Жыл басынан бері өңірімізде орын алған 158 өрт 15 адамның өмірін жалмап кетті. Олардың 2-еуі – балалар. Тілсіз жаудан келген шығын мөлшері 13 миллион теңгені құраған. Бұл – көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 31,6 пайызға артық.
Өткен аптада орын алған 10 өрттің 5-еуі пештен шыққан. Мәселен, Тимирязев ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде жанып жатқан пештің сылағы қопарылып түсіп, пайда болған жарықтан еденге шоқ түскен. Тілсіз жаудан үйдің біраз жеріне зақым келді.
Есіл ауданындағы Явленка ауылының бір тұрғыны пешін дұрыс салмай, соның кесірінен от шыққан. Мұндай жайттар Тайынша қаласы мен облыс орталығында да орын алды.
Ал Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылының бір тұрғыны күлді қора-қопсысының маңына төгіп, содан шыққан өрт салдарынан қысқа дайындаған отыны мен құрылысматериалдары жанып кетті.
Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Урожайное ауылында баланың тентектігінен екі пәтерлі тұрғын үй күйіп кетті. Анықталғандай, бұл кезде ерлі-зайыптылар мен олардың алты баласы үйде болған. Ең кіші 3 жастағы ер бала жалғыз қалғанында қолына сіріңке алған. Алғашында сәби қағаз жаққан, кейін от киім мен мүлікке жайылған. Үйдегілер өрт болып жатқанын кеш біліп, әйтеуір, көршілерімен далаға шығып үлгерген. Тілсіз жау үйді түгелімен жалмап кетті.
Электр сымының қысқа тұйықталуы салдарынан Айыртау ауданындағы Сырымбет ауылында бір үй толығымен күл-қоқысқа айналды. Өрт аумағы 168 шаршы метрді құрады.
Облыс орталығындағы Жуков көшесі бойында “Хонда Одиссей” автокөлігінің қозғалтқышынан өрт шыққан. Анықталғандай, көлік қожайыны капот астына мақталы көрпе салып қойған. Өртсөндірушілер көліктегі өртті 20 минуттың ішінде жойды. Дәл осындай жағдай Жуков көшесінде бұрын да орын алған болатын. Онда “Мерседес” көлігінде киіз көрпеден от шыққан.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.