«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗІМ және ӨЗГЕЛЕР ЖАЙЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

АҚЫНДАР

ЖАСАЙ БЕРСІН!

Ақындық сүйегіме біткен асыл өнер екендігін білген, оның мәңгілік серігім болатындығын сезген менің мектеп бітіргенімше мамандық таңдамағаным есімнен кетпейді: “Өлеңнің өзі бұраңдаған бір жолға түсірер”, – деп қаперсіз жүре берген сияқтымын. Сынып жетекшісі, журналист Ермек Құсайыновтың маған жазған мінездемесі ғой мені селт еткізген: оның “Қаламы ұшқыр журналист болады” дегенін оқығанымда қалың ұйқыдан оянғандай болдым.

Алайда, Алматыға барғанымда журналист болуыма Үкімет мүшесі әрі өзі де белгілі журналист болған нағашым қарсы болып, журналистика бес қайнаса сорпасы қосылмайтын мал дәрігерлерін даярлайтын факультеттен бір-ақ шығарды. Зооветтехникумды бітіріп, заңғар жазушыға айналған Шыңғыс Айтматовтың құлағын шулаттық, оның үстіне менің тозақтай көріп отырғаным білдей бір институт екен.

Суқаным сүймеген сол институтты тастап кетуге бір-екі рет оқталғанымда проректор жерлесіміз Зейнолла Қожабеков кейістік білдірді: “Маған ізбасар болуды неге ойламайсыңдар осы?!” – деп. Бір күні ақындығым да аян болды: орыс тілі пәнінің оқытушысы: “Сенің ақын екендігіңді аңғарып жүрген менің өтінішім сол – бір өлеңіңді оқышы”, – деп абыройымды асқақтатқан болатын. Ал кейінірек Қазақ телевизиясында диктор болып істеген тәтемнің оқитын мәтіндерін өңдегенімде: “Ой, сен дайын тұрған журналист екенсің ғой!” деген мақтау естігенімде елі есіне түскен жылқыдай аңырдым да қалдым. Адам бір айныса, болмайды екен ғой: 3-ші курстың бас кезінде сары институттың табалдырығынан аттауды мүлдем доғардым.

Кейіннен талай адам айтты: “Ветврач болғаныңда желкең күжірейіп, кекірік атып жүрер едің”, – деп. Он-он бес жылдан кейін бір шаруашылықтың директоры қылып шығаратын мамандықты орта жолда қалдырғаныма өкінгендер де болды. Мен болсам мұндай бейнемді көз алдыма келтіре алмадым: қазанат сияқты қалпы өзгермейтін менің шойжелке болуым мүмкін емес; екіншіден, ешкімді ренжіткісі келмейтін кісі бастық болып жарытпайды.

Айтпақшы, Үкімет мүшесі болған нағашымның: “Ақын бастық бола алмайды”, – деген бейтарап пікірімен ескерту жасағаны да есімде. Сол жылы ма, әлде бертінде ме, әйтеуір, екі жолдан ғана тұратын әзіл-шыны аралас мына ұранды миыма “жазып” қойдым:

“Ақындар жасай берсін,

Дөкейлер асай берсін!”

Өлеңі үшін ғана емес, елі мен жері үшін де түн ұйқысын төрт бөлетін ақынның аз қуанып, көп қиналатын Асан қайғының нақ өзіндей екендігін ол кезде парықтай қойған жоқ едім. Кейіннен ғана көзім жетті ғой: өзі өмір сүрген қоғамнан қайткенде де ілгері тұратын әдебиеттің өкілі болғандықтан, ақын өз заманымен, өз қоғамымен ешқашан сыбайлас бола алмайды екен. Оның бақыты да, қасіреті де осы! Осы ретте Сәбит Мұқановты жерлеу рәсімінде Ғабит Мүсіреповтің айтқаны да ойға оралмай қоймайды: “Көркем сөз суықта да өседі, ыстықта да өседі, күндіз де өседі, түнде де өседі. Тек ақ мамық төсекте өспейді, әлпештеген алақанда өспейді. Сынсыз өспейді, талас-тартыссыз өспейді. Кейде қате, кейде бата тисе де, бұл екеуі әдебиет өсуінің негізгі шарты”.

Зооветті бітіріп, зіркілдеп жүрудің орнына ҚазМУ-дің журфагында жырлап, күңкілдеп жүруді таңдағанымда, міне, осындай гәп бар.

“Мой порядок – мой беспорядок” деген Бауыржан Момышұлының айтқаны шығармашылық адамдарының көбіне қатысты. Менің құрдасым Кеңшілік Мырзабеков университеттегі қысқы сессияға тоғысқан біз отырған аудиторияның есігін ашып: “Бұл қай курс?” – дейтін табалдырықта тұрып. Біз жауап қатқаннан кейін ол: “Мен сендермен бірге оқимын”, – деп сол кеткеннен қарасын көрсетпейтін. Келесі жылы осы көрініс қайталанатын: “Бұл қай курс?” – дейді ол. Жауабымызды естіген соң: “Мен сендермен бірге оқимын”, – деп сол кеткеннен мол кететін марқұм.

Мұқағали Мақатаевты күнде болмағанмен, апта сайын көріп, сәлем беріп өтетінбіз. Тау қопарып келгендей түнеріп, деп-сал болып отыратын оны қанатын қомдаған қырандай екі көзі шырадай жанған кезінде кездестіргенімізде: “Менің сау жүргенімді аналар көрсе, буынып өлер еді”, – деп дүрілдеп тұрған екі ақынның есімдерін атайтын.

Опера театрының қарсысындағы “Кооператор” гастрономының алдында Жақан Смақов та жүретін. Біз оны танып қалып: “Ақ тауық-ау, ақ тауық, Неден болдың қақсауық”, – деп өзінің өлеңін айтқанымызда, құйған шарабымыз сияқты қып-қызыл болып кеткен еді.

Алматыда кімді көрмедік біз: “Народный артистен бір вино ішіңдер”, – деген Әнуарбек Байжанбаевты да, “Айнам-ау”, – деп алдыңнан шыға келетін ағайынды Абдуллиндердің сыңарын да, тағы басқаларын да. Бір-екі рет көзіме түскен Оспанхан марқұмға да состия қарағаным есімде: басына – бөрік, үстіне қымбат пальто киген оның тайып құлағаны жамбас тұсына жабысқан балшықтан-ақ білініп қалды, қырылдап сөйлеген өзінің буындары босаңқырап тұрды. “Мен қалай бастық болдым?” деген әңгімесімен-ақ әжуа қылған билік аяғы жерді басып тұрғанымен, көңілі көкті кезіп жүретін шығармашылықтың шайқыларына, әрине, қол емес.

Мен көрген әйгілі қаламгерлердің ішінде шығармашылығына билік бөгет жасай алмағандар екеу болса, солардың бірі Сәбит Мұқанов еді. “Етке тойған күні бір баспа табақты жазып тастаймын”, – деген Сәбеңнің үйіп-төгіп жазған ең соңғы қолжазбасын – “Қазақ қауымын” мұражайынан көрген болатынмын. Ал Жазушылар одағын екі рет басқарған, одан кейін Азия-Африка жазушыларын қолдаудан қолы тимеген Ғабит Мүсірепов жыпырлаған көп қарандаштарын ұстаудан қалғандай болды: “Қыз Жібек” фильмінің сценарийіне дейін талай жыл тым-тырыс жүрді. Өзі болса “Күнделіктерінде” былай баяндаған болатын: “37-нші жылы Шаяқметов пен Әбдіхалықов саяси бір ұтыс жасау үшін мені партиядан шығартты, орнымнан алды, қоғамдық жұмыстан ажыратты. Мен арман етіп жүрген еңбектерімді жазып алдым. Бұдан бұрын талай бастаған нәрселерім қол тимегендіктен, аяқталмай қала беріп келіп еді. Екі ақымақтың ақымақтығы маған пайда болып шықты емес пе?!”

Ал қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы ғана емес, алдымен Алаш арыстарының өкілі болып табылатын Мұхтар Әуезов ше? Алаш аспанында азаттық туын желбірету үшін күрес жүргізген Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов бастаған арыстар келмеске кетіп бара жатқандарына көздері жеткен соң ең жасы болып табылған Мұхаңды тірі куәгер ретінде аман қалдыруға әрекет жасайды. “Біз із-түзсіз кетпес үшін біреуіміз аман қалып, елдің азаттығы үшін алысқанымызды кейінгі ұрпаққа жеткізу керек. Сондықтан бәрін де амалсыздан мойындап, сен аман қал, Мұхтар!” – депті олар. Оның райынан қайтқанына өле-өлгенінше сенбегендер қудалауын қоймай, басшылық қызметті бұйыртпады. Толысқан топ – Алаш арыстарының жалғыз өкіліне жазудан басқа жол қалмағаны қандай ғанибет: ол “Абай жолын” жазып, айдай әлемге танылды.

Шығармашылық мылтықсыз майдандағы ерлікке тең, ал ерлік құрбандықты талап ететіндігін қаламгерлердің бәрі білген шығар-ау! Шығармашылықты ғұмырының мәніне балайтын, одан асып түсетін ләззатты білмейтін олар қоғамның дамуына қаламымен ғана үлес қосқанды қалайды. Сұм тірлікті түзетемін деп билікке ұмтыла қоймаудың себебі екеу сияқты: біріншіден, оларға қамшы емес, қалам қол, екіншіден, түзетудің орнына туралату ғана қолдан келеді. Әңгімемізді қадым заманнан бастайтын болсақ, қан сасығын хан сарайларының жел жағынан ғана жүрген некен-саяқ шайырларды әдебиет тарихынан білеміз. Мәселен, Гераттың сұлтаны талай шақырғанда бармаған, ол ұсынған мансаптан бас тартқан Жәми де, әмірлердің талай шақыртуын қабыл алмаған Хафиз де Шығыс поэзиясының қос жұлдызы ретінде жарқырап өтті.

Рас, пендешілігі басым түскендер де болды: тамағы тоқ, көйлегі көк болуы үшін, уайымы жоқ болуы үшін сарайдың сайқал тірлігінен бас тартпағандар табылды. Бірақ, солардың бірі – Әлішер Науаи:

Қай заманда сарайда бақыт тапқан қай кісі?

Шаттығынан ол жердің басымырақ қайғысы, – деп жырлады. Өйткені, бас уәзір болған, әмір деген атақ та алған әйгілі ақын сарай толы өсек-аяңға, аярлыққа шыдай алмай, бәрін де тастап кетіп қалады… Ал хан сарайында бас ақын болған Рудакидің тағдыры тіптен аянышты: ханға жақпай қалған оның екі көзін ағызып, өзін қуып жібереді…

Әріден тарта бермей, беріден – кеңестік кезеңнен қозғайтын болсақ, КСРО әдебиетшілерінің атасы болған Горькийден бастайық. Билік оны өзіне тарту үшін бәрін де үйіп-төкті: қалаға да, театрға да, көшелерге де оның есімін берді, бұлар аз болғандай, үлкен үй, одан кейін саябағына қоса тұтас бір зәулім сарай оныкі болды. Соған қарамастан, билік оның ауызын ала алмады: тарлан жазушы қылдан таймайтын қалпында қала берді. Бір кезде: “Егер жау берілмесе, оны құртар болар”, – деп айтқан қанатты сөзі алдына келді: билік өзіне ажал құштырды.

“Новый мир” журналын басқарған Александр Твардовскийдің әбес қылықтарын естігенім, оқығаным әлі ұмытыла қойған жоқ. Кез келген төралқада отырғанында бұрқыратып шылым шеккен одан басқа кім бар?! Және де мұнысы білместік емес, әдейі істеуі! Мен білсем, бұл оның билікке іштей қарсылығы болатын.

Шіркін, өзі де, сөзі де зор Жұбан Молдағалиев қандай еді?! “Мен – қазақпын!” поэмасын жазған оның көзсіз ерлігі “Василий Теркин о дүниеде” поэмасын жазған Твардовскийден асып түспесе, кем емес. Қан майданда да, жай майданда да ештеңеден тайсалмаған оның Колбиннің көзінше Желтоқсан оқиғасы туралы ақиқатты бірінші болып айтқаны, әттең, өзіне оқ болып тиді: сап-сау ақын аяқ астынан ажалын тапты…

Сөз соңын Қадыр Мырза Әлидің өлеңінен бұрын өмірін өнеге тұтумен түйіндейін: Мемлекеттік сыйлық та, жастар сыйлығы да – мүмкін болғанның бәрі өзіне бұйырған ол: “Билік қуып кеткенімде қазіргі тындырғандарымның жартысын да, тіпті, ширегін де тындырып үлгермейтін едім”, – деп жазған болатын.

Сәби сияқты түнгі ұйқыңды төрт бөлетін өлең, шіркін, қарынын емес, дарынын күйттейтін кісінің ғана бақ құсындай басына қонатынын баяғыда-ақ білгізген Алла бізге жар болсын! Сондықтан бәз-баяғы ұраным өзгерген жоқ:

“Ақындар жасай берсін!

Дөкейлер асай берсін!”

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp