«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҮШ ШАҚЫРЫЛЫМДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС еңбегіміздің зая кетпегенін көрсетті”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Саналы ғұмырын елінің өркендеуіне, халқының тұрмысын жақсартуға арнаған жандардың бірі – Ерембек Әубәкіров. Оның халық қалаулысы, облыстық мәслихаттың хатшысы ретінде атқарған еңбегі өлшеусіз. Әлеуметтік жағдайдың мүшкіл кезінде, көбіміздің үйдегі бар жиған-тергенімізді көшеге сатуға алып шыққан кезең – 90-ыншы жылдардың басында Ерембек Әубәкіров сынды ел басқарған азаматтардың алдына құлдыраған экономикамызды көтеру міндеті қойылды. 1994 жылы наурыздың жетісінде бірінші шақырылымдағы облыстық мәслихат сайланып, Ерембек Жәмшитұлы алғашқы хатшысы болып таңдалды. Сол сәттен бастап ол үш бірдей шақырылымдағы мәслихат хатшысы міндетін абыроймен атқарып, 2007 жылға дейін өкілетті биліктің тізгінін ұстап келді. 

– Ерембек Жәмшитұлы, облыстық мәслихаттың алғашқы сессиясы өткен кез есіңізде ме? Ол уақытта билік үшін дағдарыстан кейінгі жағдайды түзеу оңайға соқпады ғой.

– Артқа көз тастасаң, еңбек жолыңның әр жылы өз кезегімен жылжып өткендей. Дегенмен де сол жылдар бізден асқан жауапкершілік пен күш-қайратты қажет етті. Біраз өндіріс орындарында, билік органдарында қызмет еткен мені 1994 жылдың 6 сәуірінде облыстық мәслихат депутаттарының бірінші сессиясында хатшы етіп сайлады. Сол сәттен бастап осы саладағы соңғы жұмыс күніме дейін мойныма үлкен жүктің артылғанын бір мезет естен шығарған емеспін. Несін айтасың, мәслихат құрылған жылдар ел үшін ауыр уақыт болатын. Депутаттар қиын жағдайда атқарушы билікпен бірге тұралап қалған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу міндетіне кірісті. Ал олар аз болған жоқ. Экономикадағы, әлеуметтік саладағы қиындықтар белең алып тұрды әрі елді жұмыссыздық жайлады. Осы кезде тауар айырбасы дамыды. Кәсіпорындар еңбекақыны тауармен, азық-түлікпен беріп, жұрт үйіндегісін сатып, пайда табу үшін көшеге шықты. Тауар айырбастап, алып-сатарлыққа көшті. Ауылдардағы медициналық мекемелер мен мектептер жұмысын тоқтатты. Қазір мұның бәрі жаман түс сияқты көрінгенімен, бұл жағдай басымыздан өтті. Сондықтан депутаттар алдымен ең қарапайым деген әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысты. Мәслихат бірінші шақырылымда жергілікті бюджет туралы мәселені он алты мәрте талқылады. Түрлі пікірге ие халық қалаулылары кезекті бюджетті, әсіресе, оның жекелей бөлімдерін қысқарту кезінде дау туғызды. Бірақ соңғы нүктесін қоярда ақылға салып, оңтайлы шешімге келді. Сөйтіп, реформаларды тереңдету жөніндегі 1996-1998 жылдарға арналған облыстық бағдарлама қабылданды. Соның негізінде экономикалық түбегейлі өзгерістерге жол ашылды. Нарықтық қатынас жағдайында өнеркәсіпті қайта құру, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне, шағын және орта бизнесті қолдауға айрықша көңіл бөлінді. Қаржылық жағдайдың қиын болғанына қарамастан, облыстық мәслихаттың арқасында шағын бизнес субъектілеріне – 30 млн. теңге, облыстық психоневрологиялық диспансерді жөндеуге 14 млн. теңге қаржы несие түрінде берілді. Облыс орталығындағы қалалық классикалық гимназияның құрылысы және №6 қазақ орта мектебін жөндеу үшін қаржыландырудың қосымша көздерін іздеп таптық. Патенттер бойынша қызмет ететін кәсіпкерлер қатары артты. Облыс тұрғындарының үй жанындағы жер учаскелеріне салық құнын азайтуға қол жеткіздік. Осы жөнінде мақсатты бағдарламалар қабылдадық. Тұрғындарға медициналық қызмет көрсету мәселесі халық қалаулыларының қадағалауында болды. Емдеу мекемелері дәрі-дәрмекпен бір орталықтан қамтылды. Сессия шешіміне сәйкес зейнетақыны бір уақытта беру кестесі жасалды. Жұмыссыздық мәселесін шешу үшін Жұмыспен қамтудың өңірлік бағдарламасын қабылдадық. Мұның бәрі тырнақалды шаралар еді, экономикалық реформалардың алға жылжуымен қатар депутаттар да өз жұмыстарын жандандыра түсті. 1998 жылы облыста тұңғыш рет азаматтарды қабылдау бөлмесі ашылып, онда тек өзім 300-ге жуық адамды қабылдадым. 115 өтініш бойынша жұмыс атқарылды.  

– Бастапқыда депутаттар жұмысын қарапайым тұрғындар қалай қабылдады?

– Сол тұстағы әлеуметтік саладағы қиын жағдай тұрғындардың алаңға шығуына әкеліп соқтырды. Сессия басталар күні тұрғындар мәслихат ғимаратының алдына таңғы сағат алтыдан жиналып, тұрып алатын. Сол кездегі облыс әкімімен бірге олардың алдына шығып, кім екенімізді, не шаруа тындыратынымызды түсіндіретінбіз. “Жағдай дұрысталады” деп халыққа басу айтушы едік. Сөйтіп жүріп, сессиямыз тек түстен кейін басталатын. Түрлі саладан келген депутаттардың басын қосу, оларды бір ойға тоғыстыру да қиын шаруа болатын. Әрқайсысы түрлі этностың атынан мұң-мұқтажын айтып тұрып алатын. Сонымен күн батып, сессия екінші күнге қалатын. Қызу пікірталастың болғанына қарамастан, облыстық мәслихаттың мемлекеттік орган екенін, мұнда бір ойға келіп, ортақ шешім қабылдау керек екенін түсіндіруге тырысатынбыз. Бастапқыда әр сессия солай өтетін. Кейін сессиядан үш күн бұрын тұрақты комиссиялардың отырысын өткізіп, депутаттарға тек сонда пікір айтуға құқық бердік. Оған басқармалар басшыларын әдейі қатыстырып, мәселелерді сол жерде талқыладық. Облыстық мәслихаттағы жағдай дұрысталып, депутаттар арасында түсіністік орнай бастаған кезде 1997 жылы облысымызға Көкшетау өңірінің аудандары қосылды. Көрші облыстың 45 депутаты қатарымызға енген кезде де бұрынғы жағдай қайталанды. Әсіресе, бюджетті қабылдағанда қиындық туындайтын. Дегенмен, оларға да облыстық мәслихат депутаттарының міндеті мен қызметі жете түсіндіріліп, жағдай оңынан шешілді.

– Екінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың қызметі нәтижесінде облыс өмірінде қандай өзгерістер байқалды? Неге қол жеткіздіңіздер әрі басталған істің қайсысын аяқтағыларыңыз келді?

– Өткен күнге көз жіберсем, екінші шақырылымдағы депутаттық корпусқа жүктелген міндет толығымен орындалған екен. Бүгінгі күнгі тұрмыстың жақсаруына сол кездегі депутаттардың сіңірген еңбегі мол. Бұған дәлел: екінші шақырылым жұмыс істей бастаған алғашқы 1999 жылы халық қалаулыларының алдында тұрғындардың әл-ауқатын арттыру міндеті тұрды. Жұмысты соның негізінде жоспарладық. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында өнім көлемін арттыру және тұрақтандырудың арқасында жоспарлау мүмкіндігі артты. Депутаттар бұл кезеңде 2010 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық жоспарын бекітті, 11 өңірлік бағдарлама қабылдадық. Егер біз бірінші шақырылымда барлық салада реформаны тереңдету жөніндегі облыстық бағдарламаны орындау барысына зор көңіл бөлсек, осы жолғысында, яғни экономика тұрақталып, оның өсуі байқалған тұста әлеуметтік проблемаларды шешуге атсалыстық. Нәтижесінде 100-ден 300-ге жуық тұрғыны бар елді мекендердің барлығында фельдшер-амбулаторлық пункттер жұмыс істей бастады. Екінші шақырылым жұмыс істеген үш жыл ішінде 79 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды, сөйтіп жұмыссыздық 3,7 пайызға қысқарды. 37 мың аз қамтылған отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Осы кезеңде тұрғындардың жеке мәселелер бойынша шағымдануы күрт азайды. Енді мұның орнына азаматтарды сумен қамтамасыз ету, жол қатынасы, елді мекендерге телефон тарту проблемалары толғандырды. Тағы бір қуана еске алар жайт, 1999-2003 жылдар аралығында шағын бизнес субъектілерінің саны 18 мыңға жетіп, оларда жұмыс істегендер қатары 53 мыңнан асып түсті. Салықтың үштен бір бөлігі осы субъектілерден түсіп жатты. 1999 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 66 млрд. теңге болса, 2003 жылдың 1 қаңтарында ол 92 млрд. теңгеге жетті. Шақырылымның алғашқы күнінен өскен салық базасы мен бюджеттің кіріс бөлігінің көлемі есебінен 1 млрд. теңгеге жуық қаржы әлеуметтік салаға құйылды. Осы кезеңде депутаттар аудандарға шығып, жергілікті халық қалаулыларымен бірге жұмыс атқара бастады.

– Үшінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың жұмысына қандай баға берер едіңіз?

– Бұл шақырылымда қызмет еткен депутаттар түрлі саладан болды. Бірі аграрлық сектордан болса, енді бірі энергетика, машина жасау саласынан келді. Денсаулық сақтау, білім ұйымдарында табысты қызмет еткен жандардың қатарын заңгерлер мен кәсіпкерлер толықтырып, барлығы ұйымшылдық танытты. Олардың орта жасы 40-тан асып жығылды. Яғни, бұл шақырылымда кәсіби және өмірлік тәжірибесі мол, өмірді жан-жағынан тани білетін адамдар тоғысты. Қайта сайланған депутаттардың арасында бұрыннан қалғандар көп болды. Ал қатарымызға жаңадан қосылғандарына бар білгенімізді үйретуден жалықпадық.

Үшінші шақырылымда қызмет еткен депутаттарға да үлкен жүк артылды. Халықтың бізге деген зор сенімінің негізінде көп істерді тындырдық. Мәселен, облыстық бюджетті нақтылау барысында кірістің шығыннан басым түсуінің нәтижесінде және бюджеттік қаражаттың артуына байланысты әлеуметтік салаға 1,1 млрд. теңгеден астам қосымша қаражат бөлу мүмкіндігі пайда болды. Облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуының 14 бағдарламасын қабылдадық. Соның бірі 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы туралы бағдарлама бекітіліп, жылдық жоспар мерзімінен бұрын орындалды. Нәтижесінде 117 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Білім беруді дамытудың өңірлік бағдарламасы негізінде 10,6 млрд. теңге бөлініп, мектептердің оқу және материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылды, білім берудің 100 нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Медицина, ауыл шаруашылығы салалары да назардан тыс қалған жоқ. Азаматтарды қабылдау бөлмесі белсенді жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде бір жылдың ішінде 800-ден астам адам депутаттардың жеке қабылдауында болып, түйінді мәселелерін шешті. Ең қуантарлығы, бұл кезеңде жалпы өңірлік өнім көлемі 194 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. 2005 жылы облыстық мәслихаттың 14 депутаты мемлекеттің конституциялық негіздерінің қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесі үшін ҚР Конституциясының он жылдығына орай мерекелік медальдармен марапатталды.

– Cұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp