«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК- ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ өткен жылы ойдағыдай болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалық етуімен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтіп, онда 4 мәселе қаралды. Оның алғашқысы – өткен жылғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы турасында облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Хасенова хабарлама жасады.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өткен жылдың 9 айында жалпы өңірлік өнімнің көлемі 11,3 пайызға артып, 517,2 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ жан басына шаққандағы өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер алдыңғы жылмен салыстырғанда 20,5 пайызға артқан. Соның нәтижесінде облысымыз ел өңірлері арасында жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім мен оның өсім қарқыны бойынша 1-інші және 3-інші орындарға ие болып отыр.

Индустрияландыру картасы бойынша жүзеге асқан 28 жобаның 21-і жоспарлы қуатын игерді. Алайда, өткен жылы Индустрияландыру картасына аудандардан жаңа жоба енгізілген жоқ. Ал Мамлют, Уәлиханов, Шал ақын аудандарында мұндай жоба атымен жоқ.

Айгүл Хасенова биылғы жылдың қаңтар айында атқарылған жұмыстардың нәтижесін өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстыра келіп, жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласында оң өзгерістердің байқалатынын айтты. Өткен жылдың өңірішілік рейтингісінде жақсы көрсеткішке қол жеткізген Шал ақын, Айыртау, Ғ.Мүсірепов атындағы, М.Жұмабаев, Уәлиханов аудандары алғашқы бестікке енсе, әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен аудандарға Тимирязев, Жамбыл, Ақжар, Есіл және Қызылжар аудандары кірген. Облыс әкімі төмен көрсеткішке ие аудан әкімдеріне ескерту жасап, жағдайды жақсартуды талап етті.

Әкімдік отырысында “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасының іске асу барысы да сөз болды. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, былтыр облыстағы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыздан 5 пайызға дейін кеміген. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында бірқатар кемшіліктер мен олқылықтарға да жол беріліпті. Мәселен, құрылысты аяқтау кестесін бұзудың салдарынан өткен жылдың жоспарынан 66,0 миллион теңгенің, сондай-ақ 2011-2012 жылдардың жоспарындағы үй құрылысына арналған 9,0 миллион теңгенің қаражаты игерілмей қалған. Соның салдарынан 57 пәтерлік 42 үйдің құрылысы аяқталмапты.

Жиында көктемгі су тасқынына әзірлік барысы да қаралды. Өңір маусымдық құбылыстарға толық дайын екендігін жеткізген Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Павел Филиппов Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Шарық және Есіл ауданындағы Есіл су торабындағы қауіпсіздік мәселелеріне зор көңіл бөлініп отырғанын айтты.

Әкімдік отырысында өңір жұртшылығын арыз-шағымдары бойынша қабылдау мәселесіне зор көңіл бөлу қажеттілігі де сөз болды. Облыстық әкімдікке түскен 762 жазбаша және ауызша жүгінудің басым көпшілігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты. Біздің өңірге қатысты Президент Әкімшілігінен – 112, Премьер-Министр кеңсесінен 17 өтініш келіп түскен. Кейбір аудандарда тұрғындарды қабылдаудың мүлдем жолға қойылмағанын айтқан өңір басшысы аудан әкімдері мен басқармалар басшыларына бұл мәселеге баса назар аударуды тапсырды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp