – дегендей, жиі-жиі араласып-құраласпау да туысқандық байланыстың үзілуіне апарады.

Жоғарыда айтылған аят-хадистерден туысқандық қарым-қатынастың маңыздылығы мен киелілігін естігеннен соң әркім өзіне: “Туысқандарыммен қатынасым қандай деңгейде?” – деп сұрақ қойып, ойланғаны жөн. Бабаларымыздың: “Ағайынмен жауласпа – басың азаяды, көршіңмен дауласпа – асың азаяды”, – деген өсиетін естен шығармайық.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp